Халық аманатын арқалаған азамат

Дүйсенбі, 20 Тамыз 2018 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 156 рет

Жалпыға ортақ еңбек қоғамы

 

Биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толып отыр, осындай мерейлі мерекеде ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосып, оның тыныс-тіршілігіне белсенді түрде араласып жүрген елдің азаматтарына, оның ішінде аудандық мәслихат депутаттарына назар аударып, олардың елеулі еңбектерін елге паш етуді жөн көрдік. Жалпы, аудан өмірінде, ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайларының қалыптасуында мәслихат пен жеке депутаттардың ықпалы болғаны анық.

Өзінің еткен еңбегі мен бойындағы ақыл парасатына сенген адам қашан да биік белестерге көтеріліп, асқар таудай алып шыңға шығатыны белгілі. Біз қалам тербегелі отырған Тасай Аманбай Назарқұлұлы Жаңабазар ауылында дүниеге келген, еңбек жолын 1979-жылы «Шанақ» совхозында техника қауіпсіздігі инженері болып бастаған. 1980-2002 жылдар аралығында ауданымыздың «Шанақ», «Коммунизм» совхоздарында комбайн паркінің меңгерушісі, мал шаруашылығы бойынша инженер, шеберхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2002-жылдан кәсіпкерлікпен айналысады, бүгінгі таңда «Назарқұл» шаруа шаруашылығының төрағасы, алтыншы шақырылған Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты.

Аманбай ағамыз «Өз басының қамын ғана күйттеп ғұмыр кешу, тек өзің үшін өмір сүру саналы азаматқа жарасар мінез емес» деп санайтын, депутат болу ауылдастар аманатын арқалау екендігін айрықша ұғынып, сезінген азамат. №2 Жаңабазар сайлау округінен Қазығұрт аудандық мәслихат депутаттығына үміткер болғанда да, кейіннен ел сенім білдіріп сайланғанда да, осы жағын терең ойлап, жауапкершілікті бір сәтке де есінен шығарған емес.

Аманбай Назарқұлұлының сайлауалды тұғырнамасы «Нұр Отан» партиясының мақсаттары мен бағдарламаларына сәйкес жасалған. Депутаттық өкілеттілігін жүзеге асыру барысында осы тұғырнаманы басшылыққа алып, сайлаушыларының мүддесі үшін аянбай еңбек етуде. Қазығұрт аудандық мәслихатының «Экономикалық даму, құрылыс және коммуналдық сала жөніндегі тұрақты комиссиясының» мүшесі, «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының жетекшісі.

Мәслихат депутаты ретінде, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде ауданымыздың қоғамдық, саяси өміріне, мәслихаттың жұмысына белсенді араласып, атқарылып жатқан игі істердің басы-қасынан табылады.  

Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мәслихаттардың құзіретіне сай тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың атқарылуы бойынша есептерді бекіту, аудан әкімінің, тиісті сала басшыларының, ауыл әкімдерінің есептері тыңдалғанда арнайы уақытша комиссия мен тиісті тұрақты комиссия мүшелері жұмыс істейді. Тұрақты комиссия мүшелері мен уақытша комиссия жұмысына тартылған депутаттар, өздеріне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, мәслихатта қабылданған шешімнің тиісті саланың жұмысын жетілдіру және көрсетілетін қызмет сапасын арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталуына атсалысты.

Аманбай Назарқұлұлы аудандық мәслихат депутаты ретінде өзінің жеке қабылдауында жалпы саны 25 адамның өтінішін тыңдап, мүмкіндігінше мәселелерді шешуге атсалысқан. Нақтырақ айтқанда:

Тілектес елдімекенінің тұрғыны Қиянтай Жорабек «Тілектес» жалпы орта мектебіне жаңа ғимарат салу қажеттілігі жайында мәселе көтерді. Бұл мәселе бойынша аудан әкіміне ұсыныс жасалынып, аудан әкімдігі тарапынан зерттеп-зерделей келе, мектеп құрылысына қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Үстіміздегі жылы мектеп құрылысының жобалық сметалық құжаттарына қаржы бөлінді, құжаттары түгелденіп, сараптамадан өткеннен соң, мектептің құрылысы басталады. Сайлаушылармен кездесу барысында көтерілген Үлгілі елді мекенінің ішкі жолдарын жөндеу бойынша аудан әкімі, аудандық құрылыс бөлімінен тиісті мамандар барып, көріп, танысып биыл 20,1 шақырым жолды асфальттауға қаржы қаралды. Тұрғындардың   өтініші бойынша, Қарабау-Жаңабазар тас жолының бойынан саябақ салу мақсатында   80 соттық жер телімінің берілуіне,   «Шалқарби баба» бұлағының суы бүгінгі таңда тарылып кетуіне байланысты оның көзін ашып, бұлаққа күтім жасау қажеттігі туындауына байланысты бұлақтың айналасы қоршалып, ағаш көшеттері егіліп, аббаттандыру жұмыстары жүргізілуіне ықпал етті.

«Депутат – халық пен атқарушы биліктің арасындағы көпір» деген түсінік бар. Сайлау округінде қалыптасқан жағдайды, шешімін таппай отырған мәселелерді аудан әкімімен, тиісті сала басшыларымен талдап, талқылап, олардың қолдауының нәтижесінде сайлау округінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Сайлаушылардың өтініштеріне сәйкес Жаңабазар елдімекені Р.Атымтаев көшесінің 2,1 шақырымын асфальттауға, М.Әуезов атындағы және «Тілектес» жалпы орта мектептерінің жобалық құжаттары мен құрылыс жұмыстарына, Елшібек батыр атындағы жалпы орта мектебінің жылыту қазандығын табиғи газға ауыстыруға, ХХ жылдық елді мекені мен Жаңабазар елді мекенінің арасында 3,5 шақырым аяқжол құрылысына қаржы бөлінді. Сонымен қатар, Бейнеткеш, Үлгілі елдімекендерінде Ұясу, Суықбұлақ өзендеріне көпір салу мәселесі бойынша жұмыстар жасалуда. 2018-жылы күз айында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Ауданымыздың Жаңабазар, Алтынтөбе, Қарабау, Жігерген, С.Рақымов атындағы және Шарапхана ауыл округтерінің елдімекендеріне Шымкент-Ташкент автожолынан Шарапхана ауылының тұсынан бұрылып барады. Шымкент-Ташкент жолын салу барысында аталған ауыл округтеріне баратын жол дұрыс жасалмаған. Талдыбұлақ тоннелі арқылы айналма (объезд) жол салынса трассаға шығу әлдеқайда ыңғайлы болар еді. Осы мәселені С.Тұрғараев, Н.Мақұлбаев, Т.Мұсабаев, А.Тасай және басқа да бірқатар депутаттар көтерді. Аманбай Назарқұлұлы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, мәселенің оң шешімін табуына барынша атсалысты.

Аманбай ағамыз 2017-жылдың қыркүйек айында Жаңабазар ардагерлер үйінен Т.Құралбаев, Ж.Тоғызбаев және Сансызбай ата бастаған бір топ қарияларды ертіп келіп, жол құрылысын жүргізген мекемелердің басшыларымен кездесу ұйымдастырады. Кездесу барысында ауыл ардагерлері мен белсенді азаматтар «Қазавтожол» АҚ өкілі мен «Синохайдро» компаниясының президентіне Талдыбұлақ тоннелі арқылы айналма (объезд) жол салып беруін өтінеді. Нәтижесінде айналма жол салынып, халық дән риза.   Диаметрі – 1,5, ұзындығы – 8 метр бетон құбырдан су ағар жасап, 350 метр айналма жолға асфальт төсеп, ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Жаңабазар өңіріндегі барлық іс-шаралардың, игі істердің ұйытқысы Аманбай ағамыз десек, артық айтқанымыз емес.

Тілектес елдімекенінде электр бағаналарын орналастырылуына, Шатқал бағдарламасы бойынша Бейнеткеш, Береке, ХХ жылдық   елдімекендерінен жер бөліп, ол жерді қоршап, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Үлгілі елдімекеніне 180 мың теңгелік 18 түп шырша отырғызуға, осы елдімекендегі Б.Қуатбай көшесіне 8 машина шағал түсіруге және «Жиенбек арық» каналын тазарту үшін техника бөлуге бастамашылық жасауда.

Сонымен қатар, халық қалаулысы кәсіпкер ретінде, жалпы саналы азамат ретінде демеушілік жұмыстардан тыс қалған емес. Төменгі Жылыбұлақ ауылында өзен бойындағы қоқыстарды тазартуға демеушілік жасап, қаржылай көмек көрсету, жергілікті халық арасынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау жасау, ауылды аббаттандыру бойынша көшеттер сатып алу, тұрмысы төмен көп балалы аналарға киім-кешек түрінде материалдық көмек көмек көрсету, Үлгілі елдімекеніндегі кіші өзен арнасындағы су тасқынының алдын алу және сол маңда орналасқан шаруалардың егістік жерлерін су шаймау мақсатында арнайы техникаларды тартып, өзен арнасын бұруға 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек, Үлгілі елдімекені тұрғындарының үй іргелік жерін Келес өзенінің арнасы жар қылып, су шайып кету қаупіне байланысты Жаңабазар ауылының белсенді азаматтарын ұйымдастыру арқылы тұрғындардан қаржы жиналып, арнайы техникалар жалдап, өзен суы 150 метрге дейін қауіпсіз арнаға бұрылды. Кейіпкеріміз бұл жұмыстардан басқа да бірқатар шаруаларды қолға алып, жұмыстар жүргізуде. Ел азаматтарының қолдауымен, олардың ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында алға қойған міндеттер толық орындалады деп сенеміз.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде, партияның Қазығұрт аудандық мәслихатындағы фракция жетекшісі ретінде, сайлау округі бойынша партияның идеологиялық саясатын жүзеге асыру бағытын жіті қолға ала отырып, Елбасы Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын, партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік, Тұрақтылық, Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын талқылау, түсіндіру, жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады.

Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, ауданымыздың өсіп-өркендеуі, дамуы жолында және халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын көтеру үшін халық қалаулылары аянбай еңбек етуде.

Әрине, жоғарыда аталған жұмыстардың барлығын Аманбай ағамыз жалғыз атқарды деуден аулақпыз. Мұндай мағыналы шаралар ауыл ақсақалдары, ауыл әкімі, сол ауылдың ұйымшыл да берекелі тұрғындарының бірлескен күшімен, ең бастысы, ел азаматтарының ынтымағы мен ауызбіршілігі арқасында жүзеге асырылды.

Б.ӘБДІҚҰЛОВ,

Қазығұрт аудандық мәслихат аппаратының

бөлім басшысы.

.