Аудан орталығы аббаттанып келеді

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 117 рет

 

                                          

Аудан әкімі Т.Телғараев пен Жаңабазар ауыл округінің әкімі А.Ақжолов, Алтынтөбе ауыл округінің әкімі Д.Әлібаев және Қазығұрт ауыл округі әкімі Қ.Садықов халық алдында есеп берді.

Жаңабазар ауыл округіндегі есеп беру жиналысы Елшібек батыр атындағы мектептің акт залында болды. Есепті баяндаманы ауыл әкімі А.Ақжолов пен аудан әкімі Т.Телғараев жасап, өткен 2018-жылы қол жеткен жетістіктермен орын алған олқылықтар жөнінде кеңінен атап өтті.

Әкімдердің есебіне қарағанда, салық түсімдері артқан, шағын және орта бизнеспен айналысушылардың қатары өскен, егін, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, мал басын көбейту жөніндегі тапсырмалар артығымен орындалған.

Білім, мәдениет және спорт саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Әлеуметтік нысандар салу ісі қарқынды жүргізілуде екен.

Жарыссөзге шыққан Жаңабазар ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Т.Құралбаев өз сөзінде 2018-жыл ауыл, аудан, жалпы еліміз үшін нағыз берекелі жыл болғандығын, әсіресе, ауыл, ауданда әлеуметтік нысандардың көптеп салынғандығын айта келіп, аудан әкімі Т.Телғараевтың жас та болса, бас болып, жоғары ұйымдастырушылық қасиетін жоғары бағалап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Мінбеден сөз алған ауыл тұрғыны Ә.Мүталиев әкімдердің есебіне оң баға беріп, ауыл тұрғындарының Шарапхана – Жаңабазар автожолының күрделі жөндеуден өтуіне, оған қосымша 3 шақырым қосуды, ауыл арасынан аяқ жол салу, ауыз су мәселесін тыңғылықты шешіп беру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Ауыл, аудан әкімдерінің есеп беру жиналысы Алтынтөбе ауылындағы Ө.Жамалов атындағы жалпы орта мектебінің акт залында жалғасты. Мұнда да ауыл округі әкімі Д.Әлібаев пен аудан әкімі Т.Телғараев есепті баяндама жасады.

Есепті мерзім ішінде Алтынтөбе ауыл округінде бірқатар игі жұмыстар атқарылған. Күздік егу, мал бордақылау, жылыжайлар салу, оның көлемін ұлғайту, қарқынды бау өсіруге көңіл бөлу сынды жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауыл халқының әл-ауқатының өсуіне ықпал еткен.

Дегенмен, жиналыс барысында бірқатар мәселелерге ауыл, аудан әкімдерінің назарын аудартатын ұсыныстар болды. Бұл жөнінде Б.Мырзахметова ауылға келіп тұрған табиғи газды қосып беруді, ауыз су тұрақты берілсе, ауыл аралығын қосатын көпірлер жөнделсе деген өтінішін жеткізді.

Ауыл тұрғыны О.Жамантаевтың көтерген мәселесі Қаржан елдімекеніндегі жолдың тарлығы мен көше бойларындағы жарықтың жоқтығы, мектептің алшақтығын айта отырып, оқушылар тасымалына көңіл бөлінсе деген елдің ұсынысымен бөлісті.

Қазығұрт ауыл округі әкімінің есеп беру жиналысы Қ.Сәтбаев атындағы мектепте өтті.

Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес ауыл округі әкімі Қ.Садықов пен аудан әкімі Т.Телғараев есепті баяндамалар жасады.

Әкімдердің есепті баяндамаларында 2018-жылы атқарылған ауқымды жұмыстар мен қол жеткен жетістіктер толық қамтылған. Шын мәнінде, аудан орталығы жылдан-жылға абаттанып, сәулетіне дәулеті сай көрікті орталыққа айналып келеді. Әрине, бұл іс бұнымен тоқталып қалмайды, алдағы кезде орталық көшелері жарықтанады, аяқ жолдар салынады, гүлзарлар мен саябақтар көбейіп, көгалдандыру, көріктендіру ісі жалғасын табады.

Баяндаманы талқылауға қатысқан ауыл тұрғыны О.Райымбеков «Болашақ» мөлтек ауданына жол салып, көше жарықтарын орнатып, ауыз су, табиғи газ мәселесін оңды шешіп, ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасағандығы үшін ауыл, аудан әкімдеріне өз алғысын жеткізді.

Сонымен бірге «Ащыбұлақ» орта мектебіне «Болашақ» мөлтек ауданынан баратын оқушылар үшін Термез-Алматы автожолынан аспалы көпір салып беруді өтінді.

Зейнеткер, білім саласының үздігі Т.Абдулла өз сөзінде «Азаматына қарап, ауылын таны» дей отырып, ауыл, аудан әкімдерінің атқарған жұмысына көңіл толатындығын айта келіп, «Болашақ» мектеп-гимназиясына келіп оқитын оқушылар үшін көлік бөліп, тасымалданса, сондай-ақ, аудан орталығында көлік қатынасын реттеуде жол-көлік оқиғасын тудыратын бірнеше көшелерге бағдаршам, тиісті белгілер қою керектігін ескертті.

Кезеңбұлақ ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ә.Қалмұрзаев Газелкент магистралды каналының ауыл тұсындағы бойын темір шарбақпен қоршауын жалғастырса, ауылға аяқ жол салынса, ауыз су мәселесі де күрделеніп бара жатқандығын жеткізіп, аудан басшыларынан тиісті көңіл бөлуін өтінді.

Ауыл, аудан әкімдерінің есепті жиналысына аудан әкімінің орынбасарлары, сала және дербес бөлімдер мен құқық қорғау органдарының басшылары, ауыл тұрғындары, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Әр ауылда өткен есепті жиналыс барысында түскен сұрақтарға тиісті сала, бөлім басшыларымен бірге ауыл, аудан әкімдері нақты жауаптар берді.

Мұның өзі жылдан-жылға еліміздің әл-ауқатының өсіп, халықтың тұрмыс жағдайының жақсарғанын және билік басындағы азаматтардың жауапкершілігінің артқанын айғақтай түседі. Оған дәлел, үш ауыл округінде өткен ауыл, аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарына ауыл тұрғындарының оң баға беруінен көруге болады.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ.