БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ БАҒДАРЫ ЖОЛДАУДА КӨРСЕТІЛДІ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 555 рет

af655e56-74bf-435d-bc09-cab1582f6d5a

Елімізде биыл жалпыұлттық Референдум өтіп, Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бұл жаңа кезеңге аяқ басуымызға, Жаңа, Әділетті қоғам құруымызға аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғырудың енді экономикалық өзгерістерге ұласуына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын арнады. Онда халықтың әл-ауқатын арттырудағы жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарына арнайы тоқталып өтті.
Жолдауда Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42,0 миллиард долларға жуық қаражат жетпейтіндігін, соған қарамастан банктерде трилиондаған теңге қаражат іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатқанын атап өтті. Бұл бойынша Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауы тиіс екендігін айтты.
Ұлттық қордың қаражатын тиімсіз жұмсамай, аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсау қажеттігін айтып, «Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатын келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс» деді.
Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнеске үлкен проблема болып отырғандығы, бюджет саясатына реформа жасалатыны, салық жүйесін жетілдіріп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануы тиіс екендігін өз Жолдауында атап өтті. Сол сияқты ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтеру арқылы 1,8 миллион азаматтың табысы артатынын айтты.
Жалпы айтқанда мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция және мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту бойынша бағдарламаларын айтып өтті. Ендігі жерде оны жүзеге асыруға қазақстандықтар да өз үлестерін қоса отырып, Жаңа Қазақстанымызды өркениетті ел етеміз.

Бахтияр МЫРЗАҚҰЛОВ,
Қарабау ауылы округі әкімінің орынбасары.