ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Бейбенбі, 18 Ақпан 2021 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 104 рет

Ауданды кімдер басқарған?

Абдумалик агыбай5

Адамзаттың данышпаны Абай: “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың”, – деп өсиет қалдырса, осы қағидаға сай ғұмыр кешіп, тіршілігінде замандастары мен құрбы-құрдастарының алды, өзі бақиына көшкен соң өнегелі ісі мен қызметі кейінгі ұрпаққа, оңтүстіктің қабырғалы жұртына ғибрат болған асыл азаматтың бірегейі Нұртаза Ысмайылов еді.

Нұртаза аға осыдан бір ғасыр бұрын, 1921-жылы 23-ақпанда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында, Көксарай аулында жарық дүние есігін ашыпты. Балалық шағы туған жерінде, Арыс пен Түркістан қалаларындағы мектептерде өткен ол қатар құрбыларынан зеректігімен, білімге құмарлығымен ерекшеленеді.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқына сұмдық апат – аштық нәубетін, зор зобалаң – саяси қуғын-сүргін әкелген өте қиын кезең болғаны белгілі. Су болмас үшін нөсер жаңбырдың астында жанталаса жүгірген жолаушыдай әр жерден пана тауып, аман қалған Нұртаза 19 жасында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында педагогика училищесін тәмамдап, осы облыстың Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы Қарақұм орта мектебіне мұғалім болып барып, көп ұзамай оқу ісінің меңгерушісі қызметіне кіріседі. Елде арнайы білімі бар мамандар жетіспейтін кез. Училище бүгінгі университеттен кем емес. Оның үстіне, аз уақытта іскерлігімен, талапкерлігімен көзге түскен бозбала жарты жылдан кейін осы ауданға қарасты Тегісті орта мектебінің директоры лауазымына бекітіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда елдің ер-азаматтары қатарында майданға баруға сұранған жігіттің бойынан болашақ жас офицерді көрген әскери комиссариат Нұртазаны Өзбекстанның Андижан қаласындағы әскери училищесіне жібереді. 1943-жылдың басында оны үздік бітірген кейіпкеріміз 347 атқыштар двизиясының құрамында әуелі взвод, одан соң рота командирі болып Кавказ бен Қырымды, кейін Балтық теңізі бойын фашистік басқыншылардан тазарту жолындағы соғыс қимылдарына қатысқан екен. Қасым ақын:

Өмір гүлін жаншып, таптап,
            Шаштан сүйреп махаббатты,
            Жерімізде жындай қаптап,
            Найзаға іліп ар-ұятты, –
            Келе жатты сұм жендеттер,
            Жиіркеніп,жиырылды жер, – деп суреттеген сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы, қарамағындағы жауынгерлерін ұрысқа дайындап, сәтті ұрыс операцияларын жүргізгені үшін жас командир Қызыл жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, тағы да 4 жауынгерлік медальмен марапатталды. Сондай-ақ, Кеңестер Одағы Жоғарғы Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің бұйрығымен Нұртаза ағаға төрт мәрте алғыс жарияланыпты.

Оны марапаттау үшін жолдаған ұсыныс парақтардың бірінде былай жазылған: “Ысмайылов жолдас 1944-жылы 25-сәуірде Қырым АССР-ы Бақшасарай ауданы, Белбек аулы маңындағы позицияларды кеңейту және жақсарту үшін жүргізілген ұрыста ерлік пен батылдық және взводты жақсы басқару қабілетін көрсетті. Ысмайыловтың взводы немістердің 4 қарсы шабуылын сәтті тойтарып, өздері шабуылға шықты. Сөйтіп, неміс фашистерінен белгісіз биіктерді тартып алды. Осы ұрыс барысында 25 неміс және жаудың 8 пулемет нүктесі жойылды. Ысмайылов жолдастың өзі танк қирататын гранатамен бір пулемет нүктесін жойып, жаудың қарсы ұрыс жоспарын болдырмай тастады”. Екіншісінде: “1944-жылдың желтоқсан айынан бастап полкте болған кезінде Ысмайылов жолдас өзін батыл да бастамашыл офицер ретінде танытты. 1945-жылдың 23-30 қаңтары аралығында Балтық бойын азат ету шайқастарына қатысып, Колету МЗ аймағында 2-ші және 3-ші атқыштар роталарының жауынгерлік тәртібін реттеді. Жеке өзі жаудың атыс нүктелерін анықтап, оларды минометтермен атқылауды басқарды. Ол осылайша фашистердің 8 атыс нүктесін, 4 станокті пулеметін, 2 зеңбірегін және 2 минометін жойып жіберуді ұйымдастырды. Ұрыс кезінде жауынгерлеріне тірек болып, ұстамдылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті”.

Әскери қызметте қалудың үлкен мүмкіндігі болса да, бейбіт өмірді аңсаған Нұртаза екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң елге оралды. Капитан шенінде. Туған жерге келісімен Оңтүстік Қазақстан облысы Киров аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып еңбекке араласқан жігіттің алдында үлкен міндет, ауыр тапсырмалар тұр еді. Соғыс жылдарында һәм оның алдындағы күрделі кезеңдерде тұралаған елдің экономикасын көтеру, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, жаппай орта білім беру жұмыстарын қатар жүргізуге тура келді. Нұртаза басқаратын сала да ауыр халде еді. Мектеп ғимараттары ескі, оқулықтар, оқу құралдары жетімсіз. Ең бастысы, жас ұрпаққа саналы тәрбие, білім беретін білікті ұстаз, пән мамандарының жетіспеушілігі болатын. Өзгелерден біліктілікті талап ету үшін ең алдымен өзің білімді болуың керек. Сондықтан, Н.Ысмайылов еңбек ете жүріп 1953-жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін тәмамдады.

Өзі 1951-жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы халыққа білім беру басқармасы басшысының бірінші орынбасары міндетін атқаратын еді. Көп ұзамай басқарма тізгініне ие болды. Педагогика саласында қызмет жасағаннан кейін педагогтардан шәкірттерінің дүниені танып білудегі адам ақыл-ойының мүмкіндігін жоғары бағалауды талап етті. Сондықтан, әрбір жағдайға сай әрекет ету, дұрыс пайымдау туралы ғылыми логикаға қатты мән берді.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары басшылық қызметтерге іскер, тәжірибелі педагогтарды тарту, олардың адамдармен қарым-қатынас жасау, еңбекке жұмылдыру қабілетін өндірісте пайдалану бастамасы белең алды. Сөйтіп, 1954-жылы Н.Ысмайылов Шымкент облысының Фрунзе аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бірер жылдан кейін Шаян ауданына тура осындай қызметке ауыстырылды. 1958-жылы Қазақстан Компартиясы Шаян аудандық комитетіне бірінші хатшы болып сайланды. Ол уақытта барлық билік партияның қолына шоғырланғандықтан, бұл үлкен әрі жауапты қызмет еді. Орда бұзар отыздың ішіндегі Нұрекең колхоз-совхоздардың жұмысын ұйымдастыруға білікті мамандарды тартып, шаруашылықты ұйымдастыруға ғылым жетістігін пайдаланып, мал тұқымын асылдандыру, егістік алқаптарды ылғалдандырудың озық технологиясын қолдану сияқты істерге көңіл бөледі. Сөйтіп, астық жинау мен қой түлігінің өнімділігін арттыруда шаяндықтар облыста алдыңғы шепке шығады.

Мемлекетті басқару тізгіні Н.Хрущевтің қолына тиген кездері елде көптеген тәжірибе жүргізілгені белгілі. Соның бірі – жеке аймақтарда құрылған өндірістік басқармалар. Кеңес билігінің кезекті экспериментінде Нұртаза аға Оңтүстік Қазақстан өлкелік халық ағарту басқармасының меңгерушісі болып бекиді. Осылай 1962-1964 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша халыққа білім беру саласына басшылық жасап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, оларға білім беру ісімен белсене айналысады. Оның педагогтық іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінген мезгілі осы кезең болатын. Өлкеде жаңа типтегі мектептер салына бастады, білім беру мекемелерінің материалдық базасы нығайды. Өзі Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанды.

1964-жылы Н.Ысмайылов қайтадан партия жұмысына ауысып, Қазақстан Компартиясы Алғабас (бұрынғы Шаян, қазіргі Бәйдібек) аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Бейбіт кезеңде де майдандағыдай жанын сала қызмет атқарған оның еңбегі мемлекет тарапынан лайықты баға алып, көптеген марапаттарға ие болды. Соғыс жылдары тоқыраған ел экономикасын дамытуға, халыққа білім беру саласын жақсартуға қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту және “Құрмет белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен, 1971-жылы Қазақ КСР-інің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы жылы сегізінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.

Кеңес билігі дәуірінде басшыларды деңгейлес қызмет орнына ауыстыру, соның ішінде іскер адамдарды экономикасы әлсіреген әкімшілік бөліністерге жіберу тәжірибесі болғаны белгілі. 1975-жылы сол тәртіппен Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Тәжірибелі басшы маман таңдау мен тағайындауда дұрыс таңдау жасап, соның нәтижесінде қазығұрттықтар астық жинауда, қой өнімдерін өндіруде тамаша табысқа қол жеткізіп, Оңтүстіктің аграрлы өңірлерінің ішінде алдыңғы шептен көрінеді. Аудан экономикасының жақсаруы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсаруына да оңды ықпалын тигізіп, елдің еңсесі күрт көтерілгені осы жылдар. Нәтижелі еңбек Нұрекеңді де абыройға бөлеп, кеудесін Октябрь революциясы, тағы да екінші рет Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендері жарқыратса, Қазақ КСР-інің екінші Құрмет грамотасы да мәртебесін одан әрі арттыра түсті.

Қазақстанның миллиард пұт астық жинауына және қой басын өсіріп, өнімін көбейтудегі табыстары еселенуіне орай облыстарды аралауға шыққан Қазақстан Компартиясының басшысы, халықтың даңқты ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаев оңтүстікке сапар шексе, ат басын Нұртаза Ысмайылов басқарған ауданға тірейді екен. Мұны ол зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі сұхбатында атап көрсетіп, Нұрекеңнің қарапайымдылығына, іскерлігіне, адамгершілік, ізгілік қасиетіне тәнті екенін айтады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов Түркістан өңірінің тіршілігі арқау болған “Өскен өркен” романын жазарда Алғабас ауданының басшысы Нұрекеңнің үйінде бірнеше күн қонақ болып, болашақ шығармасы үшін дерек жинайды. Шығармада алғабастықтардың 1959-1960 жылдың ауыр қысындағы табиғат апатымен күресі кестелі өрнекпен суреттелген. Осы шығармадағы Мұрат Қасымов есімді кейіпкерінің прототипі Нұртаза Ысмайылов еді.

Рухани жан дүниесі бай, әдебиет пен өнер төңірегінде әңгіме өрбітуге құмар Н.Ысмайылов Мұхтар Әуезовпен тығыз қарым-қатынас жасап, хат алысып тұрумен қатар, Әбділдә Тәжібаев және Тұрсынбек Кәкішев тәрізді белгілі әдебиетші, жазушылармен де жарастықта болғаны белгілі. Соның ішінде, Тұрсекең замандас ағасы Нұрекеңнің Саттар Ерубаев туралы естелігіне қатты тәнті болып, ризашылықпен айтады. Қазіргі қазақ поэзиясының шынары Мұхтар Шаханов Саттар Ерубаевтың өмірі арқау болған “Жанерке” поэмасын Нұртаза ағасына арнаған екен.

1982-жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықса да, Нұрекең қызметтен қол үзбей, Шымкент облыстық кәсіподағына қарасты облыстық кино кеңесінің төрағасы болып еңбектенді. Ол қала мен облыстың экономикасы дамуына, мәдени және рухани өркендеуіне хал-қадірінше үлес қосты. Кейінгі буынның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың бойына интернационалдық, принципшілдік, адамгершілік қасиеттердің берік орнығуы үшін белсенді жұмыс жүргізді.

Нұртаза Ысмайылов жетпіс жасқа қараған шағында, 1990-жылы, тамыздың оны күні қайтыс болды.

Халқымыз “көмекей әулие” деп әспеттеген Бұқар жырау “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген аталы сөз айтқан екен. Соңында жақсы істері қалған Нұртаза ағамыздың да аты өлген жоқ. Онымен қызметтес болған ардагер ағалардың және жергілікті халықтың ұсынысымен Шымкент, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Қазығұрт аудандарының орталықтарындағы, Отырар ауданының Көксарай аулындағы көшелерге, Мақтаарал ауданында орта мектепке Н.Ысмайыловтың есімі берілген. Елі үшін, болашақ ұрпақ үшін еңбек еткен, ерлік жасаған Нұртаза ағамыздың өзі ортамызда жоқ болса да, есімі, рухы кейінгі буынмен бірге жасап, ісі көпшілікке үлгі-өнеге болып келеді. Бұл - нағыз ердің сыбағасы, осы өмірден алатын үлесі.

Әбдімәлік АҒЫБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.