Білім беру – жаңа мазмұнда, жаңа көзқараста болуы тиіс

Жұма, 08 Қырқүйек 2017 09:55 Жарияланды Әлеумет Оқылды 3215 рет

Аудандық мәдениет сарайында ине шаншар орын жоқ. Елдімекендердегі білім ошақтарынан өкіл болып келген ұлағатты ұстаздардың бүгін айтар ойы, бөлісер пікір-ұсыныстары да жоқ емес. Бар мақсат – аудан көлемінде желкілдеп өсіп келе жатқан саналы ұрпаққа – сапалы білім беру жағын көп болып ойласу, көп болып бір шешімге келу.


Бір сөзбен айтқанда, жыл сайын өтетін ұлағатты ұстаздардың тамыз кеңесін жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өткізу.
Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы М. Тасқұлов баяндама жасады.
Баяндамада атап өткендей, республика көлемінде білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес аудан көлемінде білім беруде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, аудан көлемінде апатты жағдайдағы мектеп саны анағұрлым қысқарған. Әрбір оқушыны интернет ресурстарымен қамту мәселесі шешіліп келеді.
Білім ордаларының материалдық-техникалық базасы жақсара түскен. Ауданда өткен жылдары 12 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, тек биылдың өзінде 5 мектеп ел игілігіне беріліп, 6 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Оқу кабинеттерін заманауи жабдықтармен жабдықтау ойдағыдай жүргізілуде.
Жыл сайын мұғалімдердің біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлінген. 3 айлық, 6 айлық курстарда оқып, білімін шыңдаған ұстаздар қатары артып келеді. Соның нәтижесінде, аудан көлемінде Ұлттық Бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыс аудандары арасында төртінші орынды иемденіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,1 баллға көтерілгенін айта кеткен жөн.
Баяндаманы талқылауға алғашқылардың бірі болып, «Ащыбұлақ» жалпы орта мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты А.Үйсінбаев сөз алып, ҰБТ қорытындысы бойынша 81 балл болса, осы көрсеткішке «өзі басқарып отырған мектеп ұстаздарының үлесі барлығын, мектеп ҰБТ-де 100,4 балл көрсеткішімен аяқтағанын, мектептің материалдық базасы жыл сайын жаңа оқу жабдықтарымен толығып жатқанын, өзінің Астана қаласында республикалық мұғалімдердің тамыз конференциясына қатысып қайтқанын, сонан алған әсерлерімен бөлісті.
Мұнан соң сөзге шыққан Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары, аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Ж. Қайыпқұлова жастарға, әсіресе, білім беруде ата-ананың рөлі зор екендігін, сондықтан әрбір мектепте ата-аналар комитеті жұмыс істейтіндігін, оларға жүктелер салмақтың ауыр екендігін айта келіп, мектеп басшылары, ұстаздар ата-ана рөлін мейлінше тиімді пайдалануға, оларға арқа сүйеуге шақырды.
Мұнан кейін сөз алған Қ.Сәтпаев атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанат Мырзашова – қала мен ауыл мұғалімдері арасындағы алшақтық, үш тілді оқыту мәселесіндегі әдіс-тәсілдер жөнінде, білім беруде критериалды бағалау жүйесін енгізу, жаңартылған білім беруде оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім алу ортасын құру, оқушыны жеке, жұппен, топта жұмыс жасау жағына ерекше көңіл бөлу жөнінде өз ұсынысын жеткізді.
Аудандық ұстаздардың тамыз қатысып, қорытынды сөз алған аудан әкімі Т.Телғараев өз сөзінде былай деді:
– Білім беру саласында қол жеткен оң өзгерістер де, жеткен жетістіктер де жоқ емес. Оны ешкім алып кетпейді. Ендігі мақсат – жеткен жетістікті місе тұтпай, одан да жоғары жетістікке жету. Ол үшін білім саласы қызметкерлері өз жұмыстарын ширата түсу керек.
Айтқан жөн, аудан мектептері арасында тәртіп өз деңгейінде емес, мектеп басшылары мен мұғалімдер арасында ішкілікке әуес, жүріс-тұрысы, киген киіміне мән бермейтіндер бар екенін жасыруға болмайды.
Ұзақ жылдар білім беру саласында жұмыс істеп, нәтижесі нашар мектеп басшыларымен де қоштасатын уақыт жеткенін ескертті.
Облыстық білім беру басқармасынан арнайы келген өкіл Ж.Шералиева өз сөзін облыс көлемінде білім саласында жүзеге асырылып жатқан оң істерге арнады.
Тамыз кеңесінде бір топ ұстаздар аудан әкімінің, мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ж. БЕКОВ.