ҮЛКЕН ҚЫРЫҚ ҚЫЗ ЖӘНЕ ҚЫДЫР АТА ТУРАЛЫ

Дүйсенбі, 14 Тамыз 2017 09:53 Жарияланды Әлеумет Оқылды 5539 рет

Қаңлының Қаспан деген атасынан – Садақ, Дәуетей және Бәйдек деген үш бала дүниеге келіпті. Үлкені Садақтың жорыққа шыққанда және аң аулағанда мінетін бір айрықша жүйрік аты болыпты. Ол атты інісі Дәуетей күтіп-баптайды екен.

55


Ең кенжесі Бәйдек кедейшіліктен көз ашпаған көрінеді.
Әуелде бұл кісілер сонау Алматы (бұрынғы Талдықорған) облысының Іле ауданында жасапты. Бірде сол арада Бәйдек баба түс көріпті. Түсінде оның кіші дәреті аппақ болып көпіріпті деседі. Бұл – бабамыздың үрім ұрпағының көп болып өсіп-өнетіні жөніндегі Алланың аяны екен. Ол өзінің түсін кіші ағасы Дәуетейге айтып жорытыпты. Дәуетей оны жорып қарапты да, бауырына ешнәрсе де айтпай, оның аңғалдығын пайдаланып: «Түсіңді бізге сатқын. Біз саған атты береміз. Бұл – сондай керемет киелі ат, оны алғаннан кейін кедейшіліктен құтылып, дәулетті болып шыға келесің», – депті. Сөйтіп, Бәйдек баба Алланың берген аянын мақтауы келіскен атқа айырбастап сатып жіберіпті.
Бір күні аттың иесі Садақ інісі Дәуетейге: «Атты әкел, аңға шығып келейін», – депті. Ол: «Атты Бәйдектің түсіне сатып жібердім», – деп бар мән-жайды баяндап беріпті. Сонда Садақ: «Бәйдек ендігі жерде бай болатын шығар, оған ұрық (ұрпақ) та бітуі ықтимал. Бірақ барлығының да түбі баянсыз болады. Ол ақырында аз ғана ұрпақпен қалатын болыпты. Өйткені, сатқан түсімен бірге ұрығы бізге кетіп қалыпты. Енді ол жүзге жетер-ау, күзге жетпес, түбінде көбеймес», – депті.
Ағасы Садақтың айтқаны – әулиенің сәуегейлігіндей тура келіпті. Әуелде расымен-ақ Бәйдекке дәулет бітіп, соның арқасында бірнеше әйел алып, 40 ұл баласы және 40 қызы жарық дүние есігін ашыпты.
Оларға шығыс жақтан жау қалмақтар келіп, еш тыныштық бермепті. Жаудың қаруы – найза, қылыш және ұзын істік болыпты. Олар атуды мүлдем білмейді екен. Ал бабаларымыз садақпен қаруланыпты. Сонда олар қалмақтарды өздеріне жақындатпай, алыстан садақпен атып, көпшілігін жайратып салыпты. Топалаң тиген қойдай қырылып, қалған-құтқаны еліне жөңкіліпті.
Бабаларымыз: «Бізге қалмақтар өшігіп алды, енді тыныштық бермейді. Олар тағы да келеді», – деп осы күнгі Оңтүстік өңіріндегі Түлкібас ауданының бір таулы жеріне көшіп келіпті. Шынында да қалмақтар олардың артынан жетіп, тағы да тарпа бас салыпты. Бұл арада бұрынғыдан да үлкен ұрыс болыпты. Таудың тастарын паналап, қорған етіп алған бабаларымыз бірде-бір адамын шығын етпеген екен. Ал жау қалмақтар олардың садақпен қай жерден атып жатқанын ажырата алмай, әлек болыпты. Сөйтіп, жау тағы да көп шығынға ұшырап, естерін жия алмай дал-далы шығып, тірі қалғандары еліне кері қайтып кетіпті.
Содан Бәйдек баба қасиетті Қазығұрт тауы өңіріндегі Тұрбат елді мекенінің маңайына келіп қоныс теуіпті. Мұғал (Мұңал деп те айтады) деген баласы бұл арада егін егумен айналысып, арық қазып шығарыпты. Қазіргі уақытта осы арада Мұғалсай, Мұғалжар, Мұғалтоған, Мұғаларық, Мұғалошақ деген жерлер бар. Бұл атаулар сондай тарихи дәуір тұсынан сақталып, кейінгі ұрпақ бізге жетіп отыр.
Бір күні Бәйдек бабаның алдынан есекке мінген ақ сақалды қарт кісі өтіпті. Ол:
– Әй, Бәйдек, сен мұнда отырма, дереу қыстауың мен егініңді тастап бұл жерден көшіп кеткін. Жау қалмақтар тұс-тұсыңнан ентелеп келе жатыр. Тіпті жақын қалды. Кергіп кеткенің, құтыруың жаман, көшпесең түбінде опық жеп қаласың-ау. Бір-ақ рет айтып ескертемін, өміріңнің соңы опынумен өтпесін, тез көшкін, – депті. Төрт тарабына қараса, ешқандай жаудың белгісі жоқ. Сонда Бәйдек:
– Мен ешқайда көшпеймін, жауды осы арада күтіп аламын. Қырық балам садақты атып тұрады. Қырық қызым оғын жонып тұрады. Кім біледі, бәлкім қалмақтардың өз бастарына зауал орнатармын-ау, – деп жауап беріпті.
– Ой, әттеген-ай, асық айттың-ау, – деген шал сол жерде лезде көзден ғайып болып кетіпті. Сонда ғана Бәйдек оның Қызыр ғалейһи салам екенін біліп қалыпты. Бірден есін жинап, ақылға келіпті. Алайда ештеңеге де үлгірмепті. Жау қалмақтар тұс-тұсынан шығып, бұларға атой салып қоя беріпті.
Түйелерге теңделген жүктері мен бесіктерін, бар мүліктерін артып, осы күнгі Мұғалсайдан Қосмолаға қарай бағыт алып, Бәйдек баба мен 39 баласы ұрыс жасапты. Қосмола мен Тәңіртаудың (Оңтүстік Алатаудың) сілемі болып саналатын Өгем жоталарының арасындағы Қарақозы жазығында қалмақтарға әжептеуір тойтарыс беріпті. Ал түйелерді жетелеген қырық қыз жота-жотамен жоғары көтеріліп кетіпті. Бұл уақытта қалмақтар бұрынғыдай емес, садақты қолдануды үйреніп алыпты. Осы жолы олар басымдық жасап, жазықтан жоғары өрлеген сайын қазақтардың қатарын селдіретіп, ер кісілердің барлығын да жойыпты. Сөйтіп, ақырында жау қалмақтар қырық қызды қоршап алыпты.
Қырық қыз тығырыққа тірелгенде, олардың жанына әлгі Қызыр ғалейһи салам келіпті. Ол қыздардың ең үлкенімен сұхбат жасап: «Жауға тұтқын болғаннан басқа амалдарың жоқ екенін біліп, сендерге келдім. Қандай тілектерің бар, оны Аллаға жеткізуге және оны қабыл етуге жәрдем берейін», – депті. Сонда қырық қыздың тілегі бір жерден шығып, барлығы да шын ниетпен: «Ғайыри (исламнан басқа) діндегі жаудың қолына түсіп, ар-намысымыз тапталғанша, Алла бізді тасқа айналдырса екен дейміз, бар тілегіміз осы», – деген көрінеді.
Қызыр ғалейһи саламның (Қыдыр Атаның) тілегі қабыл екен. Оның жеткізуімен, Алланың шын ниетпен айтылған тілекті қабыл етуімен Бәйдек бабаның қыздары түйелерімен, бесіктерімен, бар мүліктерімен, теңделген жүктерімен, үстілеріне киген әсем де сәнді киімдерімен, камзолдарымен, бас-тарына киген сәукелелерімен, құлақтарына таққан сырғаларымен, арқаларындағы ұзын, сылдыр қаққан шашбауларымен сол күйінде тасқа айналып, қатып қалыпты.
Бәйдектің қырық баласының біреуі малшы болыпты. Ол тауды жайлап отырады екен. Елден тауға ешқандай хабар болмаған соң, ол төмен түсіп келсе, барлығы да ойпаң-тойпаң болып жатқанын, бауырларының бірі де қалмай тас болып қатып қалғанын көріпті. Жау қалмақтың осы маңда төңіректеп жүрген бар тұқымын жойып, кек қайтарыпты.
Осылайша Қаңлының Қаспанында Бәйдек бабаның 39 баласы өмірден өтіп, соңында тек бір баладан ғана ұрпақ қалыпты. Бұрынғы Садақ бабаның айтқаны тура келіп, жалғыз баладан өрбіген ұрпақтың өсіп-өнуі де нашарлап, әлі күнге дейін түтін саны дұрыс көбейе алмай келеді екен.
(Айтушысы: Ергеш Бапаұлы. Жазып алушысы: Құралбек Ергөбеков).
КІШІ ҚЫРЫҚ ҚЫЗ ЖАЙЛЫ ХИКАЯТ
Қазіргі Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауыл округіне қарасты Аққұм елді мекенінде жоғарыдан төменге қарай тынбай ағып жатқан су бар. Осы судың шарапаты болса керек, ілгеріде бұл төңіректің барлығы да қалың бау болған екен. Сол бауға байланысты бұрынғы уақытта бұл жер – Қарабау деп аталыпты. Сол кездерде әлгі судың да аты – Қарабау (осы күнгі Қырық қыз суы) болыпты. Бұл су қазіргі Аққұм ауылының етегіндегі Қарабастауға барады. Одан әрі қарай төмен құлдилаған жолда сол жердің саздылығына байланысты ол суға оншалықты таза емес бұлақтар қосылып, төменгі жақ ағысында өзен суының дәмі ащы болып кететін көрінеді. Соған байланысты қазіргі тұқым шаруашылығымен айналысып отырған семхоз (семенное хозяйство) Қарабауымыз – ілгеріде Ащықарабау атанып келген екен.
Кешегі кеңес дәуірінде, яғни ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының ішінде бұл жердің ежелден келе жатқан Қарабау аты мүлдем ұмытылыпты. Оның орнына осы арада «Қызыл Октябрь» колхозы құрылыпты.
Сонау ғасырлар қойнауындағы осы арада болып өткен тарихи оқиғаларға куә болып, ежелден келе жатқан Қарабау өзенінің суы – сонау жоғарыдан бастау алады. Ол батыс тарапындағы Ботақара, шығыс жағындағы Көлбастау, сондай-ақ сол маңайдағы Бүркітұя және оның арғы жағындағы Қызылшатыр бар, сондағы барлық сай-салалардан шыққан бұлақтардың қосынды жиынтығынан құралады. Нақ осы жиналған бұлақ сулары құлдилай келіп, 150 метр жоғары биіктіктен сарқырама болып төмен құлайды.
Сарқыраманың оң жақ қабатында Қырық қыз ескерткіш тас мүсіндері көзге шалынады. Оның өзіндік ескі тарихы тақылеттес ел арасында сан түрлі таралып айтылатын аңыз әңгімелері бар. Оның барлығы ілгеріден бізге жетіп келген.
Бұрынғы уақытта осы маңайда Қырық қыз және олардың құрмет ететін бір басшысы өмір сүрген көрінеді. Аңыз әңгімеде сол басшысының есімі аталмайды. Сол қыздардың бір мезгіл табиғатты тамашалайтын, өздерінше дем алатын уақыты болады екен. Сөйтіп, өз басшысына еріп жүрген Қырық қыз Қарабау суының сарқырамасын тамашалауға барып, сол арада барлығы да суға түсейін деп ыңғайланып киімдерін шешіпті. Суды тамашалап, енді оған шомылып жатқанда, арғы беттен дүркіреген бір зұлым жау келіпті.
Қыздар өре шулап, судан шыққан бойында киінулеріне де мұршалары болмай, жоғары көтерілсе, жау жан-жағынан қоршап алыпты. Содан олар Аллаға мінәжат қылып, Жаратқаннан шын ниетімен жалбарынып сұрапты:
– Е-е, Алла Тағала, еліміз бен жерімізді жауға таптата көрме, бізді масқара қылма. Мынау келген зұлым жауды да, бізді де мәңгі тас қыла гөр! Бар тілегіміз осы, – депті. Құдайдың құдіретімен қыздардың тілектері қабыл болып, олар топтанған бойымен, жалаңаш қып-қызыл денесімен тас болып қатып, тұрып қалыпты. Ал алдыңғы беттен қарсы келген, арқасынан қоршаған зұлым жау да қап-қара тасқа айналыпты. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Қазіргі Қазығұрт ауданы – ертеректе Қаратас ауданы болған. Бұл – ол Қаратас емес.
Содан уақыт өте келе бұрынғы Қарабау өзені – Қырық қыз болып аталып кетіпті.
(Айтушысы: Әсілхан Ыбырайұлы. Жазып алушысы: Құралбек Ергөбеков).
ҚЫРЫҚ ҚЫЗ ӘПСАНАЛАРЫ
Қырық қыз һақында айтылатын хикаяттардың, яғни аңыз әңгімелердің сұлбасы – олардың болған уақытын, ескі тарихын тым әріге сілтейді. Біреулер сондай ел мен қыз тағдыры сынға түскен оқиға желілерін – сонау моңғол шапқыншылығының уақытында болған дегенге саяды. Ал өзге біреулер мұны бертінгеректегі Әмір Темірдің кезіне тура келеді дейді. Қайсыбір кезең болса да әйтеуір жаугершілік заман екен.
Негізінде Қырық қыз жайлы аңыздың арқау еткен оқиғасы – екі түрлі нұсқада айтылады. Алғашқы әңгіме нұсқасында былай дейді:
Осы Қазығұрт өңіріндегі бір елде ханның ай десе ауызы бар, күн десе көзі бар, жұрттан асқан өте сұлу қыз болыпты. Оны көрші елдің бір ақылды да парасатты, сымбатты да көрікті жігіті кездестіріп қалып, екеуі бір-бірін ұнатысқан көрінеді. Бір күні жігіт жанына өзінің сенімді серіктерін ертіп, қызды айттыруға келе жатыпты. Сонда оның хабарын естіген қалыңдық жасана киініп алып, өзінің ерекше жүйрік желмая түйесіне мініп, жанына қырық нөкер қызын ертіп, күйеуді тамаша сән-салтанатпен қарсы алайын деп серуен құрып, жолын тоса қыдырып жүрген екен. Кенет тұтқиылдан жау келіп қалып, лезде қырық қызды жан-жағынан қоршап алыпты. Содан олар өздеріне келер ешқандай көмектің жоғын байқап, амалсыздан жаратушы иеге: «Е-е, Алла Тағала, біз ғайыри (исламнан басқа) діндегі жауға тұтқынға түсіп, мазаққа айналып, арымыз тапталып, масқара болғанымызша, ел атына дақ түсіріп, кір келтіргенімізше, мәңгіге тасқа айналып кеткеніміз жақсы, осы тілегімізді қабыл ете гөр», – деп жалбарыныпты. Құдай Тағала табан астында олардың тілегін қабыл етіпті. Сөйтіп, Қырық қыздың бірі де қалмай, барлығы да тасқа айналып кетіпті.
Сол мезетте әлгі қалыңдығы ынтыға күткен күйеу жігіт те оларға таяу жерге келіп қалған екен. Ол көз алдында болған, Қырық қыздың құрысып тасқа айналған бар оқиғасына куә болып: «Е-е, Алла Тағала, мәңгі өмірлік серігім болар деп үміттеніп келген қалыңдығымды әп-сәтте тасқа айналдырдың. Одан менің жаным артық па? Мені де тасқа айналдыра гөр», – деп тілепті. Жігіт жанындағы серіктерінің де сүйген қыздары әлгі қырық нөкер қыздың арасында болып, олардың да үміт жіптері үзіліп, осы айтылған тілекті қайталапты. Содан күйеу жігіт Қырық қызға жақын жердегі жырадан оларға қарап, ұзын мойнын созған күйіндегі өте еңселі қалпында, ал жанындағы серіктері жапырайып отырып-отырып қалған күйінде тас болып қатып қалыпты.
Бұл күнде сонау Оңтүстік Алатаудың сілемдері болып табылатын шатқал таудың қойнауындағы Өгем өзені мен Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауыл округіне қарасты сол өзенмен аттас елді мекеннен тоғыз шақырым жоғарыдағы жоталардың биігінде Қырық қыз тас мүсіндері тізіле көрініп, хан қызының әлгі желмая түйесі де тасқа айналған күйінде ап-анық көзге шалынады. Оларға таяу жерде жеке еңселі болып Күйеу тас мүсіні мен оның жапырайған серіктері де көрініп тұр.
Екінші әңгіме нұсқасында былай дейді:
Бірде жау тосыннан келіп, елдегі ер азаматтардың бірін де қалдырмай, барлығын да қырып, жайратып салыпты. Содан кейін ел арасынан бір батыр қыз (есімі белгісіз) шығып, жанына қырық қызды топтап, оларды ұрыс тәсілдеріне баулып, ұйымдастырған екен. Уақыт сағаты жеткенде, қырық қыз елін бағынышты еткен жауға атой салып қарсы шығып, олардың жүректерін шайлықтырып, өте қатты састырыпты. Алғашқы шайқаста-ақ ержүрек қыздар жауларын сәтсіздікке ұшыратып, жеңіс туын көтеріп қайтыпты.
Алайда жау арқасындағы өз еліне хабар беріп, үлкен көмек алған көрінеді. Содан жаудың самалы оңынан тұрып, олар тұтқиылдан келіп, қырық қызды бірден қоршап алыпты. Олардың қолына тұтқын ретінде ғана түсетін болып, басқа еш амалдары қалмаған соң, қырық қыз жаратушы иеге былайша жалбарыныпты: «Е-е, Құдай Тағала, бізді тірі қалдырып, жауға мазақ етіп, ар-намысымызды таптата көрме. Тілегімізді қабыл етіп, бізді де, жауды да мәңгіге тасқа айналдыра гөр», – депті. Содан қырық қыз шоқы-шоқы болып, еңселі тастарға, ал жау жағы майда-майда малта тастарға айналып, сол күйінде қатып қалған екен.
Қалай болғанда да Қырық қыз оқиғасынан соң халқымызда: «Құдай Тағала қыздың тілегін береді», «Қыз тілегі қабыл» деген ұғымдар пайда болыпты деседі.