Аң-құстарды, дәрілік өсімдіктерді қорғайық!

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 343 рет

Орман – біздің байлығымыз!

  

      

       «Сайрам-Өгем» МҰТП-нің «Өгем» филиалына қарасты Өгем орманшылығының солтүстігінде орналасқан ұлы жұрт, Кіші жұрт Шағыртас, Құмкезең тауларында қызыл кітапқа енген Мензбир суыры мекендейді. Мензбир суыры – қазіргі таңда өте сирек кездесетін жануарлардың бірі. Оны қорғау, қамқорлық көрсету – ұлттық парктің мемлекеттік инспекторларының міндеті. Өйткені, көктем айларында ұйқыға кеткен жан-жануарлар оянып, жабайы аң-құстар, балықтар жаппай балалап, тұқым басып, уылдырық шашып көбейетін кезең. Міне, осы кезеңде жабайы аң-құстардың да жаулары көбейе түседі. Қазір кім көрінген аңшы, олардың ауылда да, қалада да көбейгендігі рас. Кейбір қандастарымыз кішкене дүние бітіп шыр байланса болды, бәрі қолына қымбат-қымбат мылтық ұстап, аңшы болып шыға келетінді шығарды.

       Аңшы болғанда қандай? Қорықшылардың тілімен айтқанда, браконьер, қазақшалағанда, баукесер, сұғанақ. Олай демей, не дерсің? Егер олардың аң атқанда құмарына бір кіріп алса болды, еш тоқтамайды, көзіне көрінгендерін қыра береді. Өйткені, байырғы аңшылардай ішіп-жеуге емес, бұлар көрсе қызарлықпен ермекке атады ғой, ауылдағысы да сол, қаладағысы да сол. Мұндай сұғанақтықты тоқтатайық, қайта осы аң-құстарды бірлесіп қорғайық, жанашырлық танытайық, келешек ұрпаққа қалдыруды ойланайық.

     Құрметті аудан тұрғындары мен ұжым, төрағалары мамыр айынан бастап тау жайылымына жеке немесе ұжым малдарын жайылымға шығарсаңыздар, сол кездерде көптеген қателіктерге жол беріліп жатады. Ол қателіктерге жол бермеу үшін біріншіден орман билетін алмай тұрып мына төмендегі тиісті заңға сәйкес керек құжаттарды, Өгем филиалының кеңсесіне алып баруды ұмытпаңыздар.

  1. Барлық мал басына ветеринарлық анықтама.
  2. Ауыл әкімдігінен қанша малы барлығы туралы анықтама.
  3. Ертіп жүрген иттердің мойындарында қарғысы болу керек және әрбір иттің толтырылған паспорты жеке-жеке болуы тиіс, онсыз сіздерге орман билеті берілмейтінін ескертеміз.

   Жоғарыдағы құжаттарсыз жайылымға рұқсатсыз шығып кеткен жағдайда әкімшілік шара көріледі. Заң бұзушылыққа шара көру қатаң тәртіпте жүргізіледі.

   Аудан көлеміндегі орман қоры жерінде және ашық алаңқай жерлер мен егіндік алқаптарда, шабындықтарда, жол бойларында адамдардың жанашырлығы жоқтығы салдарынан күн ыстық мезгілдерде өрт шалу көбейіп кетті. Себебі, адамдардың табиғатқа деген сүйіспеншілігінің немесе санасының төмендігі болса керек. Сол үшін естеріңізде сақтаңыздар! Орман, жер, ағаш, шөп – халықтың байлығы, ол тыныс алатын ауасы, өміріміздің дәнекері, жасыл желексіз адамзатқа өмір жоқ. Өрттен табиғат байлығын қорғау, жер бетіндегі барлық есі бар азаматтардың тікелей міндеті мен борышы екенін ұмытпаңыздар.

Бақжан СМАНОВ,

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

«Өгем» филиалының аңшы-биолог инженері.