Дәме әженің 107-ші көктемі

Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 610 рет

 

Бірі білсе, біреулер біле бермейтін Дәме әже 107 жасқа толып отыр.

Тыл ардагері, алтын құрсақты «Алтын алқа» иегері Дәме Толыбаева Қосмола тауының баурайындағы Алтынтөбе ауылында тұрады.

Дәме әженің өмір жолы қиын кезеңдерге тап болды. Ел басына күн туған ашаршылық пен қуғын-сүргін кезінде Дәме әже небәрі 20 жаста ғана еді. Ол нәубетті де бастан өткізді. Енді жағдай дұрыс болады деп жүрген кезде бұрқ етіп Ұлы Отан соғысы басталды да кетті. Елдегі ауыртпалық балалар мен әйел, қыз-келіншектерге түсті. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз еңбек, өндірілген өнім, тігілген көйлек-көншек, тон, қолғап, «бәрі де майдан үшін» деп жөнелтіліп жатты.

Майданнан келіп жатқан «қара қағазда» адам жанын жегідей жеп, ауылды қайғылы қара бұлт басқандай күй кешті. Осы жағдайды көзімен көріп, көңілімен сезінген Дәме әже өткен өміріне лағнет айтатын.

«Ауырлықтың арты жақсылыққа ұласады» дегендей, Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталды. Халық шаруашылығы қалпына келтіріле бастады. Елде тыныштық, бейбіт еңбек өріс алды.

Дәме әженің жаңа өмірі басталды. Тұрмыс құрды. Өмірге нәрестелер әкеле бастады. Кешегі басқа түскен қиындықтар ұмытыла бастады. Өмірлік жолдасы Беркімбай қас-қабағына қарап, әрдайым қолдау көрсетумен болды.

Өмірге әкелген 6 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп, қатарынан қалдырмай өсірді. Бүгінде олардың бәрі де өмірден өз орындарын тапты, үйлі-жайлы, бала-шағалы.

Дәме әже бүгінде өзін бақытты санайды. Әсіресе, ел Тәуелсіздігін көзімен көріп, өмір бойы еркіндікті аңсаған арманның орындалғанына, ұрпақтарының еркін елде өсіп, өркендеуіне шын-ниетімен қуанады.

     Ата-бабаларымыз өмір бойы армандап, осы күнді аңсап кетпеді ме?! Құдайға мың шүкір, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды деген осы емес пе? – дейді Дәме әже.

Дәме әже – бүгінде әулеттің ғана емес, Алтынтөбе ауылының ардақты да, аяулы анасы, көпті көрген көнекөз шежіресі. Өзінен тараған 10 перзентінен 49 немере, 83 шөбере, 3 шөпшек сүйіп, олардың бал-бұл жанған жүздерін көріп, шүкіршілік етеді.

Балаларының ең үлкені Күләнда бүгінде 76 жаста болса, ең кенжесі Рая 51-де.

Дәме әже жасының ұлғайғанына қарамастан өзін сергек, әрі ширақ ұстайды. Есте сақтау қабілеті де жоғары. Үйіне келіп-кетіп жатқан жандардың, елдің жағдайын, жалт еткен жаңалықтарды есітіп, қуанып отырады.

Күні кеше өткен 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні ауылдың зиялы қауымын ауыл әкімі Данабек Әлімбаев бастап келіп, құттықтап, сый-сияпат жасап, қуантып кетті.

Дәме әже ауылдастарына риза. Өмір қандай ыстық! Қамшының сабындай ғана мына өмірде Дәме Пернебайқызы көп нәрсені көрді, көңіліне түйді. Ең бастысы, көз алдында ұрпақтары өсіп, өніп көбейіп жатыр. Ел тыныш, ежелден аңсап, асыға күтетін әз-Наурыз – Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға ел-жұрт әзірлік үстінде.

Дәме әженің де бойын қуаныш сезімі билейді. Ел-жұртымен бірге 107-ші көктемін – Наурыз мейрамын қарсы алуды нәсіп еткен жаратқанына дән риза.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ,

Алтынтөбе ауылы.