Қайырымдылық – жақсы қасиет

Дүйсенбі, 28 Тамыз 2017 10:06 Жарияланды Әлеумет Оқылды 5007 рет

Өскелең ұрпақтың қайырымдылық жасауға деген ұмтылысы көңіл қуантады. Қазақ қоғамы өзгеге қарайласып, нанын бөлісіп, қол ұшын созып жатса, имандылықтың патшалық құрғаны! Ал, мейірім жастарымыздың бойынан табылып жатса, марқайып-ақ қаласың. Осы мұрат жолында ауданымыздағы «Жалында жастар» қоғамдық бірлестігінің (төрағасы Сардор Исманов) ұйымдастыруымен ерекше акция өтті. Ұлттық мүддені қорғап, жастармен игі жұмыстарды атқаруды мақсат еткен бұл бірлестік осы жолы ауданымыздағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың жағдайына көңіл бөлуді ұйғарыпты. Қайырымдылық іс-шарасында бірлестік 25 балаға оқу құралдары мен сөмке берді. Тұрмыс тауқыметіне қарамастан жақсы оқыған 8 оқушыға компьютер тарту етілді. Олардың аудан орталығына келіп-кету шығыны да қорға түскен қаржыдан төленді. Ең бастысы, оқушылар шат-шадыман боп, жүректеріне ізгілік нұры құйылды. Бала көңілі аспандаған жомарттық басқосуында «Болашақ» мектеп-гимназиясының әлеуметтік педагогы Елтай Тағайбек, «Молбұлақ» мешітінің имамы Қасымбек Тасбауов жүрекжарды лебіздерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Жиналғандардың ішінде риза болған ата-аналар да жастардың қайырымдылығына сүйсінді. Қоғамдық бірлестік жұмысына белсенді атсалысқан еріктілер де мектеп қабырғасындағы өрімдей ұл-қыздар. Үш тілде еркін сөйлей алатын бұл балғын өспірімдер ізінен еріп келе жатқан аз қамтамасыз етілген сіңілі-інілерінің жағдайына немқұрайды қарай алмапты. Сондай еріктілердің бірі Арайлым Ұшан былай дейді:
– Мен де көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Сыйлықты жақсы көретін әр
бала үшін бұл акция маңызды. Біз мұны көпшіліктің қолдауымен яғни, аудан тұрғындарының қайырымдылық жәшігіне тастаған ақшасына өткізіп отырмыз. «Көп түкірсе – көл» дегені осыдан-ақ белгілі.
Сондай-ақ, ізгі іске жергілікті жеке кәсіпкерлер де атсалысып, демеуші болды.

Н. АЯПТЕГІ.