МЕНЗБИР СУЫРЫ МЕН ОНЫҢ МЕКЕН ЕТУ ОРТАСЫН САҚТАЙЫҚ!

Жұма, 17 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 94 рет

121   SUROK-MENZBIRA

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-жылғы 26-қаңтардағы №-52 «Оңтүстік Қазақстан облысының жекелеген мемлекеттік мекемелері туралы» қаулысына сәйкес Өгем, Төлеби және Түлкібас орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемелерінің қосылу жолымен құрылды.
Ұлттық парктің қызметінде флора мен фаунаны қорғауға, сақтауға және молайтуға жете көңіл бөлінген. Жыл сайын өсімдіктердің, сүтқоректілердің және құстардың Қызыл кітаптағы және индикаторлық түрлерінің санын молайтуғамақсатында түрлі іс-шаралар атқарылуда. Ұлттық парктің әр алуан жануарлар дүниесінің ішінде Мензбир суырының орны ерекше.
ҚР және ХТҚО Қызыл кітабына енгізілген Мензбир суыры Батыс Тянь-Шань тауының эндемигі болып саналады. Мензбир суырының қазіргі ареалы (Marmota menzbieri Kaschk.) екіге бөлінген – Қазақстандық (Солтүстік немесе Сайрам-Өгем) және өзбек-қырғыздық (Оңтүстік Шатқалдық). Мензбир суыры – суырлар туысының дене көлемі жағынан ең кіші түрі. Екіншіден, мекен ету ареалы жағынан да ең кішісі. Үшіншіден, жыл мезгіліне байланысты түсі күрт өзгеріп отырады. Төртіншіден, БҰҰ елдерінің суырларының ішінде, тау бөктерлерінің ең жоғары белдеуінде мекен ететін суыр түрі. Таралу аймақтарындағы төменгі нүктесі теңіз деңгейінен 2000 м. түспейді. Бесіншіден, ғылым үшін түр ретінде кеш сипатталды. 1925-жылы Ортаазиялық университеттің ғалымы Д.Н.Кашкаров сипаттаған.
Тянь-Шаньнің басқа суырларынан қысқа құйрығымен ерекшеленеді. Мамыр айындағы салмағы 1850-3400 грамм болады. Бауыры мен табандары сарғыш-қошқыл қызыл, ал құйрығы қара қоңыр, түлейтін кезіндегі түсі сары немесе түрлі-түсті болады. Жазда қара түсі күнге күйіп, ақшылданады.
Кезінде кәсіби маңызы бар көк суырды еті, терісі және медицинада қолданылатын майы үшін шектеусіз аулау нәтижесінде, ХХ ғасырдың ортасында олардың саны кеміп кетті. Сондықтан 1950-жылы (Ресми түрде 1962 ж.) оны аулауға тиым салынған болатын. Қолға алынған шаралардың арқасында, санының кемуі тоқталып, тұрақталды. Дегенмен, 70-ші жылдары Көксәйек және Леңгір елді мекендеріндегі тері өңдеу бекеттерінің заңсыз аңшылығынан терілер дайындалған.
Бүгінгі таңда Қазақстанда сирек кездесетін бұл эндемик 2006-жылы құрылған «Сайрам-Өгем» МҰТП-де сақталған және қорғау жұмыстары қолға алынған.
Жазғы маусымда суырлардың тығыз мекен ететін аймақтарында оларды сұғанақтықтан қорғау мақсатында бірнеше лагерьлер құрылды. Ол лагерьлерде мемлекеттік инспекторлар күшейтілген режимде үздіксіз шолу рейдтерін жүргізуде. Жыл сайын мемлекеттік есепке алу жұмыстары жүргізіліп отырады және фототұзақтар орнатылып, мониторинг жасалады.
Биыл 2021-жылы осындай іс-шаралар барысында ұлттық парктің жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөлімінің мамандарымен орнатылған фототұзаққа ақ түсті суыр түсірілді. Әдетте бұл фактор күннің ультрафиолет сәулелерінің және қоршаған орта температурасының әсерінен пайда болады. Оны ғылыми тілде альбинизм дейді. Осы себепті бұл ақ суырларға мониторинг жұмыстары жалғастырылады.
Ұлттық парктегі жоғарыда аталған іс-шаралар кешенінің арқасында бүгінгі күні суырлардың жай-күйі жақсы. Мемлекеттік есепке алу жұмыстары жыл сайын суырлар санының артуын көрсетуде. Тар көлемде таралған, саны өте аз, әлемдік маңызы бар Мензбир суыры мен оның мекен ету ортасын әрі қарай сақтап қалу өз қолымызда.

Бақжан СМАНОВ,
Сайрам-Өгем МҰТП Өгем филиалының
аңшы-биолог инженері.