АСПАЗДАР БАЙҚАУЫ БОЛДЫ

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 106 рет

Биылғы Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған іс-шаралар ауданымыздағы Жаңабазар ауылы округінде өтті. Уақыт көшінен қалмай, заман талабына сай жаңғырған, жаңарған жұмыстар ағымдағы жылы аталған ауыл округінде көбірек орын алды. Мұны аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов биыл ғимараты күрделі жөндеуден өткен, заманауи қалыпқа келген, жаңарған Жаңабазар ауылы округі әкімінің аппаратына жиналған қалың көпшіліктің алдында айтты. Атап айтқанда, ауыл округінде биылғы оқу жылында үш мектептің жаңадан салынған ғимараттары пайдалануға берілсе, «Қарабастау» мектебінің жанынан «Анаға тағзым» және «Боздақтар» монументі бой көтерді.
Жаңабазар ауылы округі әкімі аппараты ғимаратын тамашалап көрген көпшілік әрі қарай Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жақында ғана ашылған Қарабастау ауылындағы «Анаға тағзым» және «Боздақтар» монументінің алдына келіп жиналды. Қоғамдағы, отбасындағы ана мәртебесін көтеру мақсатында бой көтерген «Анаға тағзым» ескерткішінің биіктігі 11 метр болса, майданда қаза болған боздақтарды еске алудың үлкен үлгісі ретінде салынған екінші ескерткіштің биіктігі 4,5 метр екен. «АРТ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Әнуар Төлендиев) құрылысын жүргізген бұл қос ескерткішке жалпы 50 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Ауданымыздың төбе биі, абызымыз Иса Телікбаев бастаған ардагерлер және жиынға қатысқан қалың көпшілік монументке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіз тұрып, боздақтарды еске алды, аналарға тағзым етті.
Осы Қарабастау ауылында тағы да «Атамекен» дәмханасы бой көтеріп, биыл пайдалануға беріліпті. Дәмханада Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, түрлі ұлт өкілдерінің аспаздық шеберлігі байқауы өтті. Оған 13 ауыл округінен қазақ, орыс, татар, өзбек, иран және ұйғыр халқының өкілдері қатысып, дәмді ас дайындаудағы шеберліктерін ортаға салды.
Аудан әкімі Төлеген Телғарев пен аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев жиынға қатысушыларды тіл мерекесімен құттықтады. Бірқатар тіл жанашырларын марапаттады.
Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Аманбай Омаров төрағалық еткен қазылар алқасының шешімі де шығып, шебер аспаздардың аты аталып, түсі түстелді. Алтынтөбе ауыл округінен Бибісара Салдарбекова мен Фарида Белгібаева қазақ, өзбек ұлтының тағамдарын шебер дайындап, бас жүлдені алса, шарбұлақтық Әйгерім Тайсалова – І, қызылқиялық Бубиайша Семятова – ІІ, тұрбаттық Абдулазиз Дондиков пен Шерахым Арапбаев – ІІІ орынды иеленді.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.

Тағыда осы категорияда: « ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫС