ЖАҢА БАСТАМАҒА ТОЛЫ ҚҰЖАТ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 78 рет

045

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының мән-маңызы айрықша. Қазақстан халқы біртұтас, бір мемлекетті құрап отыр. Бір отбасының балалары бірдей тұрмыс кешуі керек. Сондықтан да, ел Президенті: «ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты» деп өте орынды айтты. Мұның өзі Мемлекет басшысының халыққа жақындығының, ел қамын ойлауының, көрегендігінің айқын көрінісі болса керек.
Әсіресе, Жолдауда нәзік жандылардың бірқатар мәселесінің шешімін тауып жатқаны бізді ерекше қуантты. Біріншіден, бала күтіміне берілетін төлемақы мерзімінің ұзартылуы – соны жаңалық болды. «Біз 2023-жылғы 1-қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады» деді Мемлекет басшысы.
Соңғы уақытта елімізде зейнетке шығу жасы жиі талқыланып жүрген болатын. Тіпті сенатор Дана Нұржігіт Үкіметтен әйелдердің зейнет жасын 58 деп белгілеуді сұраған еді. Бұл мәселеге де ел Президенті нүкте қойды. Ол өз Жолдауында: «әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028-жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз» деп бекітіп шегеледі.
Тағы бір мәселе, «Балаларға арналған ұлттық қор» бағ­дар­ламасын іске қосу. Бұл да қалың көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірі болатын. Бәріміз де ұрпақ өсіріп отырмыз. 2024-жылдан бастап балаларымызға арнайы есепшот ашылып, олардың жарқын болашағы үшін мемлекеттің инвестициялық табысынан қаражат түсіп отырады. Тамаша жаңалық, керемет бастама.
Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы да қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтың өмір сүруін жеңілдетуге қолайлы орта құруға, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға бағытталғаны халықтың ойынан, тілегінен шығып отыр. Содан да барша отандастарымызды елдің ертеңіне алаңдаған Президент Қ.Тоқаевтың жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген тапсырмалары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарап және олардың орындалуына бірлесе атсалысуға шақырамын. Жаңа, Әділетті Қазақстанға нық қадаммен аяқ басайық.

Жиенкүл СӘРСЕН,
Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі.