МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 69 рет

DSC 0826

Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы.
Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы ел дамуы үшін мәдениеттің де озық деңгейде дамуы қарастырылды. Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді.
Ал спорт және денсаулық бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені спорттың адам денсаулығына әсері ұшан-теңіз, әрі кей кезде денешынықтыру адам ағзасы табиғи түрде қажет ететін қимыл-қозғалыс пен күшті іске асырудың қолжетімді түрі.
Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Қазіргі таңда аудан бойынша 23 мәдениет мекемелері халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Атап айтқанда 1 аудандық мәдениет сарайы, 7 ауылдық мәдениет үйі, 15 ауылдық клубтар.
Аудан әкімдігінің қолдауымен, өнер сүйер қауымның зор ықыласымен түрлі бағыттағы мәдени шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылуда.
Аудан бойынша – 410 мәдени іс-шара өткізілді. Оның ішінде онлайн форматта 22 іс-шара, офлайн форматта 388 іс-шара. Оған 26900 көрермен қамтылды. Өткізілген іс-шараларға пробация есебінде тұрған 42 азамат қатысты.
Атап айтқанда «Арай-2022» жас эстрада әншілерінің аудандық онлайн байқауы, «Балалар жылына» орай аудандық «Балдәурен-2022» балаларға арналған ән байқауы, «Терме – бойтұмарым» аудандық термешілер байқауы, «Мәңгілік ел» патриоттық ән байқауы, «Терме – маржан жыры бабамның» республикалық терме байқауы, «Әсемдік әлемінде» жас суретшілер көрме-байқауы, «Dаncе party» заманауи би байқауы, «Балалар жылы» аясында «Жауқазын» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы аудандық өнер фестивалі, «Халық әні-қазынам» атты халық және дәстүрлі әндердің аудандық байқауы, «Күй құдіреті» атты жас күйшелердің аудандық байқауы өткізілді.
Кеңес әскерлерінің Ауған территориясынан шығарылғанына 33 жыл толуына орай барлық мәдениет нысандарында «Ерлікке-тағзым» іс-шарасы, Алғыс айту күніне «Рахмет саған, Қазақ елі!», Халықаралық әйелдер күніне «Әйел – ана, әйел – өмір, әйел – нұр» атты іс-шара өтті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі барлық мәдениет мекемелерінде өткізілді. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені» атты іс-шара, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске – ұрпақтан тағзым» атты іс-шара, мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған «Мәдениетім – мерейім» атты іс-шара, ҚР Рәміздерінің 30 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» атты іс-шара өтті.

452ed288-4b79-49aa-bf1b-095e131eb98a
Танымал тұлғалардың өнерін насихаттауда Жаңабазар, Шарапхана, Көкібел ауылдық мәдениет үйлерінде және Алтынтөбе, Тұрбат, Қарабау, Қаржан, Жылыбұлақ ауылдық клубтарында Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған жас эстрада әншілерінің байқаулары өткізілді. Шарапхана ауылдық мәдениет үйінде М.Шахановтың шығармашылығына арналған «Ұлы Даланың ұлы ақыны» атты поэзия кеші, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына «Қазағымның тілін біл» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, М.Әуезовтың 125 жылдығына орай «Ұлы Даланың дара тұлғасы» атты тарихи кеш, Үшбұлақ ауылдық клубында Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «Ұлт болашағын ойлаған ұлы тұлға» атты тұлға кеші және Тілектес ауылдық клубында «Ұлттың дана ұстазы – Ахмет», Н.Нүсіпжановтың 85 жылдығына орай «Өнердегі белестер» атты әдеби сазды кеш өткізілді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Жаңабазар ауылдық мәдениет үйінде «Туған жерім – тұғырым» атты жас суретшілер байқауы, Көкібел ауылдық мәдениет үйінде «Ұлы Дала қыранымыз» атты жас жазба ақындар мүшайрасы, Тұрбат ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Исмайыл ата» сәулет кешеніне, Шарбұлақ ауылдық мәдениет үйі «Сынтас қалашығына», Шарапхана ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жас ұрпаққа тарихи ескерткіштерді, ежелгі орындарды құрметтей білуге, Отанына, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін оятуға тәрбиелеу мақсатында «Түгейболат баба» кесенесіне және Жалаңтөс Баһадүр мен әз Жәнібектің ескерткіштеріне саяхат, Жігерген ауылдық клубы Көктен ата бұлағы мен Есенаман қалпе кесенесіне, Үшбұлақ ауылдық клубы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қырыққыз» тауына саяхат жасалынды.
Халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған мерекелік шаралар жалғасын тапты. Осы орайда Тұрбат ауылдық клубында, Шарбұлақ ауылдық мәдениет үйінде көрісу салтынан, ұлтымыздың игі дәстүрінен көрініс көрсетілді.
Сонымен қатар барлық клубтарда, барлық мәдениет ошақтарында сыбайлас жемқорлыққа, нашақорлыққа, діни экстремизм мен терроризмге, құқық бұзушылыққа қарсы іс-шаралар өтті. Аудандық мәдениет сарайының халық театры К.Жұмабековтың «Адасқандар» атты драмалық қойылымын ауыл округтеріндегі жоғарғы сынып оқушыларына ұсынылды.
Қазіргі таңда Жігерген ауыл округі, Жігерген елді мекенінде 200 орындық және Шанақ ауылы округі, Шанақ елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы жүруде.
Ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтыру мен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. Аудан тұрғындарының дене шынықтыру және бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 2022-жылдың 8 айында 41 650 адамға жетіп, аудан халқының 37,8 пайызын құрап отыр.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруда аудан бойынша 2022-жылдың 8 айында 114 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 10815 адам қамтылған.
«2022-жыл – Балалар жылына» орай және С.Рақымовтың 120 жылдығына арналған аудан аумағында аудан тұрғындары және жастар мен жасөспірімдер арасында спорт түрлері бойынша бұқаралық спорттық жарыстар ұйымдастырылды, оның ішінде 8-наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесіне, «Наурыз» мерекесіне орай, әскери міндеттілер арасында спорттың бірнеше түрінен спорттық іс-шаралар, «1-мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні», «7-мамыр – Отан қорғаушылар күні», «9-мамыр – Жеңіс күні» мерекесіне, 1-маусым балаларды қорғау күні, «Спорт күні» және «Конституция күні» мерекесіне арналған спорттық іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылып өткізілді.
Қазығұрт ауданы консультациялық-кеңесші органның хаттамалық іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандық пробация қызметімен бірлесіп, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды тарта отырып спорттың футбол, волейбол, үстел теннисі және бильярд түрлерінен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануы үшін спорт нысандарының саны 2022-жылдың 8 айында 295-ке жетіп отыр. Оның ішінде: 5 спорт кешені, 9 футбол манежі, 65 спорт залдары, 16 ату тирлері, 200-жазықтықты құрылғылар (1 спорттық ядро, 165 спорт алаңшасы және 34 спорт алаңы) бар.
Сонымен қатар, аудан көлемінде №1, №2, №3, №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс атқарып келеді. Спорттың 17 түрі бойынша 73 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Онда қазіргі таңда 162 топта 2275 жасөспірім шұғылдануда.

Абай СЕРКЕБАЕВ,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.