Аудан әкімі Жомарт Ержанды қабылдады

Жұма, 08 Қырқүйек 2017 09:54 Жарияланды Әлеумет Оқылды 3184 рет

спортБокстан Германияның Гамбург қаласында ұйымдастырылған Әлем чемпионаты аяқталды. 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орын алды. Төрткүл дүниенің кіл мықты боксшылары жиналған додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанған болатын. Оның алтауы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Жомарт Ержан (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) жартылай финалда сүрініп, қола медальды қанағат тұтты. Финалға шыққан боксшылар арасында Қайрат Ералиев чемпион атанды. Ірі халықаралық жарыстарда қола медальды қанағат тұтып келген отандасымыз осы жолы барын салды. Финалда америкалық Дюк Роганды жеңді. Ал Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальмен күптелді. Жалпы командалық есеп бойынша Куба елінің боксшылары алдына жан салмады. Барлығы жеті медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, екеуі – күміс. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Олар 1 алтын, 3 күміс, 2 қолаға ие болды. Ал 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы үштікті түйіндеді. Осынау байрақты бәсекеде 49 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде еншілеген жерлесіміз Жомарт Ержанды аудан әкімі Төлеген Телғараев арнайы қабылдап, 300000 теңгенің сертификатын табыстады. Аудан спортына өлшеусіз үлес қосып, еліміздің абыройын аспандатқан спортшымызға иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

А. Әлімқұл