Тиянақтылығымен танылған Байсейіт

Дүйсенбі, 10 Қырқүйек 2018 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 135 рет

Мерей

 

Байсейіт352


Байсейіт Сейітжаппарұлымен таныс-білістігім тым әріден басталады. Ұмытпасам, 1996-жылдың наурыз айы болатын. Аудан әкімшілігінің экономика бөліміне бас маман болып Байсейіт қызметке келді. Экономика бөлімі болғаннан соң ол бөлімге есеп-қисап тапсырып, ара-тұра бөлінген қаржының игерілуі жөнінде есеп тапсырып тұратынбыз. Біз екеуіміздің таныстығымыз осыдан жүріп басталды.

Бір көрген жанға Байсейіт жеңілдеу көрінгенімен, шын мәнінде, олай емес. Өзін үнемі сабырлы ұстайды. Көппен тез тіл табысады. Өз қызметіне тиянақты. Қашан барсаңызда, кабинеті жинақы, шашылып немесе үйіліп жатқан қағаз көрмейсің. Өзіне тапсырылған іске ешуақытта бейжай қарамайды. Қашан тапсырылған істі орындап болмайынша тыным таппайды. Тыным таппағаны былай тұрсын, оған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұл кезде ол ешкімнің пікіріне, тіпті, ұсынысына да құлақ ілмейді. Өзінше, өз мүддесінен қоғамдық мүддені жоғары қояды. Содан болар, әріптестеріде Байсейіттің бұл қасиетін жоғары бағалайды.

Байсейіттің өмір жолы да өзгелер секілді қарапайым. 1956-жылы қара күзде Көкібел ауылында дүние есігін ашыпты. Мектепті де сол ауылда бітірген. Өз қатаралры сияқты арман қуып, Алматы қаласындағы Мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Оны 1980-жылы үздік бітіріп, институттың жолдамасымен Семей облысы, Аягөз ауданы «Ақшатау» совхозында бөлімше агрономы болып еңбек жолын бастаған. Өз ісіне мық, білімді де, біліктілігі де жететін Байсейіттің қызметтегі жолы сатылап өсе бастайды. Осы ауданның Б.Майлин атындағы астық совхозының бас агрономы, кейін бұл совхоз, колхоз болып өзгертілген кезде басқарма бастығының орынбасары болды.

Жанұялық жағдайына байланысты Байсейіт 1993-жылы қараша айында Шымкент қаласындағы өндірістік-коммерциялық корпорациясының ауылшаруашылық бөлімінің бастығы болып ауысады.

Байсейіт қай қызметтің тізгінін ұстамасын, оның соңында оған деген жылы сөз, білімділігі мен ұйымдастырушылық қасиетін үнемі бағалап жатады. Алған алғысы да марапаттау қағазы да бір төбе.

Отбасының тұңғышы болғаннан соң да Байсейіт бауырларына да үнемі ағалық ақылын айтып қана қоймай, қамқорлық та жасауды ешуақытта ұмытқан емес. Қолы қызметтен қалт етіп босаса, ауыл-аймаққа барып, үлкендерге сәлем беріп, өткендерін еске алуда Байсейіттің жоғары адамгершілік қасиеті «Арбаның алдыңғы доңғалағы алға қарай қалай жүрсе, соңғы доңғалағы да солай жүреді» демекші, аға ақылын тыңдаған бауырлары Қайрулла, Зейнулла, Қайнар, Пернехан, Кенжехан бүгінде әрқайсысы өздері қалаған кәсіп иелері, бір-бір шаңырақтың иесі. Ал, қарындастары Назипа, Назира, Қалипа, Нұржамал, Анипа өз алдарына тұрмыс құрып, бүгінде бауырларының тілегіне тілекші болып жүр.

Қазір Сейтжаппаровтардан тараған Жәдігеровтер үлкен әулетке айналған. Кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітжаппар ақсақалмен Науат ападан тараған ұрпақтардың бүгінде бас-көзі, әрі ақылгөйі де осы – Байсейіт. Бауырларының жағдайын ойлаумен қатар Байсейіт мемлекеттік қызметте де өзін өзгелерге үлгі етіп жүр.

Жұмыстан кешігуді, біреуге өтірік айтуды өзіне жат санайды. Қолынан келсе, көмегінде аямайды. Содан болар, ұжымда абырой-беделі биік.

Сонымен бірге Байсейіт Сейітжаппарұлы үлгілі отбасы иесі. Жан-жары Мансияда жоғары білімді, өмірден көргенінен түйгені көп. Бүгінде екеуінен тараған екі ұл, бір қыз да өмірден өз орындарын тапқан. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, үлкен ұлы Бақытжан аудандағы маңдай алды кәсіпкер болса, екінші ұлы Бауыржан медицина саласында, қызы Сайда тарих пәнінің мұғалімі. Осы ұл-қыздарынан немере сүйіп, солардың қызығына бөленген Байсейіт өзін әрдайым бақытты сезінеді. Әсіресе, немерелері Жанмирас, Жанерке, Нұрбақыт, Нұрәли, Нұриман, Аяла жұмысынан шаршап келген кезде алдынан жүгіріп шығып, мойынына асылған кезде одан артық бақыттың жоқ екендігін бірден түйсініп, әп-сәтте шаршағанын ұмытады.

Немере шіркін қандай ыстық десеңізші...

Байсейіт 2005-жылдан бастап, бүгінге дейін аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы болып қызмет етіп келеді. Өз қызметінде абройлы. Ол қызметінде жауапкершілік пен тиянақтылықты бойына серік еткен. Оның басты қағидасы да осы. Сол үшінде оны басшылары сыйлайды, әрі жоғары бағалайды.

Қазақстан Республикасы Констиуциясы күніне арналған «Азат елдің ар-намысы – Ата Заң» атты аудандық мерекелік іс-шара ұйымдастырылған болатын. Сонда аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараев аудан жұртшылығын атаулы мерекемен құттықтап, бақ-береке тіледі. Соңынан бір топ еңбек озаттарын «Қазығұрт ауданына – 90 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Солардың қатарында Байсейіт Сейітжаппарұлы Жәдігеровте бартұғын.

Бұл – Байсейіттің еткен еңбегінің өтеуі, оған көрсетілген құрмет.

Ауданның өсіп-өркендеуіне бергенінен берері көп, көрмегенінен көргені көп, білікті маман, қабілетті ұйымдастырушы Байсейіт Сейітжаппарұлы 63 жас – Пайғамбар жасына келсе де, әлі де өзін іздене білетін, жан-жағына қамқорлық сәулесін шаша білетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат ретінде ұстайды. Мұндай білімді де, білікті маман әркез ұжым тарапынан, басшылар назарынан тыс қалмайды. Оған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әрқашанда ардагерлер тәжірибесіне арқа сүйеу керек» деген сөзі дәлел болса керек.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,

Қазақстанның «Құрметті журналисті».