Қазығұртта қарқынды бау шаруашылығы дамуда

Сәрсенбі, 20 Қырқүйек 2017 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 1308 рет

Қазығұрт ауданы бау-бақша шаруашылығымен өңірімізге ғана емес, басқа облыстарға да жақсы танымал. Сондықтан, біздің өнімдер қашан да үлкен сұранысқа ие болып отыр.

ссс


Аудан бойынша биыл да қарқынды бау көлемін 115 гектарға ұлғайту межеленген. Бау егуді қолға алған «Бірлік» АШӨК» өндірістік кооперативінде 86 гектар суармалы жері бар. 2016-жылы соның 70 гектарына 200 мың түп алма көшеті отырғызылған. Италияның құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған бау 3 жылдан соң гектарына 50-60 тоннадай өнім беруге қауқарлы. Мұнда қазір алманың «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени», «Смит» секілді түрлері түйіндеп тұр. Жемісті баудың жалпы инвестициялық құны – 1,2 млрд. теңге. Жобаға жұмсалған қаржының 1 млрд. теңгесін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржыландырса, 200 млн. теңгесі жеке қаржыларынан болып отыр.
– Қазір мұнда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал, маусымдық кезеңде 100 адам еңбек етеді. Бауымыз өнімді 3 жылдан кейін береді. Сол кезде гектарынан 50-60 тоннаға дейін өнім алынады. Ал, биыл гектарына 5-6 тоннадан өнім алуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта баудың үстiнде тұрған қара тордың да қызметi зор. Бұл жемiс ағаштарын күннен қорғайды. Бау гүлдегеннен кейiн түйнек сала бастағанда торды жабамыз. Бiрiншiден, ол аптап ыстықта көшеттердi күннiң көзiнен сақтайды. Екiншiден, тамшылатып суару технологиясын пайдаланған кезде топырақта ылғал сақтауға да сеп болады. Ол болмаса, күн сәулесi топырақты тез құрғатып, күйдiрiп жiбередi. Үшiншiден, құстар жемiстi шоқып жей алмайды. Төртiншiден, алма бiрыңғай сарғайып немесе қызарып пiседi. Жемiс күнге күймейдi, – дейді «Бірлік» АШӨК» өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Бекжан Қалибеков.
Ағымдағы жылы кооператив жұмысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы танысып, атқарылған іске оң бағасын берген болатын. Қазіргі таңда мұнда 340 гектарға жуық қарқынды бау бар. Баудың монтаждау жұмыстарын «Зирамакс» компаниясы орнатқан. Аталмыш кооператив маман даярлау ісін де қолға алып, агрономдардың білімін Италияда жетілдіріпті. Алдағы уақытта кооператив басшылығы қарқынды бау егемін деген оңтүстік қазақстандық бағбандарға ақыл-кеңес беріп, тәжірибелерімен бөліспек. Бұл өңірдегі қарқынды баулардың санын көбейтеді. Сондай-ақ, экспортқа шығарылатын отандық өнімді ұлғайта түсетін болады. Бау-бақшаның береке бастауы екенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі.

Н.ҚАЛДЫКӨЗОВ,
Қазығұрт аудандық ауыл
шаруашылығы және жер
қатынастары бөлімінің бас маманы.