Ұрпақ рухын шыңдайтын кейіпкер

Дүйсенбі, 24 Желтоқсан 2018 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 57 рет

                     «Бір ел – бір кітап»  

 

Аудандық орталық кітапханада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты хикаят-монологын насихаттау үшін «Ұрпақ рухын шыңдайтын кейіпкер» тақырыбында оқырман конференциясы өтті. Мақсаты –шындық пен шеберлікті шынайы ұштастырып, үн мен ұғымды әдемі үйлестіре білген жазушы Н.Келімбетовтің өмірі мен шығармашылығын қалың оқырманға таныстыру және насихаттау, кітап оқуды дамыту, шығармадағы адам тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір үшін күреске баулу, патриоттық тәрбие беру.

Т.Рысқұлов, Қ.Сәтпаев атындағы мектеп-лицейінің және «Болашақ» мектеп-гимназиясының оқушылары мен мұғалімдері, кітапханашылар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан әдеби кешті аудандық кітапхана директорының орынбасары Р.Айтубай ашып, елімізде республикалық акция 2007-жылдан бері өткізіліп келе жатқанын, акцияның негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау екенін оқырман қауымға түсіндірді. Он жылдан астам тарихы бар аталмыш шараның әр жылында «Жыл кітабына» бір шығармадан ұсынылып отыратынын, ал, 2018-жылы осы акция аясында бір халық боп оқуға үш бірдей шығарма таңдалып алынғанын тілге тиек етті. Олар: Ш.Құдайбердіұлының шығармалары, Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі мен Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты кітабы.

Іс-шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы мәлімет беріліп, кең көлемде кітап көрмесі жасалды. Сондай-ақ, оқырман қауымға тақырыпқа байланысты слайд пен бейнеролик көрсетілді. Оқушылар кітаптан алған әсерлерін ортаға салып, ой бөлісіп, белсенділіктерін көрсете білді.

Шара барысында хикаят-монологтың басты кейіпкері Ержанның басынан кешкен қиын тағдыры, өмір мен өлім арасында арпалысқан ойлары негізгі тақырыпқа айналды.

«Болашақ» мектеп-гимназиясының кітапханашысы Н.Калекова: «автордың бұл шығармасы әлемді шарлап, түрлі тілдерге аударылып жатыр. Жеке өз басым оған оқырман ретінде талай сыннан өткен, өмірдің құндылықтарын сезіне білген адам ретінде қалтқысыз сенемін», – деді.

Адамның рухани күш-жігерін, мөлдір махаббатын өмірге деген құштарлығын биікке көтеріп жазған ғажайып туындыны оқырман қауым жан-жақты талқыдан өткізді. «Үміт» дейтін өте алып күш екенін, жігері мықтыны ажал да жеңе алмайтынын, қандай жағдай болса да, үміт үзуге болмайтынын ұғындыру арқылы конференция мақсатына жете білді.

Майра БАЗАРБАЙ