ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН АЗАМАТ

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 419 рет

 

ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Шанақ ауылының тумасы, бүкіл ғұмырын халықтың денсаулығын жақсарту ісіне арнаған, зейнеткер Ертай Ширимбеков Ақылбекұлы 1950-жылы 19-наурызда шопан отбасында дүниеге келген. 1967-жылы мектепті үздік бітірген. Бір жыл жұмыс істеген соң, Ленгір медициналық училищесіне түсіп, 1971-жылы фельдшер мамандығын алып шыққан. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген соң, Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданындағы Ақтас ауылында медпункт меңгерушісі болып қызмет істеген. Халық денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосқан ол 1974-жылы осы күнгі Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылдық ауруханасына аға фельдшер болып ауысып келген. Өзінің іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары екенін көрсете біліп, ауылдық кеңеске екі рет, аудандық кеңеске бір рет депутат болып, 1981-жылы Жаңабазар ауруханасында орталық залалсыздандыру бөлімін ашқан. Нәтижесінде науқастардың бір мезетте барлық егулерін алуына жағдай жасалған. Халыққа медициналық көмек көрсетуде профилактикалық жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізіп, ана мен бала денсаулығын қорғауда өлімге жол бермей, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген аурухана ұжымы бірнеше жыл жарыс жеңімпазы атанып, ауыспалы қызыл туды тұрақты ұстаған.

Терапевт, балалар дәрігері, акушер-гинеколог секілді дәрігерлер еңбеккерлердің арасында науқандық жұмыс кезінде жиі болып, олардың денсаулығын тексеріп, көмек көрсетіп, кеңес беріп, лекция оқып, соңынан ақ халатты абзал жандардан құралған үгіт бригада мүшелері концерт беріп, олардың құлшынысын арттырған.

Ертай Ақылбекұлының ұйымдастыруымен бірнеше игі жұмыстар қолға алынған. 1984-жылы кеңшар дирекциясымен келісіп, орталықтан сүт асханасын ашқан. Оның мақсаты – елді мекендердегі әлжуаз, аурушаң балаларға сүттен құнарлы тағам, биологті ірімшік дайындалды. Сүт кеңшардың сүт фермасынан алынды. Дәрігер рұқсатымен жыл он екі ай тегін беріліп тұрған соң, балалардың денсаулығы жақсарып, түрлі ауруларға қарсы қорғаныс күшін арттыруға көмегі тиді.

1989-жылы ауруханадағы орыс тіліндегі атаулар, маңдайшалар түгелдей алынып, кеңшар басшыларының қаражат жағынан қолдауымен мемлекеттік тілде Шымкенттегі көркемсурет шеберханасында дайындалып, қайта ілінді. Ертай Ширимбеков аурухана қызметкерлерінен құралған өнерпаздар тобына басшылық жасап, «Біз таланттарды іздейміз» атты кеңшар, аудан көлемінде өткен конкурстарда бірнеше рет жеңімпаз болды. Телеканалдардан көрсетіліп, елдің құрметіне бөленді. Ұлттық нақыштағы сахналық киімдермен жабдықталған өнерпаздар кеңшардағы және аудандағы әз Наурыз мерекелерінде өнерлерін ортаға салды.

Білгір маман, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі көпшіл, әрі кішіпейіл Ертайды жұрт біліп, өте құрметтеді. Ол өзінің кәсіби мамандығына байланысты өткен аудандағы және облыстағы өткен байқаулардың, «Озат фельдшер», «Озат химизатор» конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы болды.

2002-жылы өзі мұрындық болып ауылдық ауруханада «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымын құрды. Еліміздегі саясатты қолдау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, өлімге жол бермеу мақсатына жұмылған аурухана қызметкерлері бұл күнде түгелдей «Нұр Отанға» мүшелікке қабылданған.

Еңбек өтілі 40 жылды құраған, жоғары санатты фельдшер Ертай Ширимбеков отбасында үш ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсірген. Елге сыйлы, өз маңдай терінің арқасында қадірі артқан азамат ауданымыздың «Құрметті азаматы» атағын алуға өте лайықты деп білеміз.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.