Қарабастауда «Атамекен» тойханасы ашылды

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 286 рет

Жуырда Жаңабазар ауылдық округіне қарасты Қарабастау елдімекенінде «Атамекен» тойханасының ашылу салтанаты өтті.
Халық игілігі үшін бизнес орындарының көбейіп, кәсіпкерлер арасында бәсекелестік, ал тұрғындар үшін таңдаудың көп болғаны құптарлық жәйт. Бірнеше жылдардан бері шағын және орта бизнестің дамуына зор үлес қосып келе жатқан кәсіпкер Нұрғали Жаппаров, бұған дейін Шымкент қаласында дүкен, тойхана ашып халыққа қызмет етті. Міне, енді туған ауылынан өз қаражаты есебінен тойхана ашып отыр. Қазіргі заманға сай жасалған әсем ғимаратта бір мезгілде 500 қонақты күте алады. Тойхананың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары қатысты.
– Бұл ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Үйлену тойы, мерейтойлар, басқа да қуаныштарды атап өтуге арналған орынның болғаны әсте дұрыс. Таза, кең, жабдықталған тойхананың алдағы жұмысына сәттілік тілейміз, – дейді ауыл тұрғыны Ермат Сыбанов.
Сонымен қатар, «Атамекен» тойханасының банкеттік 150 орындық залы тағы бар. Тойхана иесі қазіргі күні 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындары бүгінгі күнге дейін той-томалақты Жаңабазар ауыл округі мен аудан орталығына келіп өткізетін болса, енді, міне, өз ауылдарында өткізуде.

«Қазығұрт тынысы ақпарат».