Қос мақаланың маңызы түсіндірілді

Жұма, 18 Қаңтар 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 72 рет

IMG 6128

Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында ағымдағы жастар жылына орай, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын түсіндіру және насихаттау бойынша кездесу жиыны өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов жүргізді. Жиынға Түркістан облысының өкіл имамы Мұсабек қажы Ақтамберді, аудан ардагерлері мен тұрғындары, дінтану пәні мұғалімдері, жастар және жоғары сынып оқушылары қатысты.

М.Ақтамберді еліміздің қарыштап дамуы үшін ең алдымен өзіміздің тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды, рухани байлығымызды толыққанды біліп, оны дамыта білуіміздің мәні зор екендігін айта келіп, нақ осы мәселелерді басты назарға алып, көтере білген Елбасының қос мақаласының маңыздылығына тоқталды. Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни жөн-жоралғылардың бір-бірін жоққа шығармай, керісінше, үйлесе түсетін тұстарын тәптіштеді. Халықтың өзі даналықтың жолын ұстанып, әдет-ғұрыптардың озығын ғана алып отыратынын, тозығының өз-өзінен ұмытылатынын баяндады. Қазіргі уақытта қаза болған үйде қазан көтерілмейтінін, бұл тосыннан келген қайғы-қасірет сол шаңыраққа ғана емес, ол үйдің туған-туыстары мен көршілеріне жіберілген сынақ екенін айтты. Олардың татулығы мен ынтымағы осындай жағдайда көрінеді. «Той-томалаққа адам бірнеше уақыт дайындық жасайды. Ал, қаза аяқ астынан келеді. Осындай сәтте туған-туыстары мен көршілері қазанын көтеріп, ол шаңыраққа демеу болғаны, өздерінің ынтымағын көрсеткені мақұл», – деді Мұсабек қажы. Елбасымыздың мақалаларынан соң қаншама ескерусіз қалған тарихи және киелі орындарымыз жаңғырығып, жарыққа шыға бастағанын сөз етті.

Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, Шарапхана ауылы округінің төбе биі Е.Тілепов және «Кемелді ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д.Оразбаев жарыссөзге шықты. А.Омаров Елбасымыздың мақалаларында көне тарихымыздың көтерілгенін, ауданымыздағы киелі Қазығұрт тауы мен Ысмайыл ата сәулет кешенінің жалпы ұлттық 100 қасиетті орынның қатарына енгенін, өткен жылы «Наурыз – Қазығұрттан басталған» жиынының облыстық дәрежеде дүркіреп өткенін, әлі де киелі орындарымызды насихаттап, таныта түсуіміз керектігін баса айтты.

Аудандық ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі Е.Тілепов мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жоғары дәрежедегі ақыл-парасат иесі екенін, барлық істі сарабдал саясатпен, үлкен көрегенділікпен атқарып отырғанын айта келіп, оның Оңтүстік өңіріндегі Түркістанды облыс орталығы етуінің қазақ мәртебесі үшін ғана емес, бүкіл түркілік маңызы бар екенін жан-жақты ашып берді.

Д.Оразбаев: «Елбасымыздың бүгінгі жиынға арқау, тақырып болған қос мақаласының негізгі мақсаты – ұлттық рухани сананы қайта өрлету және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту болатын. Тәуелсіздік жылдары еліміздің бірлігін сақтау, ұлттар достығын нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу секілді көптеген ізгі бастамалар Қазығұрт ауданында да қолға алынып келеді. Халқымыздың діни тұрақтылығын қамтамасыз етуде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының» алатын орны орасан зор. Ауданымызда әр түрлі діни ағымдар белең алып, жамағат арасында қарама-қайшылықтар пайда болған тұстарда, білікті имамдардың білімі мен табандылығының арқасында тыныштықты сақтап қалу мүмкін болған еді. Бұл жолда З.Оразбай, Е.Полатов, Ә.Сертай және ауданның осы күнгі бас имамы Мұрат Әлімбековтің қосқан үлестері мол», – деді.

Тақырыпқа орай, залдан бірнеше сауалдар қойылды. Оларға нақты жауап берілді. Жиынды С.Тұрсынқұлов қорытындылап, бүгінде жалпы ұлттық қасиетті орындар қатарына ауданымыздағы 9 нысанның енгенін, оның бірі – Тұрбат ауылы округіндегі Ысқақ ата екенін айтып, Мұсабек қажыға алғысын білдірді.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.