ҚАЗАҚСТАН АСТАНАЛАРЫ

Жұма, 01 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 165 рет

00   Снимок

Еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мемлекеттік мерекелердің бірі – Астана күні. Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні өзгеше. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Елорда Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды.
Қазығұрт аудандық музейінде айтулы даталар мен мерекелерге арнап іс-шаралар, ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Қазақстан Республикасының ел­орда­сы күніне орай «Бейбітшілік пен келісім ордасы – Нұр-Сұлтан» атты тарихи фотосуреттермен көрме қойылды. Көрмеге ауыл тұрғындары мен жазғы мектептегі балалар қатысы. Іс-шара барысында музей әдіскері Е.Даулетов Қазақстанның көне қалалары жайлы тақырыптық баяндама оқып, жасақталған көрмемен келушілерді таныстырды.
Жалпы айтқанда Қазақстан ас­таналарының тарихы өте бай. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі V ғасырда қаланды. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болды. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы VI-VII ғасырлардың өзінде Қытайдан Византияға дейін тарады. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. X ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) VII ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалымы әл-Мақдиси (X ғасыр) өте көне астана деп атайды. IX-XI ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ (Сунақата) әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Рузбехан жазбаларында (XVI ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болды.
Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасы болды. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие болды. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне жеткізді.
Қазақстанның алғашқы астанасы (Алаш автономиясының) 1917-1920 жылдары Семей қаласы (ол кезде Алаш-қала) болды.
1920-жылдан кейін Қырғыз АССР-ы астанасы Орынбор қаласы болып бекітілді.
1925-жылы республиканың аты Қазақ АССР-ына ауысып, астана Ақмешіт қаласына ауысып, қала аты бірден Қызылорда болып өзгерді.
1929-жылы астана тағы да өзгеріп, бұл жолы таңдау Алма-Ата қаласына түсті. 1936-жылы Қазақ АССР-ы РКФСР құрамынан бөлініп, Қазақ ССР-ы болып қайта құрылды.
Осылайша Алма-Ата қаласы 1929-1936 жылдары Қазақ АССР-ының, 1936-1991 жылдары Қазақ ССР-ының, 1991-1997 жылдары Қазақстан Республикасының астанасы болды. 1993 жылғы қабылданған Конституцияда қала аты Алматы деп көрсетіліп, оның ел астанасы екендігі айтылған. Алма-Атаның Алматы болып өзгеруі осы құжаттан бастау алады.
1997-жылы 20-қазанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997-жылы 8-қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997-жылы 3-желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9-желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998-жылы 6-мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998-жылы 10-маусымда болып өтті.
2019-жылы наурыздың 20-жұлдызында Астана қаласының аты ресми түрде Нұр- Сұлтан деп өзгертілді.

Е.УСТЕНОВ,
аудандық музей қор сақтаушысы.