Әжелер ертегісі – ізгілік көзі

Дүйсенбі, 20 Тамыз 2018 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 731 рет

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ

666

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің негізі – сонау ғасырлар қойнауынан келе жатқан ежелгі салт-дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптарында, ұлттық ойындарында деп білеміз. Расында да, шын мәніндегі ұлттық тәрбиенің бастауын іздесек, оның тым тереңде жатқанына көз жеткіземіз. Сәби құрсақта пайда болған уақыттан бастап, оған арнап халық әуендерін айтып, мәнді де мағыналы сөздермен тәрбиелеуге ден қойсақ, ал, жарық дүниеге келген соң оны арманын асқақ ететін, биікке жетелейтін бесік жырымен уата білсек, сөз жоқ, бала халық қазынасына сусындап, өте дұрыс қалыптасып өседі. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...», – деген екен.

Бұрынғы әжелеріміз қандай еді, олар балғындардың бойына ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты сіңіруді өз мойындарына алатын. Сол кезде ата-анасы да соларға тапсыруды жөн көретін. Сонда бала бесік жырын тыңдап, ертегі естіп, ұлттық болмысымызға қарай бейімделіп, ертегідегі жағымды кейіпкердей болуды армандап, бойларында халқымыздың бар құндылығы қалыптасып, дұрыс тәрбие алатын. Ал, қазіргі уақыттағы жағдайда олай деп айтуға келмейді. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті.

Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген ұл-қыз шын мәнінде басқаша болатын, айналасының да көзқарасы оған ерекше еді. Өйткені, ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен жеткіншектің сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасатын. Сондықтан әжелер таптырмас тәрбие мектебі болып қала береді.

Шынында да дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны айрықша. Әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып жүретін кешегі қара домалақтардың тәрбиесі де ұлттық құндылықтарымызға өте жақын келетін. Бүгінгі ата-аналар ше, олардың көбі заман талабы деген сылтаумен еуропалық тәрбиені таңдап отыр. Туған перзентін әжесімен араластырмайтын болды. Кейбір әжелердің де бұған онша құлқы жоқ.

Қазақ – басынан қандай нәубет өтсе де, ауыр заман болса да, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ауылдың бір баласы тәрбиесіздік танытса, туған-туыс, бір рулы ел болып, қала берді бүкіл ауыл болып атсалысқан. Әсіресе, көпті көрген қарт ата мен әженің тәрбиесі үлкен рөл атқарған.

Алайда қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрден ажырап бара жатыр. Қазақтың бесік жырын шетелдің даңғаза әуені алмас­тырса, ертегінің орнын телеарна мен компьютердегі ойындар, түрлі мультфильмдер алмастырды. Ал, әженің орнын техника басты.

Тағы бір айта кететін жайт, немере алдында әже образының дұрыс қалыптасуына оның сырт келбетінің сай болмауы да кедергі. Қазіргі әжелер жиырма жыл бұрынғы әжелерден жас көрінеді, әрі заманауи киім киеді. Тіпті, киім кигеніне қарап, ана мен әжені ажырату қиын болып кетті.

Кейінгі жас өскін жаңа ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие қалыптасқанын қалайтын болсақ, онда тек салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға шындап мойын бұрғанымыз жөн деп ойлаймын. Сонда ғана бала көкірек көзі ашық, бабалар жолына жетік, тәрбиелі, өнегелі болып өсетініне сенімдімін.

Нұрбақыт ДӘРМЕНОВА,

Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебінің кітапханашысы.

Рабат елдімекені.