ҚОС АНАМ – ҚОС ШЕЖІРЕМ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 121 рет

7fbbc6d9-b641-4401-98e4-e0453f412c31

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Жазсам егер екі жыр-бірі саған
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына, – деп ақиық ақын М.Мақатаев жырлағандай ана - Құдайдан кейінгі құдірет иесі. Дүйім дүниенің тұтқасын ұстап, күн нұрынан артық жылы шуақ шашпаса, кем түспесі анық. Жанарымен жалғанға жылу беріп, пенде атаулының барлығына жүрегіндегі жұмсақтықты арнап, аялы алақанына салып, бала аяғын жерге тигізбей жүрген де – ана емес пе?! Баласы үшін батпақты да басып, тауды да бағындырып, асудың бәрін де асатын – ана! Өзі жемесе де баласының алдына барын қойып, көңілі тоқ болса болды деп, жаңбырлы күні панасы, желді күні қорғаны, боранды күні шатыры болатын да – ана. Өзін ойламаса да өзегін жарып шыққан баласын өзгеден артық көретін, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан құр қалып бауыр еті баласын уайымдайтын, тыныштығын кірпік ілмей күзететін, тоғыз ай құрсағында, қаз басқанша құшағында, өмір бойы жүрегінде алып жүре алатын жалғыз жан – әрине, ана. Міне, ана құдіретінің қаншалықты күшті екені жай сөзбен ғана жеткізген түріміз. Егер, тарқатып айтар болсақ, әр сәт сайын ана алдындағы қарызымызды еске алып, жалғанда жер басып жүруге қысылып, қымтылар едік...
Ана сөзінің өзінде қаншама тұнып тұрған терең көл, сарқырап ағып жатқан қиырсыз өзен, қалың ағашты ну орман жатыр десеңші?! Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, көңіліңді босатып жіберетіні де бар. Ана – адам баласына берген Алланың асыл пендесі. Жеті әлемнің жылылығын, төрткүл дүние төрт бұрышының кеңдігін бір ғана жұдырықтай жүрегіне сыйғыза білген Ана атаулы ардықты жанға басымыз жерге тигенше иілсек те аздық етер. В.Гюгоның сөзімен айтар болсақ: «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол – сәби үшін ең жылы ұя». Бір ғана жүрегі мен алақаны арқылы бүкіл адам баласына бақ сыйлайтын аналар – біз үшін Алладан кейінгі барлық кеңдіктің, барлық көркемділіктің иесі.
Менің аяулы анам Асанқызы Бүбірайхан Өмешова тірі болғанда биыл 105-ке толар еді. Бақилық болғанына да биыл 36 жыл болды. Күн өткен сайын ана құшағының қандай саялы екендігін, толғанып еске аламын. Кез-келген бала анасын әлемдегі ең жақсы адам деп, маған өмір сыйлаған жан деп бағалап жатса қане? Ананың құшағы ыстық.
Менің анам мейірімге толы жүрегі бір әулетті ұйыған айрандай етіп ұстап, елге үлгі ұрпаққа өнеге болды. Олай дейтінім: анам Райхан мен Шекер жеңешем өте тату тұрды. Апалы-сіңлідей сырлас, етене жақын, бір-біріне арқа сүйеген жанары жаздай, бірін-бірі іздеп тұратын еді. Апам мақталықта бригадир болып жұмыс істейді. Күндіз-түні атқа мініп жүріп, мақталықты аралап жұмыстың барысын бақылайды. Ал, Шекер жеңешем колхозда трактор айдайды. Егіс алқабында трактор айдап, түстік асқа да келмейді екен. Өйткені, түстік асты апам атпен келіп үйде жасап, егістіктің басына алып барып береді екен. Термоспен шай, айран, нан тағы басқа. Содан соң екеуі шүйіркелесіп отырып ішеді екен. Осылайша күнде қайталанады. Абысындардың мұндай сыйластығына сол кездегі ауылдастары, ағайын-туғандары дән риза болған деседі. Кейде әңгіме арасында апам айтып отырушы еді.
Бірде Шекер жеңешем қатты ауырып қалады. Ешқандай ем қонбай ақыры төсек тартып жатып қалады. Науқасы үдеп, күнен-күнге азып, жүдеп әлсіз халге түседі. Сөйлей алмай қалады. Жеңешемнің көзін ашып-жұмуының өзі бір дүние болған. Ауыруы меңдеп жазылуы мұзға айналған. Ешқандай дәрігер сырқаттың емін таба алмайды.
Бақ көкем Өзбекстаннан 1939-жылы әскерге шақырылып, әрі қарай соғысқа аттанған. Соғысты аяқтап елге оралады.
Осы жылдары апам мен жеңешем бір үйде тұрған ғой, апамның қасында Ұшан көкем, Шекер жеңешемнің қолында Райымбек көкем болған. Ұшан көкем өзі жүреді, ал Райымбек көкем жолға енді енді апыл-тапыл қадам басқан. Сол кезде апам айналайын жарықтық баласын жетектеп, Райымбек көкемді арқасына байлап алып, үй тірлігін жасайды екен. Үйдегі бар жұмысты жайқастырып, Шекер жеңешеме қарап «Сен ертең-ақ, жазылып кетесің, әлі екуміз бірге талай жақсы күндерді көреміз. Бір Алладан үмітті үзбейік, айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы деген, жарқын болашақ, жарқын күндер әлі алда, мына қарасақ балаларды жетілдіру керек», -деп үміт беріп отырады екен. Ертең-ақ дым болмағандай осылардың қызығын бөленіп, келін алып, қыз ұзатамыз деп арман қылып айтып отырады екен. Ал, Шекер жеңешемде сол кезде ешқандай жазыламын деген үміт ұшқыны болмаған секілді. Жеңешем сөйлей алмайды, іштей қатты қапа болып, Райымбек баласын ойлап, соны апама дайындай береді екен. Күнделікті қайталанған жұмыс адамды мезі етеді ғой. Бірақ, апам бар жан-тәнімен жеңешемнің жазылғанын Алладан тізерлеп отырып тілейді екен, әрі сенеді екен. Бір күні таңертең жұмысқа кетейін деп жиналып жатса, шарбақтың етек жағынан Ботбай бабамның кемпірі сиыр айдап бара жатқан екен. Бір кемпір шығып: «Әй, Айткүл! Ана Райханға айтпайсыңдарма? Шекердің ауырғанына алты айға жуықтады. Құры сүлдесі қапты ғой. Докторлар жұқпалы ауру депті. Ешкім үйіне бармасын, малды да ол үйдің жанынан айдамаңдар деп жатыр. Шекердің ауруы жұқпалы әрі қауіпті дейді. Ана балалардан обал ғой, Райханға айтсаңдаршы», – деп сампылдай, айқайлай айтқан екен. Бұл сөзді төсекте жатқан Шекер жеңешемде естіген. Сонда ауырып жатқан адамға қандай ауыр тиеді. Онсыз да өмір мен өлімнің ортасында жатқан жеңешеме бұл сөз ауыр тиіп, аһ ұрып, өкініштен өзегі өртенердей сұлқ түскен екен. Ал, апам болса Шекер жеңешеме: «Олар не біледі Шекержан-ау, мен сені ешқашан тастап кетпеймін. Мен күнде дұға жасап Алладан медет сұрап жатырмын. Сен жазыласың, күннен-күнге көзіңе нұр пайда болып жатыр. Мен ғой сені күнде көріп жүрген. Айналайын, жарығым бұл дертке тек сенім керек. Екеуміз бірге жүруді жазсын. Егіз туған бауырларда біздей сыйласа алмайды. Мен сені жанымдай жақсы көремін. Қай ойың айтады, сені осы халде тастап кетеді деп. Сені тастап ешқайда кетпеймін. Мына екі бала өсіп екеумізді таққа отырғызады. Мен сенемін, әлі осылармен мақтанып, көңіліміз шат болады», – деген екен. Ия, сол сенім ақталып, Шекер жеңешем күнен күнге бері қарапты. Ағасы қарындасының көңілін сұрап келсе Ташкенен қара мейіз бен қатты кепкен өрік әкеледі екен. Соны бұлақтың суына әбден жуып сосын бір кесеге салып, жібітіп қойып суын ішкізеді. Ал, бір мейізді сығып сөлін жегізеді, жібіген өрікті сорғызады. Күніне қолы қалт етсе ішкізе береді екен. Әсіресе, жеңешемді түнде құшақтап жатады екен. Жеңешем алғашында зорға-зорға жұтынған, кейін әжептеуір ұрттайтын болған. Сәл-сәл молайта бастайды, алты ай төсек тартып жатқан жеңешем әлденіп, күш жия бастайды. Апам күнде бұлақтан су әкеліп, екі шелекпен үйге қойып қояды екен. Судың бетін нан тақтаймен жауып қойса, бір күні жеңешем кеудесін сәл көтеріп, шелектегі суды ішкен ғой. Міне, сол сәттен бастап жеңешемде жаңа өмірге келгендей қуат бітіп, күнен-күнге сауыға бастаған. Кейіннен «Өрік, мейіз, бұлақтың суы, әуелі Алла, кейіннен Райханның дұғасы мені қадағалап қарағаны қайта өмірге алып келді», – деп еске алып отыратын жеңешем. Арасында атты ерттеп мініп мақталық алқапқа бірнеше рет барып жұмысты да қатар алып жүрген.
«Адам да, мал да жүрмей қойған үйде бір сырқат жанмен екі кішкентай баланы қарап тіршілік етеді. Әсіресе, жанына бататыны бір адам аяқ баспай қойғаны деп еске алушы еді», – анам жарықтық.

f7780a1e-f4d4-41a5-b29a-40e56d66ba3e
Сырттағы тіршілігін бітіріп үйге кірсе жеңешем бірдеңе айтқысы келетіндей кейіп танытады екен. Сонда апам еңкейіп кеп құлағына сыбырлайды екен. «Шекер, сен күнен-күнге жазылып келе жатырсың. Көрмегендер айта береді. Шешейдің айтқанына ренжіме. Доқтырлар солай деп айтқан шығар. Маған айтқан жоқ. Қазір бәрі жазылады. Мына бұлақтың суы мың бір дертке дауа дейді. Осы сөзге жігерленіп күш жина жаным. Өзің күрес, ауруға берілме! Әлі-ақ ұмытып кетесің. Мына екі баланы өсіріп, үйлендіріп, немерелерімізді ертіп бірде менің төркініме, бірде сенің төркініңіе барып, той жиындарға бірге барып өмір сүреміз. Алла бізді қолдап, көп-көп тәтті-тәтті немерелер береді, шырағым» дейді екен. Содан жұмыспен қатар үйге көп алаңдайды. Екі бала жас, төсек тартып жатқан ауру бар. Сонда жеңешемді күнде ары-бері аударып, сылап, сипап денесін жылы сумен ылғал шүберекпен сүртіп, дайындап қойған мейіздің суын береді екен. Дірман жоқ. Сол кездері Шекер жеңешем іштей қайталайтын сөзі «О Алла мынадай кең, адал жүректі жан бар екен-ау, әлемде. Еткен мейірімді. Мені осындай мүшкіл халде жатсам да тастап кетпей, балама да қарап, қамқор болып жүрген жанға қалай ризалығымды білдіремін. Тірі болып жүрсем, осыдан жазылып аяққа тұрып кетсем, әуелі Алла, екінші осы әйелге өмір бойы құлшылық қылып өтер едім». Әттең... Егер жазылсам ғой, не деген мейірім. Мұндай адал қызметті бірге туған апал-сіңлілер де бір-біріне көрсете алмайды сірә... Қайран дүние-ай, деп іштей күрсінеді екен.
Уақыт өтіп, сырқатынан жазыла бастайды. Апам енді сол бұлақтың суынан шай қайнатып беруге көшеді. Бір күні жұмыстан арада 2-3 сағат өткен уақытта үйге келсе, жеңешем шелектегі суға жақындап, шелектің жиегін тартқанда шелек аударылып, су үстіне құйылып кетеді. Бір ұрттам су жұтқыншағын кеңейтіп, үсті малмандай су болады. Сол сәттен бастап жеңешемде үлкен өзгерістер бола бастайды. Міне, ғажап көрініс. Сол бір үлкен жұтым судан кейін денесі де ширап әлденген ғой. Айналайын, менің алтын жүректі анашым, Шекер жеңешемді осылай өмірге қайта әкелген ғой.
Сол кездері үміт пен арман болған ойлар кейін орындалды. Екі анам менің қос шешем өте тату болып сыйластықта өмір сүрді. Бізге сол кісілердің бір-бірін құрметтегені үлгі болды. Қазақта сөз бар ғой бір нанды бөліп жеген деген. Сондай дүниені осы апалар көрсетті. Мен бала кезімде жеңешем орыс пешке дөңгелек нан жабатын. Мектеп интернатта аспазшы болып істеді. Сол үлкен дөңгелек нанды (2-3 күнде жабатын) бөліп жартысын біздің үйге береді. Онда біз апам мен Әбдіраш үшеуміз тұратынбыз. Қайран апаларым-ай, ынтымақты тұрып ұл-қыздарын бауырмалдыққа үйреткен. Ұшан көкем мектеп директоры болып жүргенде үйге 2-3 аптада бір келгенде апам мен жеңешем біздің үйде шай ішіп, жеңешем кетуге ыңғайланып жатты. Көкем қалтасынан 10 сомдықтан екеуін алып, екеуіне берді. Осы сәт менің санамда жатталып қалыпты. Сол кездегі қандай тәрбиенің мықтылығы десеңізші?! Әйтпесе, сол кезде зейнетақысы 12 сом болатын. Екеуін бірдей етіп беріп қуантып кеткенінің өзі үлкен мейірімге жатпайды ма?Үйде үнемі Райымбек, Дайырбек, Сейілбек туған ағаларың деп отырушы еді. Қайрат пен Сәлімді туған інілерің деуші еді.
Қайран анам, өмір өзен дегендей, уақыт зымырап өтуде. Сіз жайлы, сіздер жайлы қанша естелік жазсам да, мына ақ парақ беттері жетпес. Бар ғұмырын абысынды-келін тату өткеріп, сыйластығын көрсетіп, әулетіміздің анасы, үлгісі, айнасы бола білді. Ұшан көкем соңынан ерген бауырларына білім әперіп, әрдайым хабарларын алып, қадағалап отыратын. Ұшан көкем Райымбек бауырының болашағынан көп үміт күтетін, әрдайым елдің азаматы болып, қызмет ету керектігін құлағына құйып отыратын. 1986 жылы ауыр дерттен ауырып, дүниеден озып кете барды. Сол ауырған кезде Шекер жеңешем бір ай біздің үйде апамның жанында болды. Күндіз-түні жанында демеу болды. Кейін қайтыс болды. Сонда, Ұшан көкемнің қайтыс болғанына бір жарым жыл ғана болған. Немерелері жас, Шекер жаңешем қырқы өткенше үйде бас-көз болды. Апамды мәңгілік үйіне апарып, жерлеп келген соң кешке Райымбек көкем Шекер жеңешемнен сұрады. «Апа, Райхан жеңешемнің қай жиынын көтерейк, балаларға не жәрдем етейік», – деп сұрады. Сонда жеңешем: «Неге шамаң жетеді, соның бәрін жаса, мен саған қой демеймін. Сені де, мені де ел қатарына қосып, ақ сүтін, маңдай терін аямай бақты. Екемізге өмір берген әуелі Алла, кейін Райхан жеңешең, тапқан ана емес, баққан ана деген, саған, ана Балхиға да ақ сүтін беріп, өсірді. Қолыңнан келгеніңнің бәрін жаса»,– деді егіле.
Міне, менің қос анамның, қос шешемнің, қос шежіремнің татулығы осындай көпке үлгі болды.
Анамның қасиеті жоғары, парасат пайымы биік, жүректері мейірімге толы жан еді.

Боранкүл ЖАНТАСОВА,
Қазығұрт аудандық әжелер алқасының мүшесі.