Ғасыр жасаған Ана

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 61 рет

 

«Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы»,– дегендей, дүниеде ананың балаға және барша азаматқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ. Ананың аялы алақаны мен жылы құшағын сезініп өскен сәбидің арманы бар ма? Өмірге тоғыз ай тоғыз күн көтеріп нәресте әкелген ана да бақытты емес пе?

Бүгінгі кейіпкеріміз өмірдің ащысын да, тәттісін де көріп, ғасыр жасаған абыз ана – Гауһар Фаткулина.

Тау алыстаған сайын үлкейіп, оның асқақтығы мен заңғар биіктігі айқын көрінеді,–дегенді дана халқымыз қалай тауып айтқан десеңізші... арамызда жүрген қарттардың жанынан алыстаған сәтте ол кісілердің бойындағы шексіз махаббатты, шежіреге толы өткен өмірі жолын көргендей боламыз.

Сондай аяулы аналардың бірі – Фаткулина Гауһар әже. Саналы ғұмырын халқына адал еңбек етуге арнаған, ешкімді де ренжітуді білмейтін, қарапайым ғана абыз ананың өмір жолын біліп, дана сөзін есітейік деп сөзге тарттық.

– Мен, 1920-жылы 18-қазанда Башқұрстан Республикасының Таймыз деген станциясында, шаруа отбасында дүниеге келдім,– деп әже өткен өмірін күрсіне еске алып.          Ата-анамыз адалдыққа, еңбекті сүюге, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелейді. Бойжетіп, енді еңбекке араласатын кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Жастық шағымыз ауыр еңбекке ұласты. Таңның атысы, күннің батысы Отан үшін, майдан үшін еңбектендік. Ауылдағы атқаратын барлық жұмыстарға араластық. Соғыс бізді тез есейтті. Талай күндерді көз ілмей атырдық, талай күндерді бел жазбай қарсы алдық,–деді сөзін жалғай.

         Соғыстан кейінгі жылдарда да Гауһар әженің жағдайы оңала қоймапты. Отбасында күрделі жағдайлар орын алып, амалсыздықтан Ташкент қаласына қоныс аударады. Осында жүріп тұрбаттық ұлты өзбек жігітімен танысып, тұрмыс құрады. Өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп ел қатарлы жүріп жатқанда тағдыр тағы да Гауһар әженің маңдайынан сыйпай қоймады. Отағасы мен ұлынан айырылып, екі қызымен қалып қояды. Еңбекпен шыңдалып өскен ана қыздарын қатарынан кем қылмай, жоғары білім алуына өмірден өз орнын жаңылыспай табуға аналық ықыласын аямайды. Үлкен қызы Гүлайым Шәріпқызы ұстаздық мамандықты таңдап, оның үдесінен абыроймен шыққан білікті ұстаз. Райханы инженер-технолог.

         Гауһар әже Қазығұрт аудандық қоғамдық тұтынушылар Одағында қарапайым жұмысшы болып, табан аудармай 35 жыл үзіліссіз еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Осындайда Гауһар әженің жиі қайталайтын сөзін «Тауға қарап, тау бола алмайсың, алайда аласа бола жүріп, таудай еңбек етуге болады»,– деп күйеу баласы Рахымберді айтып отырды.

         Бүгінде Гауһар әже өзін өте бақытты сезінеді. Өйткені, екі қызынан 4 немере, 10 шөбере сүйіп, олардың қызығына тоймай, қарап отыр. Күйеубаласы Рахымберді өз ұлындай болып кеткен. Қашан көрсең «Абыз Анам» деп құрақ ұшып жүргені.

         Еңбек ардагері, зейнеткер Гауһар Фаткулина шаңырағының тілекшісі, немере, шөберелерінің батагөйі.

Әже әлі тың, сөзі нық, бойын тік ұстап, айтар ойын анық жеткізіп отырған абыз анаға қарап, қажыр-қайраты таймаған әр күні тарих, әр сөзі шежіре болған аналарымыз аман болсын,–деген тілекпен қоштастық.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ.

Суретте Гауһар әже шөбересі Диярмен бірге.