ҚАЙСАР ҚАЗАҚ АТАНҒАН БОРАНБАЙ БАРЛАУШЫ

Жұма, 20 Мамыр 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 172 рет

Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі ең қанқұйлы ауыр шайқастардың бірі – Мәскеу маңындағы Ржев қаласының түбінде орын алды. Фашистер 1942-жылдың 8-қаңтарында қалаға басып кірді. Алайда қазақтың қайсар жігіттерінен құралған 100-інші және 101-інші жеке атқыштар бригадасы жау жолына бөгет болды. Алматыда 1941-жылы 20-желтоқсанда жасақталған 100-інші жеке атқыштар бригадасының құрамында қызмет еткен біздің жерлесіміз, өте жігерлі, сондай отты, қайсар мінезді шарбұлақтық Боранбай Ысмайылов та сол Ржев қаласындағы жаудан қорғану мезгілінде әскери тапсырмаларды үлгілі орындап, ерен жанкештілік ерлік ісімен көзге түскен еді.
Он бес айға созылған азапты шайқастың сегіз айы тоқтаусыз неміс әскерлеріне төтеп берумен өтті. Бірінші Ржев-Сычёв операциясының Калинин шебін генерал-полковник И.С.Конев, ал Батыс шебін армия генералы, атақты қолбасшы Г.К.Жуков басқарды. Олар генерал-полковник В.Модель басқарған немістің 9-армиясына қарсы соғысты. Сонымен бірге, осы кезде генерал-фельдмаршал Г.Фон Клюге басқарған фашистік «Орталық» тобы кеңес сарбаздарына қарсы тоқтаусыз соғысқа көшкен болатын. Алайда кеңес сарбаздары Мәскеу мен Туль облыстарын, сондай-ақ Калинин және Смоленск облыстарының біраз ауданын аса қаһармандықпен қорғап қалды.

07       Боранбай Ысмайылов
Шайқас салдарынан 777 мыңға жуық кеңес сарбазы шейіт болды. Ал, армия генералы Жуков басқарған Екінші Ржев-Сычёв операциясы («Марс» операциясы) үш аптаға созылды. Осы шайқаста кеңес сарбаздары табандылық көрсетіп, нәтижесінде 1943-жылдың қысында Модель армиясы шегінуге мәжбүр болды. Неміс әскерлерін шегіндіру операциясы «Буйвол» атымен тарихта хатталып қалды. Кеңес әскерлері жаудың қолын Мәскеуден 160 шақырымға шегіндірді. Өкінішке қарай, бұл ұрыста 39 мыңға жуық кеңес қызыл әскер жауынгері қаза болды. Арада 15 ай өткенде, 1943-жылдың наурызында Батыс майданның 30-армиясының әскерлері тарапынан Ресейдің Ржев қаласы дұшпаннан азат етіліп, аталмыш шайқас негізінен қайсар қазақтардың жанкештілігінің арқасында жеңіспен аяқталды.
1942-жылы 22-қарашада «Отан үшін» газетінде жарық көрген «Қазақтар» атты очеркінде орыстың көсемсөзшісі, әскери тілшісі Илья Григорьевич Эренбург тұтқынға түскен немістің сөзін былайша келтірген екен: «Бір фриц маған былай деді: «Бізге қарсы жаужүрек жауынгерлер соғысты. Оларды ешқандай от тоқтата алмайтын. Тура бізге қарай тікелей шабуылдап ұмтылды. Кейін олардың қазақтар екенін естіп білдім. Бұрын мұндай халық бар екенін білмеген екенмін».
Фрицтер ешкімді танымайтын. Оларға Кеңес Одағы үлкен ел екендігі хабарлағанмен, бұл елде үлкен ұлттардың бар екендігі айтылмады. Қазақтар орыстармен бірге соғысты».
Сол орыстың жорналшысы, белгілі ақын-жазушысы айтқандай, қайсар, өжет мінезді, оттай жалынды қазақтардың бірі – ауданымыздан шыққан қаһарман қызыл әскер жауынгері Боранбай Ысмайылов болып саналады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі қазақ сарбаздарының ерен жауынгерлік ерлігі құрметіне Ржев қаласында аумағы 1,5 мың шаршы метрді қамтыған Мемориалды кешен ашылған болатын. Молодой Туд елді мекенінде 100-інші және 101-інші жеке атқыштар бригадасына арналған мұражай бой көтерді. Кешен Ақтөбе облысының бюджетінен бөлінген 100 миллион долларға тұрғызылды. Сол 2010-жылы ескерткіштің ашылу салтанатына «Жеңіс пойызымен» қазақстандық делегация қатысып қайтты. Делегация құрамында Ржев қаласының түбіндегі шайқасқа қатысқан соғыс ардагерлері мен олардың ұрпақтары болды. Ржевке бару құрметі шарбұлақтық соғыс ардагері Боранбай Ысмайыловтың баласы Құралбайға бұйырды. Оның әкесі екі мәрте «Ерлігі үшін» медалінің және ІІІ дәрежелі, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері еді. Әкесінің шайқас жолдарын өз көзімен көріп қайтқан Құралбай Боранбайұлы былай дейді: «Шымкенттен шерулетіп бізді пойызға шығарып салды. Жолай Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларында аялдадық. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіштеріне соқтық. Сонан соң Саратов қаласының көрікті жерлерін араладық. Елімізден жолға шыққан 60 адамның үшеуі біздің облыстан болды. Орыс ағайындар бізді: «Батыр халықтың ұрпақтары!» – деп зор ықыласпен қарсы алды. Соғыс кезінде Ржев қаласында Қазақстанда құрылған 100-інші және 101-інші қазақ бригадасы жанқиярлықпен шайқасқан екен. Онда қандастарымыздың 90 пайызға жуығы қаза болыпты. Бүгінде шайқас болған жерде ескерткіш орнатылып, 2000 бауырымыздың есімдері алтын әріппен жазылыпты. Арнайы мұражай да ашылыпты. Бұл салтанатты жиыннан сондағы қандастарымыз да шет қалмапты. Барлығы да қазақ жауынгерлерінің соғыс кезіндегі қайсарлығы мен темірдей төзімділігін айтып тауысар емес. Сол күні біздің атымызға қошамет пен мақтаулар жауды. Шейіт болған боздақтарымыз орнынан бір аунап түскен болар. Зеленоград қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №229 және Мәскеудегі Ә.Молдағұлова атындағы мектептерге бардық. Екі мектеп алдына қос батырдың мүсіндері сомдалып орнатылыпты. Мектеп дәулеті мен сәулеті үйлескен, алыстан менмұндалайды. Оқушылар тарапынан өнер көрсетіліп, Әлия мен Бауыржанның батырлығы сөз етілді. Мәскеуліктер осылайша бізді ерекше ілтипатпен шығарып салды. Мен өз арамызда «Батырдың баласы» атандым. Өйткені, менің әкем ғана жоғары дәрежелі қос «Ерлігі үшін» медалімен және ІІІ-ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған екен».
Қазығұрт ауданының тумасы, соғыс және еңбек ардагері, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы майданында ерен ерлік көрсеткені үшін екі мәрте «Ерлігі үшін» медалінің, сондай-ақ, «ІІІ дәрежелі Даңқ» және «ІІ дәрежелі Даңқ» қос орденнің иегері болған шарбұлақтық Боранбай Ысмайыловтың (1922-1998) көзі тірі болғанда, ағымдағы жылы 100 жасқа толар еді. Расында да Боранбай атамыз сол бір ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары барынша қаһармандық көрсетіп, ең жоғары жауынгерлік, жанқиярлық ерліктің бірнеше үлгісін танытқан. СССР Қорғаныс министрі Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай, соғыс ардагерін көзі тірі күнінде 1986-жылы 1-тамызда «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен (Ресей Федерациясы, Қорғаныс Министрлігінің орталық архиві, Мерекелік марапаттау картотекасы, 22-шкаф, 15-суырма, құжат №55) марапаттауы да өте лайықты болатын.
Табиғи тумысынан қайсар мінезді, жауды жеңу мақсаты жолында жалынды жүрегімен ешқандай қауіп-қатерден жасқанбаған Б.Ысмайылов ең жоғары дәрежелі Кеңес Одағының Батыры атағын алуды да ойлаған екен. Жазушы Әнуар Ысмайылов мықты темір генерал атанған Сабыр Рақымов туралы жазған «Ерлікке толы ғұмыр» атты кітабында шарбұлақтық майдангерді былайша еске алады: «Қазығұрт тауы маңындағы елді мекендерді аралағанда есіме Ысмайылов Боранбай ағамды еске аламын. «Даңқ» орденінің І дәрежесіне ғана жетпей қалдым, құрғыр соғыс бітіп қалды», – деп күлетін еді батыр ағамыз... Ағаның жарқын бейнесі ел мен жұрттың есінде қалды».
Батыр атамыз негізі сұрапыл соғыста үш мәрте жарақат алған. Бірде қолынан, екіншісінде аяғынан, ең ауыры жамбасынан жарақаттанып, үшеуінде де госпитальда емделіп, соғысқа қайта аттана берген. Жігерлі де отты, сондай қайсар, жалынды қызыл әскер жауынгерінің жаудан ешбір беті қайтпаған.
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы, Қаратас (Қазығұрт) ауданы, Шарболат ауылдық кеңесіндегі «Ынтымақ» колхозында Ысмайыл Артықбайұлы мен Үрләйім ананың отбасында Махат (1905-1982) және Боранбай деген екі бала болған. Үлкені Махат та соғыс және еңбек ардагері болатын. Кішісі Боранбай 1922-жылы 15-қаңтарда дүниеге келген. 1928-жылдан Қызыл отаудан ашылған сауат ашу мектебінде оқыса, 1932-жылдан И.Д.Папанин атындағы мектебіне барады. Алты кластық біліммен колхозда түрлі жұмыс атқарады. 1941-жылы желтоқсан айының 1-і күні аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарында қызмет етуге, Ұлы Отанымызды басқыншы жаудан қорғауға Ысмайыл бабаның қос ұлы, ағалы-інілі Махат пен Боранбай шақырту қағазын алады. Кіші баласы Б.Ысмайылов Алматы қаласында атқыштық пен мергендікке шеберленіп, дайындықтан өткен соң, соғысқа қатардағы жауынгер-атқыш ретінде аттанады.
Құжат деректемесіне сүйенсек, ол 1941-жылдың соңынан 1942-жылдың қарашасына дейін 100-інші атқыштар бригадасында, содан соң 1943-жылдың шілдесіне дейін 28-інші және 26-ншы танк дивизияларында атқыш, 1944-жылдың мамырына дейін 156-атқыштар полкінде барлаушы мерген, 1945-жылдың наурызына дейін 256-атқыштар полкінде атқыш болады. Содан кейін алған жарақатына байланысты госпитальда емделеді де, тағы да майдан даласына кетеді. Соғыстың соңғы уақыттарында 156-ншы және 26-ншы атқыштар полкінде атқыш болып қызмет атқарады. Ұлы Отан соғысындағы әскери тапсырмаларды үлгілі орындағаны және көрсеткен ерен ерлігі үшін қос «Ерлігі үшін» медалімен (№1877667 және №2278777), «ІІІ дәрежелі Даңқ» (№234911) және «ІІ дәрежелі Даңқ» (№11467) ордендерімен марапатталады.
1946-жылдың 15-маусымында елге оралады. Содан колхоз жұмысына белсене араласады. Озық қызметі үшін 1968-жылы Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, еңбектегі жетістігі үшін «Қола», 1970-жылы «Айбынды еңбегі үшін», 1978-жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «І дәрежелі Отан соғысы» (№161004) орденімен, 1995-жылы «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталады. 1982-жылы зейнеткерлікке шығады. 1998-жылы 78 жасында дүниеден өтеді. Ол өмірлік қосағы Орынша Туғанбайқызымен (1928-2004) тоғыз перзент сүйіп, тәрбиелеп өсіреді. Өкініштісі, кенжесі Қалдыгүл жас күнінде қайтыс болады. Қазір төрт ұл, төрт қызынан тараған ұрпақ өсіп-өніп, өркенін жайып отыр. Бір айтарлық жай, Боранбай батырдың ағасы Махат та елге оралып, еңбекке араласып, отау құрып, бес перзент көреді.
Бұл күнде Боранбай Ысмайыловтың өзі туып-өскен, еңбек еткен Шарбұлақ ауылының бір көшесіне атқыш-мергеннің есімі берілген.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.