ӨМІРЛІК ЖАРЫН ҚАДІР ТҰТҚАН ӘЖЕ

Дүйсенбі, 10 Қырқүйек 2018 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 147 рет

Аудан құрдастары

IMG 8737

Қазығұрт ауданымен құрдас, бүгінде 90 жасқа келген Үрләш әже өзінен гөрі өмірлік жолдасы Шералы Хұсанұлы туралыкөбірек айтқанды ұнататыны байқалды. Өзі қазіргі Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылында 1928-жылы 6-наурызда дүниеге келіпті. 8-9 жасында мектепке барыпты. Бірақ көп оқымапты. Сол уақыттағы өмірдің ауырлықтары мен қиындықтары Үрләш Аманбайқызының білім алуына мүмкіндік бермеген көрінеді. Он жеті жасында тұрмысқа шығыпты. Үрләш әже: «Шералымен бірге ойнап жүретін едік. Оған тұрмысқа шығамын деп мүлде ойламадым. Әкесі Хұсан сары адырда, Сапарқұдықта қаракөл қойын бағады екен. Бұл тірлік бір күн ішінде ойпаң-тойпаң бола қалды. Сөйтіп, отбасылық өмір басталды да кетті», – деді.

Шералы Хұсанұлы Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, кіші мал дәрігері мамандығын алып шығыпты. Кейін осы күнгі Қазығұрт ауданына ауысып келіпті. Әже: «Шералының қызмет бабымен көп жерге көшіп-қонып жүре бердік. Жаңабазардың бәрін аралағанбыз», – деді.

Өмірлік жолдасы Ш.Хұсанұлы қызмет бабымен түзде жүрсе, Үрләш әженің өзі оның тапқандарын ұқсатып, орнымен қолдана біліп, береке-бірлігін келтірген. Әйелге тән ибалылық сақтап, ел-жұртқа өте сыйлы болған.

Шералы ата қызметінде зор абыройға бөленіп, сатылап өсіп, 1959-1963 жылдары «ХХІ партсъезд» колхозы басқармасының төрағасы болыпты. Кейін Алматыдағы Жоғарғы партия мектебінде оқыпты. Өмірінің соңында жақсы қызметтерді атқарып, бес жыл бойы ауырып жүрсе де сыр бермепті. Сөйтіп, 1982-жылы 20-қарашада 58 жасында өмірден өтіпті.

Шералы ата мен Үрләш әже он перзент сүйіпті. Әже: «Құдайдың құдіретіне шек жоқ. Бір бала, екі қыз, бір бала, екі қыз етіп перзент берді», – деді. Құрбанәлісі жүргізуші, Мәнзура тігінші, Бүбісара педагог, Батырәлісі заңгер, Рапия тігінші, Қатира педагог, Назарәлісі инженер, Нағима медицина қызметкері, Нәзира педагог, Бақытжаны қаржыгер мамандығын иеленіпті.

Тоқсанның нақ төріне шыққан Үрләш әже: «Ұл-қызымның барына шүкір, осылардың арқасында мәртебем биік. Соларға арқа сүйеп отырамын. Өмірлік жолдасым Шералының жалғыз Мақта деген әпкесі болатын. Өзі жалқы еді. Құдайдың көрсеткеніне тоба қыламын, үрім-ұрпағы өсіп-өніп отыр», – деді. Қазір әже он перзентінен 30 немере, 45 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр екен. Еліміздің тыныштығын, бейбіт өмірін тілеген, өмірлік жарын қадір тұта көп еске алған Үрләш әже әлі күнге дейін тың, бақуат көрінеді. Біз әженің ғасыр жасауын, тағы да бірнеше шөпшектің қолынан май жалауын тіледік.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.