Тоғызқұмалақшы әже

Сейсенбі, 22 Қазан 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 144 рет

Отбасылық құндылық

 

Кейде адамдар бірін-бірі жақсы білеміз деп жатады. Тіпті, жақсы танимын дейді. Мұның бәрі бекер. Үстірт ойлайтынымыз кейін білініп жатады. Өйткені, адам жанына терең үңіліп, оның өткен өмір жолына зер салсаң көп жайдан хабардар болып, танимын деген адамының өзіңе беймәлім қырларын танып, таңданғаныңды өзіңде аңғармай қаласың. Менің басымнан да дәл осындай ой, осындай жағдай өтті.

Кезінде аудандық білім бөлімінде, кейіннен білім беру қызметкерлері аудандық кәсіподағы комитетінде бас есепші болып қызмет еткен, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған Қызылбаева Аягөзді өз басым бір жандай білемін деуші едім. Қатты қателескен екенмін.

Аягөз замандасым тоғызқұмалақ спортынан қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының чемпионы екенін бір адам білсе, біреуі біле бермейді. Аягөзді аудан жұртшылығы, білім саласының қызметкерлері есепші мамандығының білгірі, біліктісі деп біледі. Ал, шын мәнінде, Аягөз құрылыс инженері мамандығын игеріп, осы салада еңбек жолын бастаған екен. Ал, енді Аягөздің өткен өмір жолына үңіліп көрейікші...

Аягөз Қарабау ауыл округіне қарасты Жұмысшы елдімекенінде 1957-жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. Осында мектепке барып, оң солын таныған соң жүрек қалауымен Қаратау тау-кен колледжінің құрылыс бөліміне оқуға түседі. Осында оқып жүріп, өмірлік серігі Мұхамеджан Борашовпен танысады. Осы таныстықтың соңы махаббатқа ұласып, тұрмыс құрады. Жан-жары Мұхамеджан тоғызқұмалақ спортымен айналысады екен. Қол жеткен жетістіктері де көпке белгілі спортшы екенін танытып үлгерген. Ерлі-зайыптыларда қолы қалт етіп босаған сәтте отыра қалып тоғызқұмалақ ойнауды дағдыға айналдырған. Оның соңы Аягөздің тоғызқұмалақ спортын сүйіп ғана қоймай, онымен белшеше кірісіп, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыса бастайды.

Жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Қаратау қаласының чемпионы, түрлі аудандық, аймақтық жарыстарда өзгелерден оза шауып, үлкен марапаттарға ие болады. Оған тағы да дәлел 50-ге жуық түрлі мақтау қағаздары. Аягөздің тоғызқұмалақ спортында қол жеткен жетістіктері Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорты федерациясының басшылары Рахман Керімбаев пен Абдулла Ақшораевтың назарына ілігіп, республикалық тоғызқұмалақ спорт командасына мүше етіп қабылдайды. Бұл Аягөздің ендігі жерде халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік ашады, тіпті ашты да. Қырғыз елінде, Польша жерінде болған халықаралық жарыстарда әріптестерінен басым түсіп, жүлделі оралды. Кезінде Аягөздің тоғызқұмалақ спортында жеткен жеңістері жөнінде «Лениншіл жас», «Спорт» газеттері жарыса жазғанын сарғайып кеткен газет беттерін көріп, оқып, іштей таңданып отырмын.

Айтқандай, Аягөздің ері Мұхамеджанда тоғызқұмалақ спортынан спорт шебері атағына ие екен.

Ал, содан кейін Аягөз Қаратау тау-кен колледжін ойдағыдай бітіріп, жолдамамен туған ауданындағы «ПМК – 2503» құрылыс коллонасына инженер болып еңбек жолын бастайды. Жылжымалы құрылыс коллонасы болғандықтан әрдайым отбасыдан жырақ жүру Аягөзге ауыр соғады. Сондықтан есепші мамандығын алуға бел буады. Оған күйеуі Мұхамеджанда келісіп, көмегін аямайды. Сөйтіп, екінші есепші мамандығын алған Аягөз 1998-жылы аудандық білім бөліміне есепші болып еңбек жолын жалғастырады.

Мұнда қызмет етіп жүріп, өзінің сүйікті спорты – тоғызқұмалақты тастамайды. Аудан, облыс намысын қорғап, талай байрақты бәсекеде жеңіспен оралып, ел мерейін өсіріп жүрді. Бұл жөнінде аудандық спорт бөлімінің басшысы болған Ерғали Есіркепов «Аягөзге ризамыз, талай жарыстарда аудан намысын қорғап, жүзімізді жарқын етті. Аягөздің спорттағы жетістігін өзгелерге үлгі етуіміз керек. Әсіресе, ауданның қыз-келіншектері Аягөзден үлгі алулары керек», – деп ағынан жарылғаны бар.

Міне, бүгінде алпыстың асқарына көтерілсе де Аягөз Қызылбаева өз білгенін, көргенін, өмірлік тәжірибесін өсіп келе жатқан жастармен бөліскісі келеді. Зейнетке шықса да қарап отырмай ауданда құрылған «Әжелер алқасының» белді мүшесі.

Өмірге әкелген бүгінгі ұрпақтарын көріп Аягөз өнегелі отбасының иесі екеніне риза боласың. Ұлдары Дәурен, Дархан, Мәулен, қызы Әсем бәрі жоғары білімді. Өздері қалаған мамандықтары бойынша елге қызмет етіп жүр. Бәрі үйлі баранды. Олардан тараған 9 немеренің әжесі. Аягөз өз өміріне риза. Мұхамеджан екеуі немерелерінің қызықты қылықтарына тоймай бақытты ғұмыр кешуде.

... Атам қазақ «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп тауып айтқан. Шын мәнінде солай. Адаммен жақын араласып, оның өміріне терең үңілсең оның жаңа, әрі жақсы қырынан танисың. Оны білемін, танимын деген бекер сөз. Замандасым Аягөздің өмір жолына терең барлай отырып, оның күйеуі екеуі отбасылық тоғызқұмалақшы спортының шеберлері екендігін, ал Аягөздің республика көлемінде тоғызқұмалақ спорты бойынша чемпион екенін біліп, таңдандым. Таңдандым да, оны газет оқырмандарына жеткізгім келді.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ,

Қазақстанның «Құрметті журналисі».