САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ТИІМДІ

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 378 рет

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ағымдағы жылдың 15-мамырында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 80-қадамында айтылған «2020-жылы енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» қарастырылып, онымен халықты ақпараттандыру мақсатында тапсырма берілген болатын. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің 18-шілдедегі №1-47 өкімімен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласында түсіндіру жұмысы бойынша штаб құрамы жасақталған-ды. Міне, осындай ақпараттандыру мақсатында Қазығұрт ауданына үгіт-насихат тобы келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өтті. Жиынды ауданымыздағы Жұмыспен қамту орталығының директоры Райхан Керімқұлова жүргізді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Ержан Байшенов пен сарапшысы Азиз Гулеев елімізде биылғы жылдың 1-қаңтарынан бірыңғай жиынтық төлем енгізілгенін, бұл өзін-өзі жұмыспен қамтитындарды тіркеуді және олардың қызметін заңдастыруды жеңілдету мақсатында жасалып отырғанын айтты.
2020-жылдың 1-қаңтарынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Оған сай тұрғындар екі түрлі медициналық пакет бойынша көмек алады. Яғни келер жылы кепілдендірілген медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүреді. Соңғысы азаматтардың арнайы шотына жиналған қаржы есебінен жүзеге асырылады. Ал, кепілдендірілген көмекті Үкімет қаржыландырады. Жаңа жүйеге сай халық медициналық және дәрілік көмекті тең дәрежеде алады. Сондай-ақ, емдеу мекемелеріне қойылатын талап күшейіп, бәсекелестік артады. Бұл қызмет сапасын жақсартады.
Тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі жан-жақты айтылды. Р.Керімқұлова кездесуді қорытындылап, ауданымызға арнайы келген үгіт-насихат тобының мүшелеріне алғыс білдірді.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.