ЖАНАРСЫЗ ДА ЖАРЫҚ ӘЛЕМ

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 104 рет

2 1

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету – еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Оларға қолдау көрсету қоғамның ортақ міндеті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғауды мемлекет басшысының өзі басты назарға алып отыр.
Тарамдалған тағдыр жолы біреулер үшін соқпаққа толы болса, енді біреулер үшін тақтайдай тегіс. Тағдырдың тауқыметімен күрескен зағип жандардың тірлігі қиындыққа толы. Алайда, көру мүмкіндігі шектелсе де, олар қол қусырып, қарап отырмайды. Тек үйде ғана емес, қоғамдық шараларға да белсенді қатысып, өз өнерлері мен шығармашылықтарын көрсетіп отырады.
Жуырда аудан орталығындағы «Ханшайым» мейрамханасында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының 30 жылдығы аясында Дүниежүзілік зағиптар күніне арналған «Жанарсыз да жарық әлем» атты мерекелік іс-шара өтті. Облысымыздың өзге де аудандарынан келген көзі ғаріп демесең, көңілі жарық жандар бір-бірімен қауышып, бір марқайып қалды. Мерекеге орай жайылған дастарханнан дәм татып, емін-еркін әңгімелесіп, өзара пікір алмасу, жағымды жаңалықтармен бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әннен шашу шашып, қонақтардың көңілін көтерді.
Іс-шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Серкебаев, «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Исақұлов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Кулимов, Сарапхана ауыл округінің әкімі Ә.Тұрғараев ізгі тілектерін білдіріп, мерекемен құттықтады.
Дүниежүзілік зағип жандарды қолдау күніне орай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін зағиптар қоғамының аудандардағы өкілдері Келес ауданынан П.Шоңғараева, Сарыағаш ауданынан Ж.Тойлыбаева, Ордабасы ауданынан З.Айтек, Қазығұрт ауданынан С.Дәндібаев, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Ақсукент» корпоративтік қорының төрағасы Н.Жұмағұлов аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және зағиптар қоғамының бір топ мүшелері «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының «Алғыс хатымен» марапатталып, сый-сияпат жасалды.
Шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.


Олжас Зайыров.