Адамды құрметтейік тірісінде

Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 441 рет

Ой. Пікір. Ұсыныс.

                      

Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Оны әркім де өз хал-қадірінше   өкінбестей өткізуге күш салады. Мамандық алады, кәсіппен айналысады. Білімі мен тәжірибесін жетілдіреді. Үйлі – баранды болып, ұл-қыз өсіреді. Үй – жай салып, бау – бақша мен төрт түлік түрлерін өсіреді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, бәрі де артында із қалдыруға әрекеттенеді. Біреудің бағы жанып, тасы өрге домалайды. Ал, екінші біреулердің...

Жә, арғы жағына тереңдемей-ақ қояйық. Себебі, біздің қозғамақ болғанымыз мүлде басқа мәселе. Адамға құрмет, азды-көпті еңбегін  бағалау жайын сөз етпекпіз. Сіңірген еңбегіне қарай адамдар әр түрлі деңгейде марапатқа ілігіп жатады. Қолы қимылдағанның бәріне үлестіре беретіндей марапат шүлен тарату емес. Бірақ, соның бәрі жұрт көңілінен шығатындай әділетті ме? Аудан көлеміндегі   жыл сайын берілетін «Ауданның құрметті азаматы» атағы қашаннан, жылына қанша кісіге   бұйырып жүр? Сол марапатталғандарды елеп-ескерудің жайы қалай?

Белгілі бір   мекемелер мен бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың   атынан тіркелген   азаматтарды   аудан әкімі електен өткізіп барып, аудандық мәслихат депутаттарының назарына ұсынады. Ол кезекті сессияда талқыланып, шешім қабылданады. Сонымен іс бітіп, ауданның алқалы бір жиынында салтанатты жағдайда   иесіне «Ауданның құрметті азаматы» төсбелгісі тағылып, аты жазылған марапат тапсырылады.

Ең алғаш ауданда жылына   аса лайықты деген 4 азаматқа ғана беру ұйғарылған атақ «біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» дегендей, ықпалды кісілердің бірінің ағасы, бірінің жекжаты болғандықтан   жылына   екі, кейде 7 есеге дейін артық берілді.   «Қалтадан да, бюджеттен де шығын шығып жатқан жоқ. Несіне тарыламыз?» деген жалпақшешейлік бой көрсетті.

Алғашқылардың бірі болып атаққа іліккен мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Егемқұл Тасанбаев ағамыз:

        Құдайға шүкір, мен атақтан да, марапаттан да кенде емеспін. Бірақ,

осылардың ішінде өзім туып-өскен ауданымның   еңбегімді ескергенінің орны мүлде бөлек. Ерекше күйде толқып отырмын, – дей келіп: – Сыйымызды алып, шайымызды ішіп отырып сын айтты демеңдер. Бір-бірімізді мақтап, дәріптеумен бірге ауданды көркейту, экономикасын көтеру жағын да естен шығармайық. «Басқа халық өсіп жатыр ер жетіп, Текке отырған көздің жасын көлдетіп, Қашан кетер біздің елден балалық» деп Сұлтанмахмұт ақын жырлағандай, өзге аудандармен салыстырып қарасақ, ауданымыз бір көш артта келеді. Ойланайық осыны, – деген болатын.

Сол сөз қамшы болып, аудан тізгінін ұстаған азаматтар   ұйқыдан оянғандай серпілген еді. Бітпеген құрылыстарды асарлатып , елдің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген қалталы азаматтарды шақырып, акция өткізіліп, бірқыдыру істің басын қайырған еді. Бұл үрдіс әлі де жалғаса түсуі тиіс. Себебі, алға жылжыған сайын өмірдің өзі тың жобалар ұсынары белгілі.

Енді «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру жайына қайта оралайық. Біріншіден, мекемелер мен ұйымдар арнайы жалпы жиналысында бұл атаққа кімнің ұсынылатынын талқылап, жалпы жұртшылықтың пікірі есепке алынғаны дұрыс. Екіншіден, бұрын аудан әкімшілігінің жанында марапаттау мәселесін таразылайтын   арнайы комиссия болатын. Енді ол аудандық қоғамдық келісім ұйымына тапсырылыпты. Дұрыс-ақ шығар. Мұнда да, аудан әкімі мен мәслихат сессиясында да   марапатталатындардың жалпы тізімі оқыла салмай, оның әрқайсысы жеке талқыдан өткізіліп барып іріктелгені жөн сияқты.

Аудан әкімшілігі мен аудандық мәслихат   өзге де құзырлы орын өкілдерімен келісе отырып, құрметті атақты жылына қанша адамға беруді заңдастыруы қажет. Бұл марапатқа тек ірілі-кішілі қызметкерлер ғана емес, қатардағы еңбек адамдары, кәсіпкерлер, дихандар мен шаруалар, дәрігерлер мен мұғалімдер арасынан таңдаулыларын іліктіру – әділеттілік. Тәуелсіздік алған   жылдары   ауданды қысқарудан аман алып қалуға атсалысқан, өзі де тапсырылған жұмысын нәтижелі ілгерілеткен, бүгінде зейнеткерлікте жүрген Файзулла Тұрсынов, аудан экономикасын дамытуға үлес қосқан Камал Шаймерденов, Ілияс Сақбаев, Нұралы Әлімбаев, Қалдыбай Сүлейменов, Қанат Балапанов, Сартбай Оспанов, Төлтай Кенжебаевтардың есімдері де   «ауданның құрметті азаматы» қатарын толықтыруға әбден лайық. Қысқасы, адамдарды еңбегіне қарай көзі тірісінде қадірлеу ләзімдігі әрдайым есте болғаны жөн.

Тағы бір ескеретін жай марапатталғандарды   назардан тыс қалдырмай, елеп-ескеру қажеттігі. Ауданның ірі іс-шаралары өткенде арнайы шақыру, ой-пікірлерін жинақтап отыру пайдалы. Әрқайсысының кәсіптік мерекелерінде, туған күнінде қағажу қалдырмай, құттықтап қойса – олардың мерейі өсіп қалары сөзсіз. «Бізді де іздейтұғын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп Мұқағали ақын жырлағандай, әр адамды шаң басқан архивке жеткізбей, тірісінде қадірлейік, ағайын!

                      Бектай ШЕТЕНОВ,

                   Қазығұрт ауданының құрметті азаматы.