САЯХАТШЫЛАР ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫНА КЕЛДІ

Сейсенбі, 30 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 296 рет

Алматыда орналасқан, кәсіпкер Марғұлан Сейсенбай басшылық ететін «Nomad Explorer» ұйымдастырып отырған экспедиция алғаш – Ұлытауда, екінші – Маңғыстауда, үшінші – өткен жылы бір аптадай уақыт Алтайда болыпты. Биылғы төртінші – Түркістан және Жамбыл облыстарының қасиетті орындарымен танысу мақсатын көздеген «Оңтүстік аңыздары» экспедициясы 600 саяхатшыны, 100 қызметкерді, бас-аяғы 700-ден аса адамды қамтыған алғашқы саяхаты қасиетті Қазығұрт тауынан бастау алды. Оларды Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абай Серкебаев, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай, Қ.Әбдәлиев ауылдық округінің әкімі Оразалы­ Қазыбаев, өлкетанушы-таныстырушы Райымбек Айтубай және тағы басқалар қарсы алды.

 4444

Белгілі саясаттанушылар Дос Көшім мен Мұхтар Тайжан, «Оңтүстік аңыздары» экспедициясының негізгі ұйымдастырушы авторы Ерлан Сыздық, «Nomad Explorer» ұйымдастырған төрт саяхаттың да қатысушысы Раббим Борашов және атыраулық Айнұр Амангелдіқызымен сұхбат құрдық.
– Негізінен бұл Қазақстандағы ішкі туризмді дамытуға арналған жоба. Бұл – мемлекеттік жоба емес, мұны Марғұлан Сейсенбай деген кәсіпкер бастап отыр. Өткен жылы Маңғыстаудың маң даласын, Сенек құмын, Батыс Қазақстанның Бекет атасын осылай бір апта айналса, биыл Түркістан және Жамбыл облыстарына арналған осы саяхатты «Оңтүстік аңыздары» деп атадық. Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, барлық облыс­тардан бар. Саяхатшылар жан-жақтан 100-ге тарта машинамен келіп отыр», – деді Д.Көшім.
М.Тайжан: «Nomad Explorer» ұйымдастырған «Үстірт құпиясы» және «Оңтүстік аңыздары», екі саяхатына қатысып отыр­мын. Бұл өте жақсы ой, дұрыс мақсат деп ойлаймын. Өйткені, өз жерімізге, елімізге деген сүйіспеншілік неден басталады? Осындай экспедициядан басталады. Алдымен өз жерімізді білуіміз, тануымыз керек. Бізде, әсіресе, қалалықтар шет елде жүреді. Ирландия мен Швейцариядағы сұлулықты жақсы біледі. Ал, өз Қазақстанымыздағы жерлерді оншалықты біле бермейді. Сондықтан, қандастарымыз үшін мұндай экспедициялар керек. Өз басым бұл бастаманы қолдап, осы экспедициямен бірге екінші жыл, міне, Қазақстанды аралап жүрмін. Қазір біз қасиетті Қазығұрт тауының бауырында тұрмыз. Қазығұрт – баршамызға мәлім, ол туралы халық арасында өте керемет аңыз кездеседі. Ирландия мен Швейцариядағы, шет елде көрген сұлулықтың барлығы да өзімізде бар екен, – деп түйіндеді әңгімесін.
Аудан әкімінің орынбасары Т.Қалымбетов пен журналист әріптесіміз Р.Айтубай саяхатшылар тобына еліміздегі ішкі туризмді дамыту үшін Қазығұрт ауданында жасалып жатқан игі істерді баяндады. Олар киелі тау туралы аңыздарды сүйсіне тыңдады. Әрі қарай Төлеби ауданындағы Шілтер атаға қарай жүріп кетті.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.