КИЕ ҚОНҒАН, ӨНЕР ҚОНҒАН ҚАЗЫҒҰРТ

Дүйсенбі, 19 Маусым 2017 09:26 Жарияланды Әлеумет Оқылды 1482 рет

«Туған жер – алтын бесiгiм» облыстық фестивалiн киелi Қазығұрт ауданының өнерпаздары жалғастырды. Iс-шаралар облыс орталығындағы әл-Фараби алаңында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесiнен басталды. Тауарлар базар нарқынан әлдеқайда арзан болғандықтан тұтынушылар қазығұрттықтарға дән риза болды.
Осы күнi қазығұрттықтар бiрнеше мәдени iс-шара өткiздi. Атап айтар болсақ, «Оңтүстiк тарихынан сыр» тақырыбында тарихшы-өлкетанушы Момбек Әбдiәкiмұлымен А.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кiтапханада кездесу өттi. Кездеcуде оқырмандар көкейде жүрген сауалдарын қойып, аудан тарихына қанықты. М.Әбдiәкiмұлы әр адам өзiнiң шыққан тегiн, түп-тамырын зердесiне түйiп, санасына сақтап, келешек ұрпағына жеткiзуi парыз екенiне кеңiнен тоқталды, алдағы жоспарларымен бөлiстi.

IMG 1568
Ал, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кiтапханасында Қазығұрт ауданының «Аналар асыл жандар» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы, журналист
Жиенкүл Сәрсенмен «Өмiрiмдi өзгерткен кiтап» атты ток-шоу форматындағы кездесу кешi өттi. Оны Қазығұрт аудандық балалар кiтапханасының меңгерушiсi Айгүл
Тасболтаева жүргiзiп отырды. Басқосуда кiтаптың қоғамдағы орны мен оның насихатталуы әңгiме арқауына айналды. Сондай-ақ, облыстық әзiл-сықақ және сатира театрында қойылған Е.Жолдасовтың «Күйеуiм болыңызшы» комедиясы да көрермендердiң көңiлiнен шықты.
Осы күнгi мазмұнды мәдени iс-шараның бiрi ретiнде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өткен «Балауса» би тобының концертiн айтуға болады.

Кеште сөз алған облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов фестиваль қатысушыларына алғысын бiлдiрдi.
Шымкенттiктер «Наурыз» алаңында қолөнер шеберлерi жасаған бұйымдардың көрмесi мен ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Биыл қазығұрттықтардың фестивальге ерекше дайындықпен келгенi байқалады. Алаңға тiгiлген жетпiске тарта киiз үй мерекенiң көркiн ашты. Сондай-ақ, «Үкiнiң киесi немесе ат қою» рәсiмi шарасы да қонақтардың көңiлiнен шықты.

IMG 1748
– Қазығұрт – қасиеттi мекен. Бүгiн сол киелi жерден облыс орталығына ат басын бұрып отырмыз. Елбасының сарабдал саясатының арқасында елiмiз тыныш, жұртымыз аман, жерiмiз бай. Өткiзiлiп отырған фестивальдiң басты мақсаты – Президенттiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысу, Оңтүстiк Қазақстан облысының 85 жылдығына, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесiне және Түркiстан қаласының Түркi әлемiнiң мәдени астанасы атануына орай аудан, қалалардың жетiстiктерiн насихаттау. Туған жердiң тарихын бiлiп, құрметтеп, қастерлеп жүру – баршамызға парыз, – дедi Қазығұрт ауданының әкiмi Төлеген Телғараев.

IMG 1078
Бiр сөзбен айтқанда, қазығұрттықтар фестиваль көркiн қыздырды. Олар көрермен қауымға мәндi де мазмұнды дүниелер ұсына бiлдi. Айталық, «Қазығұрт» халық театры бесiктiң құдiретiн, ана мен бала арасындағы махаббатты сахналық қойылым арқылы әдемi көрсете бiлсе, күмiс көмей, жез таңдай әншiлер мерекелiк концертте әннен шашу шашты.

А.ПАЙЫСХАН.