ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕСІМЕН АЛҒАН БОНУСЫМДЫ БАЛАЛАРЫМДЫ ДАМЫТУҒА АРНАЙМЫН

Жұма, 24 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 180 рет

Елдің еңсесі биік, іргесі бекем, бірлігі бүтін болуы – ҚР азаматтарының еселі еңбегінің жемісі, қалтқысыз атқарған қызметінің көрінісі. Мемлекетіміздің межелі жетістікке жетуі, ең алдымен мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызмет – билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір болғандықтан, қоғамда мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап жоғары. Өз сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік қызметші – жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни, мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып, өз елінің патриоты болуы тиіс», – деп мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы құнын елеп-екшеп көрсеткен еді.
Қазіргі таңда, ҚР Мемлекеттік қызметі біліктілік деңгейін жоғары сатыға көтеру үшін, лауазымды қызметкерлердің қабілетін бағалау мен арттырудың озық үлгісін іске қосты. Бұдан былай, ел мүддесі үшін есепсіз еңбек еткен мемлекеттік қызметкерлерге лайықты еңбекақы берілетін болады. Бұл игі бастама ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевтың ұсынысымен жүзеге асып отыр. Енді, мемлекеттік қызметшілер мерекелік сыйақыдан бас тартып, жылдық жұмысының нәтижесі арқылы жоғары жалақы мен бонустарға иелік ететін болады. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің табыс көзін арттырып қана қоймай, мемлекет аппаратын басқаруға деген бәсекелестікті туғызуға сеп болары анық. Ал, бәсеке жүрген жерде сан емес, сапа жүретіні белгілі.
Мен ең алғаш қызмет жолымды 2004-жылы Ақтау горнизонының әскери сотында бас маман ретінде бастап, 2007-жылы Шардара ауданының Әділет басқармасында жетекші маман ретінде қызмет еттім. 2015-жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің консультанты болсам, бүгінде Түркістан облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы болып қызмет етудемін. 15 жылдық еңбегім осы бастама арқылы оң бағаланып, мен де қызметімнің нәтижесіне сәйкес жоғары бонус мөлшерін алдым. Берілген бонус есебінен өзімнің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымды жақсартып, отбасымның қажеттілігін өтеуге мүмкіндік алып отырмын. Алдағы уақытта жоғары жалақы мен бонустардан келіп түскен қаражатты 6 ұл-қызымның біліктілік деңгейін арттыруға бағыттап, жеке даму курстарына арнасам деймін.
Сондай-ақ, ата-анамның тұрғын үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, игі істің басы-қасында болуға ниеттімін. Бұл қуаныш менің шаңырағымда ғана емес, мемлекеттік қызметтегі әр азаматтың үйінде орын алып жатқандығы көпке мәлім. Сайып келгенде, мұндай мүмкіндікті тарту еткен Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаевқа мемлекеттік қызметкерлер тарапынан өз алғысымды білдіремін. Әрі қарай да ілкімді істеріммен ілгері жылжып, халқыма қалтқысыз қызмет ете бермекпін.

Нұрлан АМАНДЫҚ.