БАЛА ТӘРБИЕСІ – МАҢЫЗДЫ ІС

Жұма, 14 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 491 рет

 

Ата-ана үшін өз баласының өмір жолында дұрыс тәлім-тәрбиемен қалыптасуынан асқан маңызды нәрсе жоқ. Өйткені, тәлім-тәрбиенің дұрыс қалыптасуы – адам тағдырын шешетін ұлы іс. Бұл ұлы істің бастау алар қайнар көзі – ең бірінші кезекте отбасы болып саналады. «Бала тәрбиесі – бесіктен» дегендей, баланың бойындағы жақсы, ізгі қасиеттердің берік қалыптасуына отбасындағы ата-ананың берген тағылымы мен үлгі-өнегесінің орыны өте айрықша.

Ғасырлар бойғы тәжірибесінен даналық жолды жинай білген халық: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп түйген. Егерде, бала отбасында жақсы тәлім-тәрбие алса, өскенде соның ізімен, жолымен жүретіні анық. Отбасындағы барлық адамдардың іс-әрекеті баланың қалыптасуына өзіндік іздерін қалдырады. Сондықтан да отбасында балаға тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген ата-ана ғана ұтады.

Екінші кезекте балабақшадағы тәлім тәрбиенің жүйелі түрде жүргізілуі де өзінің оң ықпал әсерін тигізетініне еш шүбә жоқ. Жас бүлдіршін балабақшаға барғанда өзі қатарлы балалармен ойнайды, араласады. Әр түрлі тәрбие алған балаларды көреді, аралас ортаға түседі. Айтқанды істемейтін және тіл алғыш, жылауық және сабырлы балаларды салыстыра қарайды. Олардың әр түрлілігіне мән беріп, жақсы жағына мойын бұрады. Бұл арада жалпыға ортақ – адамгершілік тәрбиесі беріледі. Ол тәрбиешінің қатысуымен жүзеге асады.

Дұрыс тәлім-тәрбиенің ең түпкі тамыры – өзінің туған халқын, ұлтын шынайы сүюден, қадірлеуден бастау алады. Бұл сара жолда ұлттық салт-дәстүрлерді жандандырып, әдет-ғұрыптарымызды дамытып, ұлтаралық достық қарым-қатынастарды нығайтуға жол ашып, балаға оларды саналы түрде үйреткен абзал. Мектептегі сабақ та, тәрбие де осы бағытқа қарай икемделсе ғана баланы дұрыс ортаға бейімдей аламыз. Сонда ғана оның бойындағы адамгершілік қасиет жоғары дәрежеде, ең керекті үлгі-өнегеге сай қалыптасады деп еш шүбәсіз сеніммен қараған болар едік. Ашығын айтқан жөн, ең алғаш баланы адамды бағалауға, қадірлеуге, сый-құрметпен қарауға тәрбиелеуіміз қажет.

Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылар еді. Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз. Бұл ойдың тармағы бүгінгі тәрбиешінің кәсіптік шеберлігінде, шығармашылық дамуына әкеліп соғады.

Қазір мектеп жасына дейінгі балалар бірыңғай тыңдаушы ғана емес, оқырман да. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында оқу қызметін меңгерту басты бағыты болып саналады. Ересек адам мектепке дейінгі балаға күшті әсер етеді, ол өзара әрекет үрдісінде кешенді әдістер мен тәсілдердің көмегімен танымдық белсенділікті қалыптастыруға, балалардың психикалық ойлау, қабылдау, ес, зейін, сөйлеуді, өзіне сенімділікті және ынталықты дамыта отырып, олардың белсенді танымдық іс-әрекетпен шығармашылыққа бой алуына көмектеседі. Ұстаздық тәжірибемізде біз осының бәрін басшылыққа алып отырамыз.

Тағы айта кететін мәселе, кітап оқу. Осыны мұғалім ғана емес, ата-анада перзентінің санасына үнемі құйып отыру керек. Мектеп қабырғасында көркем әдебиеттерді оқуға дағдыланған жеткіншектің бойында жылдар өте зиялылықтың қалыптасатыны белгілі. Жастайынан кітап оқуға дағдыланған бала студенттік шағында да, онан кейін де өмір бойы өз саласына қатысты әдебиеттерді оқып, ізденіп жүретіні сөзсіз. Сондықтан, осыған қазірден мән берген абзал.

Айгүл ОМАРОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.