ТӨЛ МЕРЕКЕЛЕРІН АТАП ӨТТІ

Дүйсенбі, 14 Тамыз 2017 09:58 Жарияланды Әлеумет Оқылды 5233 рет

Тамыздың бірінші жексенбісіне тура келетін Көлік қызметкерлері күні – жүргізуші, жолшы, ұшқыш, машинист, вагон қараушы және басқа да өзінің өмірін осы саламен байланыстырған жандардың мерейлі мерекесі. Ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының маңызы зор. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген «Әбді-Ернұр» ЖШС-нің үлгілі, озат еңбегімен ерекшеленген қызметкерлері төл мерекелерінде марапат төрінен көрінді.


Серіктестік директоры Әбдәзім Атымтаев биылғы жеткен жетістіктерді қорытындылап, құттықтау рәсіміне ауысты. Ол: «Жолаушыларды тасымалдау саласында сіздермен 30 жылдан астам уақыттан бері иық тірестіріп бірге қызмет етіп келемін. Осыншама уақыт ішінде серіктестік атына тек жылы сөздер айтылып, елдің алғысын алудамыз. Сондықтан мен әр уақытта әріптестеріммен мақтанамын», – деді. Көп жылғы ерен еңбегі үшін ҚР Инвестиция және даму министрлігінің «Үздік автокөлікші» төс белгісімен жүргізуші Райымбек Имадуллаев, министрліктің «Құрмет грамотасымен» жүргізуші Өмірсерік Байысбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Мақтау қағазымен» жүргізуші Ерлан Тілеуов, Оңтүстік Қазақстан аймақтық жолаушылар тасымалдау қауымдастығының «Алғыс хатымен» жүргізушілер Омар Бегімбетов және Әбдіқаһар Қиянтаев, Қазығұрт ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» жүргізушілер бригадирі Бердіқұл Оспанов, механик Жұмабек Пірназаров және жүргізуші Мұрат Әліқұлов, Қазығұрт ауданы мәслихатының «Алғыс хатымен» жүргізушілер Алтынбек Мырзарайымов және Мүсірәлі Қалыбеков, серіктестіктің «Мақтау қағазымен» жол қауіпсіздігі инженері Еркін Төлебаев пен жүргізуші Әбдірайым Шалабаев марапатталды.
Серіктестікте он бес жылдай қатардағы жүргізуші, механик, жүргізушілер бригадирі болып қызмет атқарған Жұмабек Пірназаровтың зейнетке шығуына орай, иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Еңбек ету бар да, оның бағалануы кімге болса да бір мәртебе. Әсіресе, біздің серіктестік жүргізушілеріміздің жұмысы қызығынан гөрі ауырлығы өте басым. Сондай қиыншылыққа төзімділік, шыдамдылық таныту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шілденің шіліңгір ыстық аптабына, қыстың көзі қыраудағы суық пен аяздарға шыдап, жолаушыларды баратын жеріне дер кезінде, өз уақытында аман-есен жеткізіп, ел-жұрттың көңілінен шығу – ер деген азаматтың ғана қолынан келеді. Міне, осындай халыққа қызметіміз бізге тек абырой әкеле берсін деп тілейміз.

Ордабек ТОЛЫБАЕВ,
«Әбді-Ернұр» ЖШС-інің бас инженері.