Әріптесіміз жүлдемен оралды

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 324 рет

Сүйінші!

 

   Жуырда Алматы қаласындағы «Алтын Қарғалы» шипажайы базасында ұйымдастырылған «педагогикалық идеялар фестивалі» атты байқаудың қорытынды республикалық кезеңі өз мәресіне жетті. Конкурсқа мектебіміздің педагог-психологы Орынбаева Айымгүл Тұрсынқызы өзінің «Оқу үдерісін жаңарту аясында мұғалімдермен жүргізілетін психологиялық ағарту жұмыстарының тиімділігі» тақырыбындағы авторлық жобасын ұсынып, жоғары нәтижемен оралды. Аудандық, облыстық кезеңдерде іріктеуден өтіп, қазылардың шешімімен І дәрежелі Дипломмен марапатталған ұстазымыз Республикалық конкурста да өзінің біліктілігін дәлелдей алды. Ең үздік авторлық жоба Серификатын еншілеп қайтқан педагог-психологымыз мектебіміздің рейтингін бір көтеріп тастады. Тәжірибе жүзінде жыл бойы жүзеге асырылған тың, жаңашыл идеялармен жоспарланған жоба бағалау комиссиясы тарапынан да жоғары бағаланды. Бұл конкурста еліміздің түпкір-түпкірінен келген ең үздік ұстаздар жаңалықтарымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Ару Алматының ауа-райы, Алатаудың баурайына орналасқан шипажай шығармашыл ұстаздардың шабытына шабыт қосып, алдағы жұмыстарына тың серпіліс берді.

   Фестивальдің мақаласы – педагогтардың шығармашылық өзін-өзі дамуды жүзеге асыруын және кәсіби өсуін ынталандыру, Қазақстан мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату. Онда 365 қатысушы түрлі бағыттар бойынша бақ сынады.

   Білім беру жүйесінде орын алып жатқан қарқынды өзгерістер, тың бастамалар мұғалімдеріміздің өзін-өзі жетілдіру мен кәсіби тұрғыда дамуына үлкен қозғау салуда. Осындай байқаулар педагогтардың әлеуетін арттырып, өзін-өзі дамытуына үлкен үлес қосатынына сеніміміз мол.

А.БАЛДАНБАЕВ,

«Қызылдала» жалпы орта мектебінің директоры.