ТӘУЕЛСІЗДІК – АЩЫ ТЕРМЕН КЕЛГЕН ТӘТТІ ЖЕҢІС!

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 67 рет

 

60cc296ec7442Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991-жылы 16-желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Тәуелсіздік! Сан ғасыр азаттықты, елдікті аңсаған қазақ халқы бүгінгі таңда тәуелсіздіктің, бейбіт өмірдің шұғылалы ақ таңымен оянуда. Осынау ғажайып, тәуелсіздіктің ақ таңы оңайлықпен атқан жоқ. Бұл жолда қаншама боздақтарымыз теңдік үшін аянбай күресе, жандарын қиды! Аллаға шүкір, бүгінде еліміз ынтымағы мен бірлігі кемеліне келіп, күннен-күнге қарыштап, биік белестерге ұмтылдық. Санаулы уақыт көшінде еліміз бүкіл әлем елдерінің арасында өзінің дара өрнегін салып үлгерді. Осы тұста Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еселі еңбегін зор мақтанышпен атап өткім келеді. Елбасымыз еліміздің жарқын да бейбіт, жасампаз ғұмыр кешу жолында қажырлы еңбек етуде. Елбасымыздың ұтқыр да биік көшбасшылығының арқасында елімізді әлем таныды. Ендеше, тәуелсіздігіміздің осынау ақ таңы мәңгілік болғай!
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.
Елінің тәуелсіздігін аңсап өткен ата-бабаларымыз басынан нені өткермеді? Қандай қиыншылықтар көрмеді? Оған бабаларым жүріп өткен тарих беттері куә... Сөзім дәйекті болу үшін Елбасының сөзінен мысал келтіргім келеді: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ, басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды». Біз – бақытты ұрпақпыз... Себебі, ата-бабамыз көрген шапқыншылықты, табаны тілім-тілім болған босқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай боздақтың жанын, жақынын алған сұм соғысты мына біздер, жас ұрпақ көргеніміз жоқ. Бейбіт өмірмен қатар, аталарым армандаған, өз қолы жетпесе де келер ұрпағы үшін күрескен, қазып қалсаң асты қазынаға толы кең байтақ жерді, бай тілді, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүрді, ең бастысы тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан жарқын ұрпақпыз.
Біздер, жас буын, тәуелсіздік тағылымдарын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруымыз керек. Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат. Сондықтан да, бәріміз еліміз үшін еңбектеніп, халқымыз үшін қызмет істеуіміз керек. Тәуелсіздікті қорғап, оны қастерлей білу – тек біздің қолымызда. Мен осындай еркін, азат елдің азаматшасы екенімді мақтан етемін! Күн дидарлы Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етіп, кірпіш болып қалану, тәуелсіздік туын биік ұстау – перзенттік парызымыз.
Біз тәуелсіз, азат елміз, біз Мәңгілік елміз! Тәуелсіздігіміздің 30 жыл бойы басынан өткерген жетістіктеріне қуана отырып, біз қазақпыз, мен қазақпын! – дегім келеді. Қазақ болып туылғаныма әрқашан мақтанамын. Тілім – туым, жерім – жақұтым, дәстүрім – байлығым, елім – бабамнан қалған асыл мұрам. Сол мұраны көзімнің қарашығындай қорғап, бүгінгі толқынға жеткізу менің мұғалімдік міндетім және бүкіл қазақтың азаматтары мен азаматшаларының қасиетті борышы.

Гүлнизат ҚҰТЫМБЕТ,
«Ащыбұлақ» жалпы орта білім беретін
мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.