ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУДЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Жұма, 23 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 2007 рет

68940daf-3835-434d-8eb8-f14062acc4aa3

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 1-қыркүйек «Білім күні» мерекесімен қатар келген «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған өзінің жаңа Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы туралы айтып, елдің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін қозғап, сол бағытта атқарылатын іс-шараларды белгілеп берді.
Қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзі бар. Расымен де ұлтымыздың сапасын жақсарту ісі – отбасындағы ата-ананың балаға берген сәби кездегі тәлім-тәрбиесінен бастау алады. Содан кейін баланың мектепке дейінгі балабақшада алған тәрбиесі мен білім негізі де аса маңызды. Президент сол мектепке дейінгі тәрбие жұмысының басты назарда болатынын айтып өтті. Ол: «Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәселесін арттырып, жалақысын көбейту керек» деді.
Еліміздің болашағы жастар екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі» деді Мемлекет басшысы.
Президент өз Жолдауында бірқатар мәселе көтеріп, үкіметке түрлі тапсырма берді. Әсіресе, «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деген үшінші бағдарында Қазақстан халқының табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бірқатар игілік атап көрсетілді. Оларды атап айтатын болсақ, біріншіден, ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Екіншіден, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028-жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Үшіншіден, 2023-жылғы 1-қаңтардан бастап бала күтімі үшін берілетін төлемақы мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады.
Сонымен бірге, Жолдаудан ұлттық қор табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына жиналатынын, қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жарияланатынын, шетелден әкелінген көліктер 200-250 мың теңгеге заңдастырылатынын, биыл кезектен тыс Президент сайлауы өтетіндігін, Президент өкілеттігінің мерзімі 7 жыл болатынын, алайда қайта сайлануға тыйым салынатындығын білдік. Ең бастысы – бұлардың барлығын да қазақстандықтар жаңғырудың жаңа белесі ретінде қабылдады. Бұл Жолдау «Жаңа, Әділетті Қазақстан» жасақтауға жасалған нық қадам болды.
Адам баласы өнім өндіруі үшін оған ең алдымен жер керек. Жері жоқ адам ешқандай бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. «Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы» деді Мемлекет басшысы. Ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты екенін айтып өтті. Мұның өзі Жаңа, Әділетті Қазақстан құрудың жарқын көрінісі деп ойлаймыз.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ,
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі.