Мейірімі мол мейірбикелер

Дүйсенбі, 12 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 69 рет

IMG 4528

Ауырған сәтте емнен де күшті дәру – дәрігердің ілтипаты, кішіпейілдігі және мейірбандығы. Ақ желеңділердің арқалар жүктері жеңіл емес. Осындай жауапкершілікті көтеріп, медицина саласында айрықша жемісті еңбек етіп келе жатқан Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кардиология бөлімінің мейірбикелерінің еңбегі ерен.

Солардың бірі – бүгінде медицина саласында 30 жылдан бері табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Бегзада Махатқызы Керимбаева. Түркістандағы медициналық оқу орнын «фельдшер» мамандығы бойынша қызыл дипломға тәмамдаған ол, арнайы жолдамамен Қазығұрт ауданына келеді. Еңбек жолын ауылдан бастауды ниет еткен жас маман 1983-жылы терапия бөліміне орналасады. Әлі іс-тәжірибеден өтпеген маман қабылданған күннің ертеңіне 80-ге жуық науқасты жалғыз өзі қарап, өз ісіне деген тиянақтылығымен басшылықтың көзіне түседі. Алты айдан соң аға декреттік демалысқа кеткен аға мейірбикенің орнына тағайындалады. Ол кезде небәрі 18-де еді. Халыққа жасаған адал еңбегі үшін 20 жасында сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың қолынан «Еңбегі үшін» төсбелгісімен және көптеген алғыс хаттармен марапатталған.

Қазіргі таңда Бегзада Махатқызы өзінің сұранысымен орталық ауруханадан ЭКГ кабинетін ашып, 3-4 жылдан бері сол жерде халыққа қызмет етіп, науқастардың алғысына бөленіп жүр.

Ал, осы бөлімде өз ісінің білгірі, білікті маман, ЭКГ мейірбикесі Айжарқын Исақұлова ауруханаға ем іздеп келген әр адамды жылы жүзбен қарсы алып, 25 жыл бойы өз ісіне адалдық танытып келеді.

        Бізді ұстаздарымыз келген науқастарға бергі жағынан ғана қарамай,

ішкі жандүниеңмен қарау керектігін, шын жүректен көмектесуге ұмтылған жағдайда ғана ем қонады деп үйретті, – дейді Айжарқын Құнанбайқызы.

Біз барған кезде кейіпкерлеріміз алдарына келген пациенттерімен жұмыс жасап жатыр екен. Сырттай бақыласаңыз, ол кісілердің өзара татулығын, ұжымның ұйыған кішігірім отбасы екенін байқайсыз. Мүмкін оның құпиясы үлкенге – құрмет, кішіге – ізет етуде жатса керек-ті. Біздің және байқағанымыз, ұжым Бегзада мен Айжарқынды ерекше құрметтейді екен, олар туралы жылы лебіздерін білдіреді. «Екеуі апалы-сіңілі, бір үйдің қызындай, сондай тату, елгезек» , – дейді.

        Ең басты ұстанымымыз, еңбекке адал, абзал жан деген атқа лайық

болу. Ақ желең – біздің арымыз. Сол арымызға дақ түсірмеу басты міндетіміз,–дейді Бегзада Керімбаева.

Расында, үстеріне киген ақ желеңдері пейілдерінің ақтығын, жүректерінің кеңдігін байқатып тұрғандай! Денсаулықтың демеушісі, адам өмірінің арашашысы, басы ауырып, балтыры сыздағандарға дер кезінде көмек қолын созатын, уақытпен санаспай дамылсыз жұмыс істейтін абзал жандар қашан да құрметке лайық!

Майра ТАУБАЙҚЫЗЫ.