ЖАНЫ ЖАЙСАҢ АЗАМАТ ЖЕТПІС ЖАСТА!

Жұма, 10 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 94 рет

Адамзат баласы – жер бетіндегі тіршілік иесі, қоғамның басты байлығы. Халқымыз «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп дөп басып айтқан. Пенде болған соң ауырмай бола ма? Денсаулығың сыр беріп, басың ауырып, тісің сыздап дегендей түрлі ауруға шалдығасың. Жаның мұрныңның ұшына келіп қысылғаныңда, сол бір азаптан құтқаратын жан іздейсің. Ол – дәрігер. Науқастың жанына желеу болып, ем-домын жасап жататын да – дәрігер. Ол – адам өмірінің сақшысы, арашасы. Дәрігер адамның қымбат жанын күресу үшін барын салады, адамға екінші өмір сыйлайды. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Дәрігер болу оңай емес. Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек.

66-2
Дәрігер болу үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, адамның дертін ғана емес, жанын емдей алатын психолог бола білу керек. Ең бастысы, мамандықты сүю керек. Кез келген медициналық мекемеде анестезиолог қажет. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген Қарабеков Жайлаухан Құлыбайұлының алдында бір ғана мақсат, бір ғана арман тұрды. Ол – өз алған білімін халық игілігіне жарату. Реаниматолог пен анестезиолог бір-бірімен біте қайнасқан мамандықтар. Барлығы дәрігердің тәжірибесі мен кәсіби шеберлігіне байланысты.
«Ұйқысыз түндер көп. Аудандарға санавиация, кеңес беру, ауыр науқасты тексеру... Ауыр халдегі науқастармен жұмыс істеу ерекше ерік-жігер, табандылықты талап етеді. Пациенттерге қабылдау жүргізбегенімізбен, адам өмірін арашалап қалғанда өз мамандығымыздың айрықша маңызға ие екендігіне көз жеткіземіз. Әрине, тәжірибемізде сәтсіздіктер де кездесіп жатады. Бірақ ол біліміңді, шеберлігіңді жетілдіруге ұмтылдырады. Яғни, қателіктерді қайталамасаң, сәтсіздіктер де азаяды, – дейді дәрігер Жайлаухан Құлыбайұлы.
Жоғары тәжірибелі дәрігер анестезиолог-реаниматолог Жайлаухан Құлыбайұлы Қарабеков 1952-жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Алматы мемлекеттік медициналық институтын аяқтаған. 1977-1979 жылдары Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында медаға болып бастады. 1979-1980 жылдары Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында интерантурадан өтті. 1980-1984 жылдары аталмыш ауруханада дәрігер анестазиолог-реаниматолог болып еңбек етті.
1992-2005 жылдары ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бас анестезиолог-реаниматолог кафедрасында ассисент қызметін атқарды. 2007-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2010-2016 жылдары Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болды. 2016-жылы Түркістан облысы «облыстық клиникалық ауруханасының» шұғыл көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2020-жылдан бүгінгі таңға дейін Түркістан облысы «облыстық жеке медициналық жәрдем станциясының» медициналық авиация бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Дәрігер үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс, үнемі білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдап отыруы керек. Жайлаухан ағамыз Санкт-Петербург, Москва, Стамбұл, Барселона және еліміздегі ең үздік оқыту орындарында үнемі біліктілігін жетілдіріп келді.
Медицина саласында қырық үш жылдан бері қызмет атқарып, Гиппократ антына адал болып келе жатқан Жайлаухан ағамыздың еңбегі ескерусіз емес. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасы», облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың грамотасы, облысқа сіңірген еңбегі үшін медалі, ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы иегері атанды. 2004-жылы ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі деп танылса, 2013-жылы ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының сіңірген еңбегі үшін медалімен наградтталды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», Қазақстан Республикасы Парламентінің «Алғыс хаты», Қазақстан Республикасы Президентінің «Шапағат» медалі иегері.
Тек қана дәрігерлік емдеу ісімен ғана шектеліп қоймай, ауданымыздың қоғамдық саяси өміріне де белсене атсалысты. Туған елді, туған жерді түлету үшін де тынымсыз еңбек етті. 2011-2015 жылдары Қазығұрт ауданының бесінші шақырылымының аудандық мәслихат депутаты болып абыроймен елге қызмет ете білді.
Арыс қаласындағы жарылыста, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де Жайлаухан ағамыз медицина авиация бөлімінің меңгерушісі ретінде жауапты мамандарды, шұғыл көмек көрсету үшін тез арада ұйымдастырып, дер кезінде санитарлы автокөліктерді уақытылы жіберуге тікелей атсалысқаны, ұжым қызметкерлерінің еңбегі ел есінде. Дәрігерлерге артылар жүк те жауапкершілік те ауыр. Алайда, олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Бұл сөзімізге індет өршіген уақытта ақ халаттылардың аяусыз еңбек еткені дәлел.
Сан салалы ғұмырын медицина саласына арнаған Жайлаухан Құлыбайұлы бүгінде жетпіске толып отыр. Зейнет жасына келсе де жастардың жанашыры болып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беруде ағамыз жалыққан емес.
«Азаматтарға тек қана салауатты өмір салтын ғана емес, сонымен бірге өз денсаулығына өте мұқият қарауды ұсынар едім. Әр адам өз ағзасын тыңдай білу керек, ағза үнемі қандай мәселе бар екендігін өзі-ақ білдіреді. Бұған сену қиындау, бірақ көбіне шындыққа алып келеді. Әр адам үшін денсаулық – оның бар байлығы. Бұл – бүтіндей мемлекеттің алдында тұрған жауапкершілік. Мен үшін өмірдегі басты марапат – өз науқастарымды дені сау және бақытты қалпында көру. Өзім бір кездерде көмек берген адамдарды кездестіргенде қандай қуаныш сезімі билейтіндігін көрсеңіз! Олардың есімдерін білмеймін де, ал олар болса үнемі естеріне алып, арнайы келіп амандасып, алғыстарын айтып тұрады.
Мені нағыз дәрігер қылған – өмір сабақтары. Мен де мүм¬кіндігінше бар білгенімді, білімімді беруге тырысамын», – дейді Жайлаухан Қарабеков.
Жайлаухан ағамыздың ел алдында атқарған еңбегі, медицина саласына қосқан үлесі, медицина тарихындағы өзіндік орны ел алдында үлкен құрметке ие. Осынау өмір жолында бар еңбегін, қажыр-қайратын туған еліне жұмсаған Жайлаухан Құлыбайұлы әлі де тың, ширақ.
Ғұмыры ғибратқа толы ардақты азаматтар қоғам өмірінде қай кезде де қадірлі. Олардың қажырлы еңбегі мен өнегелі ісі ешқашан ұмытылмайды. Сондай жайсаң жандардың бірі болған, абыроймен қызмет атқарып, үлкенге аға, кішіге қамқор бола білген Жайлаухан ағамыз бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Әрдайым абырой биігінен көрініп, отбасында, ортасында, қызметтестері мен дос-жаранға сыйлы Жайлаухан ағамызға мерейіңіз үстем бола берсін дейміз.

Сейдулла СЕҢГІРБАЕВ.