ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Жұма, 15 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 267 рет

Қазақ халқы «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп, ақпараттың таралу ауқымын мақал қылып айтып кеткендей. Қазіргі дамыған технология заманында айтылған ақпарат отыз рулы ел былай тұрсын тұтас Қазақстанды шарлап, әлемді әбігерге салады. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерінде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыратыны рас.
Жалған ақпарат жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен елді елеңдетіп, жұртты әбігерге салған оқиғаларға шолу жасап көрейік. Осыдан екі-үш жыл бұрын елімізде короновирус дерті дендеп, халық әбігерге түсіп жатқанда жалған ақпараттар да жағадан алып, елдің есін шығарғаны ел есінде: «Елге жаппай чип салады екен. Сол арқылы бізді бақылап отырады және чип арқылы өздеріне бағындырып, қалаған жағына жұмсай алады» деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сол пандемия кезінде жалған ақпаратттар легі тіпті өршіп кетті. Әлеуметтік желілерде қаншама дерексіз дәйектер таратылды. Мәселен, «Вирусты ұшақ арқылы ауаға шашады екен. Бұл ақпаратқа қаншама адам сеніп, вирустың шығу себептерін осыған жанастырды. Іле-шала Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Жалған ақпарат арқылы қалта қағатындар да көп. Мәселен, «Ескі тоңазытқыштардың ішінде ракетаға құятын май болады екен. Қысқасы сондай тоңазытқыштарды қымбатқа сатуға болады» дейтін де қауесет шығып, жұрт жаппай қорада жатқан ескі тоңазытқаштарының шаңын сүртіп, саттыққа шығара бастады. Мұндай жарнамаларды естіген кейбір ақшасы бар адамдар ауыл-ауылды аралап, тоңазытқыштарды арзан бағаға сатып алды. Кейіннен оны өткізетін жер таба алмай алданғанын біліп, сан соғып қалды. Артынан зерттеп, зерделеп қараса кейбір пысықайлар алдын ала ескі-құсқы заттарды өздері жинап қояды да, сосын барып «Осы зат жаңа технологияға керек екен. Бағасы сұмдық қымбат» деп жарнама таратады. Оған сенген жұрт жаппай әлгі заттарды іздей бастағанда жаңағы алаяқтар өздері жинап қойған ескі-құсқыларды әжептәуір бағаға өткізе салады.
Сонымен қатар елімізде діни экстремизмді, этнос аралық алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни, әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда.
Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатсыздықтарының салдарынан желіде мақсатты түрде жалған немесе бұрмаланған ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, «лайк» басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып отыр. Яғни, ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жалған ақпараттардың таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор.
Соған сай, біз бүгінгі санда жалған ақпарат тарату, оның себебі мен салдары, тартылатын жауапкершілігі жайлы сөз қозғап, аталмыш тақырыпты зерттеп көрген едік. Соңғы кездері ел арасында ғаламтордың пайдаланушылары көбейген сайын ел аумағында болып жатқан заң бұзушылықтардың түп төркіні осы интернетте жатыр. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. ҚР Қылмыстық кодекстің 174, 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам бас бостандығынан айрылады немесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490 және 458-баптарына сәйкес жауапқа тартылу көзделген. Демек, ел ішін алатайдай бүлдіріп, сыртынан қызықтап отыратындар анықталған жағдайда жеңіл жазамен құтылмайды.
Ақпарат таратушыны анықтау мүмкін бе? Ақпараттың орталығы бұрын көбіне аурухана, мектеп сияқты әйелдер көп жұмыс жасайтын мекемелер болса қазір ұялы телефон. ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұр: «Қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, Whatsapp т.б. арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан технология қарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «Тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал, – дейді.
Қорыта айтқанда, жалған ақпарат тарату адамға абырой әпермейтін тірлік. Қазақтың «Өтірік өрге баспайды» деген нақылы еске оралып отыр. Яғни, кім, қандай жағдайда ақпарат таратса да оның түбінде ашылары сөзсіз. Ойымызды түйіндер болсақ елді дүрліктіріп, жалған ақпарат таратпай бір-бірімізге тілеулес болып жүргенге не жетсін?!

А.ДҮЙСЕН,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының»
теолог маманы.