ШАРБҰЛАҚТАН ШЫҚҚАН ҚОС БӘЙТЕРЕК

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 60 рет

205 Байсүгір ата мен Мария әже

Бұл өмірде ең жүйрік уақыт бір сәт те тоқтамай, көзді ашып-жұмғанша сынаптай сырғып отырады екен. Өткен уақыт тарихқа айналады. ХХ ғасырдағы кешегі өткен Кеңес Одағы деп аталатын мемлекетте бар билік Коммунистік Партияның басшылығында болып, соның уысынан шыға алмадық. Одаққа қараған біздің қоғамымыз дамудың бір сатысынан өткендей болды. Толық сауаттылыққа осы кезеңде жеттік, білім-ғылымымыз дамыды. Бұрын болмаған қалалар салынды, өнеркәсіп орындарының небір түрлері ашылып, дүние жүзінің дамыған елдері қатарына қосылдық. Әрине, қазақ қоғамы үшін жасалған ашаршылық секілді әділетсіз қатыгездік, жазықсыз жазалау, ату-асу, айдаулар да орын алды.
Бұл күнде ол заманның барлығы – біз үшін тарих. Ал, тарих – тағдыр, жазмыш, оны сол қалпында қабылдап, болашақта жақсысынан өнеге алуға, жаманынан алшақ болуға тырысудан басқа ешнәрсе істей алмаймыз. Сондықтан тарихты өзімізден кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында, асырусыз-жасырусыз шынайы қалпында жеткізу әр ұрпақтың парызы болмақ.
Бүгін өз тағдырының жазмышымен сол тарих дөңгелегіне ілесіп, партияның сапынан алғашқылардан болып, табылып, елді бастауға, басқаруға араласқан Шарбұлақтан шыққан қос шынардай бәйтеректеріміз туралы азырақ сөз айтпақпын. Алғашқы әңгіме 1905-1971 жылдары ғұмыр кешкен Байсүгір Әбдірахманов туралы болмақ.
Шарбұлақтағы кедей-шаруа отбасында дүниеге келген Байсүгір ата алғаш ауыл орталығында молда Төле атадан ескіше сауат ашып, 1917-жылы Самарқандағы діни медресеге оқуға түседі. Ол медреседе араб тілін жақсы меңгеріп, бітірген соң ауылға келіп имамдық қызмет атқара бастайды. Алайда, сол кезде елдегі төңкеріс жасаған өзгерістер атаның өмірін де басқа жолға салады. Ауылдағы алғашқы артелдердің біріне есепшілікке ауысып, елдегі жаңа тәртіпке белсене араласады.
Б.Әбдірахманов 1928-жылы Қызылорда қаласындағы партия мектебіне түсіп, оны бітірген соң, жолдамамен Орал облысы, Шыңғырлау ауданына жіберіледі. Сол жерде партия жұмысында жүріп, өмірлік жары – Мария Айтжанқызымен танысып, екеуі отау құрады.
Мария апамыздың әкесі Айтжан ақыл-парасатты, елге абыройлы, сөзі өтімді, дәулетті, бай, шешен тілді кісі болған екен. Ол тұрмысқа шығып, сонау елден жырақ Оңтүстік өңіріне бара жатқан қызым Мария жалғызсырамасын, сол жақта оның төркіні болып отырсын деген ниетпен оның жанына өзінің ең кіші бауыры Бақтыгерейді қосып жіберіпті.
Содан Байсүгір ата 1935-жылы Шымкент қаласына келіп, Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде екі жыл оқып, бітіргеннен соң 1937-1939 жылдары қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданында партия ұйымында хатшы болып істейді. 1940-жылы елге оралып, Қаратас аудандық партия комитетінде жауапты қызметте болады.
Ұлы Отан cоғысы басталған кезде тылдағы еңбекті ұйымдастыруға қажеттігі ескеріліп, бронмен қалдырылған Байсүгір ата аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Соғыстың қызып тұрған кезінде, 1942-1945 жылдары аудан жаршысы – «Большевиктік колхоз үшін» (осы күнгі «Қазығұрт тынысы») газетінің бас редакторы болып істеген.
1946-1960 жылдары аудандық атқару комитетінің хатшысы, төрағаның орынбасары, тағы басқа жауапты қызметтерде болған.
1967-жылы аудандар іріленген кезде Ленгірге қосылған ауданды қайта қалпына келтіру өтінішімен аудан ақсақалдары атынан Байсүгір Әбдірахманов пен Садық Кемелов екеуі республика басшысы Д.Қонаевтың қабылдауында болады.
Өнегелі өмірімен есте қалған Байсүгір ата өзіне өте талап­шыл, ұқыпты болып, өзгелерден де соны талап ететін адам болған екен. Күнделік жүргізіп, өмірінің әр күнін қағазға түсіріп, жоспармен өмір сүруді әдет етіпті. Ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін көптеген үкімет наградаларымен марапатталған. Ол кісі Шарбұлақтың ең алғашқы коммунистерінің бірі, 1930-жылдан партия мүшесі.
1971-жылы тамызда Байсүгір ата мезгілсіз дүниеден өткенде, атаның қырық жылдық партиялас досы Құрбанбек Пірназаров Шарбұлақтағы колхоз басшылығына зират басына ескерткіш үй тұрғызу ұсынысымен шығады. Осы ұсыныстан соң, Қайып ата мазаратында шаруашылық күшімен тұрғызылған бірден-бір ғимарат – Байсүгір атаның ескерткіш ғимараты тұрғызылады.
Мария Айтжанқызы – өте сымбатты, ерін сыйлап, басын төрге оздырған, қашанда мерейін көтерген ақыл-парасатты кісі болған. Оның әкесімен туысқан ағасы Бақтыгерей ата мен жеңгесі Қырмызы әже осы арада төркіні болып отырған.

206 Құрбанбек ата мен Әбу әже
Байсүгір Әбдірахманов үлкен жүректі, адамгершілігі мол, ақыл-парасат иесі болып, халықты басқарып, елдің жоғын түгендеуге атсалысып, өз замандастары Садық ­Кемелов, Абдулла Бахрамов, Балқия Фазыловтың отбасымен жақын араласып, достық қатынаста болған. Осы достық қатынаста Мария әже өте жоғары дәрежеде рөл ойнап, Аллаға азаншыл, ағайынға қазаншыл болып, қолы ашықтығымен кейінгілерге үлгі көрсеткен. Ата мен әже өнегелі істерімен ел жадында ұмытылмастай сақталып қалған.
Бұл күнде Байсүгір ата мен Мария апаның екі ұлы Өмірзақ пен Асқардан 16 немере тарап, бәйтеректен өрбігендей үлкен әулет өсіп-өніп, жұрт қатарлы еңбектеніп өмір сүруде. Мария Айтжанқызы – шөбере мен шөпшек сүйіп, батагөй болып, кейіндеу өмірден өтті.
Ал, Құрбанбек Пірназаров ата қазіргі Қазығұрт ­ауданы, Шарбұлақ ауылында қарапайым шаруа отбасында 1904-жылы дүниеге келген. 1917-1925 жылдар аралығында Өзбекстандағы Ташкент уездінің Қауыншы ауылында құлдықта жұмыс істеген. Одан сол жақтағы Ағашты ауылын­да Қолдас байдың қолында жұмысын жалғастырады. 1926-1927 жылдары қазіргі Қазығұрт аудан­ында қарасты №12 ауылда Алыбек байдың қолында атқосшы болады. 1927-1928 жылдары Тұрбат ауылында милиция бөлімінің милиционері, 1928-1929 жылдары №12 ауылда Қосшы одағының төрағасы, 1929-1930 жылдары Шарбұлақ ауылының Жаңа-Бақыт колхозының төрағасы, 1931-1932 жылдары Куйбышев колхозының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылы, Ынталы колхозының төрағасы, 1936-1938 жылдары Куйбышев колхозының төрағасы, 1938-1942 жыл аралығында, осы күнгі Қазығұрт ауданындағы, Қызылдихан колхозының председателі қызметтерін атқарған.
1942-жылы сұранып Ұлы Отан соғысына қатысуға кетеді. Онда, Рига қаласының №13 атқыштар полкінің минометчигі болып соғыстың отты жерлерінің бірінде болады. Бірақ, сол жылы қайта елге басшылық қызметке де адам керек болған соң, елге шақырылады. Ұлы Отан соғысы ерліктері бағаланып «Ерлігі үшін» медалімен, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, 10 шақты мерекелік Ұлы Отан соғысы Жеңісі медальдарымен марапатталған.
Соғыстан оралған соң, 1945-1946 жылдары Қазығұрт ауданы, Қызылқия колхозының төрағасы, 1946-1948 жылдары Тұрбат ауылы, Еңбек ауылының председателі, 1948-1949 жылдары Шарбұлақ ауылы, Куйбышев колхозының төрағасы, 1949-1950 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров колхозында колхозшы болып еңбек еткен, 1950-1958 жылдары Киров колхозында мақта бригадасының бригадирі, құрылыс бөлімінің бригадирі, шопандық қызметтер атқарған. 1962-1969 жылға дейін осы колхозда құс фермасында еңбек еткен. 1969-жылдан дербес зейнеткер. Қазығұрт ауданында жиырма бір жылдай колхоздардың председателі болған, Шарбұлақ ауылынан шыққан алғашқы Кеңес Одағының коммунистік партия мүшесі. Оның сапында 1929-жылдан кандидат, 1930-жылдан толыққанды мүшесі болған. Құрбанбек Пірназаров қария елге үлкен еңбегі сіңген азамат. Еңбегі бағаланып «В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл» мерекелік медалімен, «Еңбек ардагері», «КПСС сапында 50 жыл», «КПСС сапында 60 жыл» төсбелгілерінің иегері.
Жұбайы Әбу Пірназарова жеңгеймен төрт ұл, бір қыз өсіріп, 36 немере, 101 шөбере өсіріп кеткен ата мен әже. Әбу әже 101 жасында 2016-жылы дүниеден өтті. (Бұл материал Т.Шынтасовтың «Шарбұлақ сыр шертеді» кітабынан алынды).
Қазіргі күнде Шарбұлақтағы үлкен көшелердің бірі Құрбанбек Пірназаровтың есімімен аталады.


Кәрім АППАЗОВ.