Өз кәсібін ашып, несібесін табуда

Сейсенбі, 22 Қазан 2019 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 147 рет

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың жағдайын ойластыра келіп, әрбір бала үшін 21 мың теңге көлемінде мемлекеттік атаулы көмек беру жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма беріп, бюджеттен қажетті қаржы бөлгізген болатын.

Бұл мемлекеттік жәрдемақы сәуір айынан бастап, әлеуметтік жағынан зәру отбасыларға шартты түрде тағайындала бастады. Қолдарына қомақты қаржы ала бастаған көптеген отбасылар көп ойланбастан өз кәсібін ашып, бүгінгі таңда жұмыстарын дөңгелетіп отыр.

Атап айтқанда, Қазығұрт ауылының тұрғыны Эльмира Басымова жанұясында 8 адам бар. 1673244 теңге тағайындалған шартты ақшалай көмектің 836622 теңгесін алып, шағын азық-түлік дүкенін ашып, өз несібесін тауып отыр.

Сол сияқты Жаңабазар ауылының тұрғыны Жаныскүл Таскетбаева өзіне тағайындалған шартты ақшалай көмектің 205809 теңгесін алып, ұсақ мал алып, оны бордақылаумен айналысса, Қақпақ ауылының тұрғыны Мейізкүл Стамқұлова шартты ақшалай көмектің арқасында өз кәсібін ашып, сауын сиырлар сатып алып, сүт өндірумен ауылдастарының ықыласына бөленуде.

Ал, Тұрбаттық Умиджон Сайдумаров болса, атаулы көмектің арқасында асхана ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Алтынтөбе ауылының тұрғыны Ернұр Қалымбетов мемлекет тарапынан берілген атлаулы көмекке дән риза. Ол да ақшалай көмектің арқасында сұранысын қанағаттандыруда.

Міне, мұндай ертеңін ойлаған отбасылар көптеп саналады. Олар мемлекетке масыл болмай, өздерінің қалаған кәсібін ашып, мемлекетіміздің нығаюуына күш салуды мақсат етіп отыр. Бұл құптарлық іс.

Ж.МАХАНҰЛЫ,

Қазығұрт ауылы.