МЕНІҢ АУЫЛЫМ – АЛТЫНТӨБЕ

Жұма, 01 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 158 рет

226-1

Ия, туған жердің адам өміріндегі алатын орны ерекше. Туып өскен жері әр адам үшін ыстық. Қайда жүрсе де, өзінің өскен отанын, үйін сағынбайтын жан жоқ шығар. Мен үшін өз туған ауылым қымбат. Міне, сол үшін мен алғашқы мақаламды өзімнің ауылым – Алтынтөбеге арнадым.
Менің ауылым – Алтынтөбе ауыл округі, Алтынтөбе ауылы. Ол Түркістан облысы, киелі Қазығұрт ауданы, Қосмола тауының етегінде орналасқан. Ауылдың табиғаты таңғажайып! Қаржан өзенін бойлай қоныстанған, сұлулығы көз тартарлық, ерекше ауыл. Тарихқа сүйенсек, Алтынтөбе Ұлы жібек жолының Шаштан Испиджабқа апаратын тармағының бойында орналасқан.
Ауыл халықтарының өмір сүру дағдысы, қаланың өміріне мүлдем ұқсамайды. Таңмен таласып күйбең тіршілікке кірісу, мал шаруашылығымен айналысу, егін алқаптарының көп болуы, бидай, арпа сияқты дәнді-дақылдардың өсірілуі, ауыл жұртының ұйымшылдығы, осы нәрселердің барлығы менің ауылымды басқа ауылдардан ерекшелейді.
«Азаматын көріп ауылын таны», – дегендей, Алтынтөбе табиғатымен ғана емес, ардагер аталарымен, спортшы азаматтарымен де мақтанады. Алдымен ардагер Сыдықов Бегалы атамызға тоқталсақ. Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр атамыз. Өскелең жас ұрпақ үшін отқа да, суға да түскен. Ер есімі – ел есінде. Ал, енді спортшы ағаларымыз туралы айтар болсақ, олар ауылдан шыққанына қарамастан алға ұмтылу арқылы, артынан еріп келе жатқан жас буынға үлгі болып келеді. Атап айтар болсақ, Есіркепов Сейітбек, Әлібек Ерсайын, Келесбай Дәурен.
Сонымен қатар ауылда кереметтей етіп салынған мешіт пен мектеп бар. Бірінен ілім-ғылым жолын үйренсе, бірінен діни сауат ашады.
Міне, мен қысқаша осылай өз ауылымды сипаттадым. Мен өзімнің ауылымды қатты жақсы көремін. Ауылым – алтын бесігім!

Алмас КЕЛЕСБАЙ.