ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК, ТҰҒЫРЫ БЕРІК БОЛСЫН!

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 117 рет

16-желтоқсан – сан ғасыр аңсаған ата-баба арманы орындалған күн. 1991-жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991-жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990-жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларациямен бірге қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеті мойындады.
Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған ұлы тәуелсіздік мейрамы! Осынау ұлы тәуелсіздік ұғымы әр қазақтың жүрегінің терең түкпірінен ойып тұрып орын алары сөзсіз. Көк аспанда қыранымыз биікте қалықтап, әр таңда күліп оянып, әр кеште тыныш ұйықтауымыздың өзі осы азаттықтың арқасы деп білеміз. Тәңірге тәуба!
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ең үлкен аманаты. Сондықтан, оның мәнін ұғынып, баянды да мәңгі болуына аянбай қызмет ету – басты парызымыз.
Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жас­тайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
Отан, Отан бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен!
– деп өткен ғасырда жүрегінен сыздай жырлаған ақын сөздері бүгінгі ұрпақтың санасында өшпестей жаңғырып тұрады. Қасиетті Отан ұғымы қандай кезде де, қандай қиындық пен қуанышта да, тіпті отаршылдықтың тар қапасында тұншығып жатқанда да, ел басына күн туған аласапыран шақтарда да, және бүгінгідей тәуелсіздіктің бейбіт те шуақты күндерінде де әрқашан да бәрінен де биік тұрады.
Әрдайым еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!


А.СМАЙЛОВ,
Қазығұрт аудандық
сотының бас маманы.