Конференция әсерлі өтті

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00

 

«Болашақ» мектеп-гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі Бейбіт Тоқмырза және мектеп кітапханашылары Назира Калекова мен Нұргүл Омарованың ұйымдастыруымен 10 «а» сынып оқушылары қатысып, «Терең тарихтан жарқын болашаққа» атты тақырыбында ғылыми конференция өтті. Конференцияда 7 оқушы өздері іздене отырып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» туралы зерттеп, жан-жақты аша білді.

Алғаш мақаладағы «Атқа міну мәдениетіне» Арухан Тоқтақұлова өз пікірін білдірді. Арайлым Тұрғынбай «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» жайына тоқталды. «Алтын адам» сырын Бақтыгүл Қалжан ашса, аң стилі туралы Жазира Пайыз баян етті. «Түркі әлемінің бесігі» жөнінде Әсемай Нұрман, «Ұлы Жібек жолы» жайлы Аружан Стықұл, қызғалдақ пен алманың Отаны біздің Қазақстан екені жөнінде Ақерке Отарбек өз пікірлерін ортаға салды. Оқушылардың белсенділігі конференцияның әсерлі де қызықты өтуіне септігін тигізді. Мектеп-гимназия директоры Ж.Нұрқұл конференцияны қорытындылап, жоғары баға берді.

Жадыра САЙЫМҚҰЛОВА,

«Болашақ» мектеп-гимназиясының тәлімгері.

Әріптесіміз жүлдемен оралды

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00

Сүйінші!

 

   Жуырда Алматы қаласындағы «Алтын Қарғалы» шипажайы базасында ұйымдастырылған «педагогикалық идеялар фестивалі» атты байқаудың қорытынды республикалық кезеңі өз мәресіне жетті. Конкурсқа мектебіміздің педагог-психологы Орынбаева Айымгүл Тұрсынқызы өзінің «Оқу үдерісін жаңарту аясында мұғалімдермен жүргізілетін психологиялық ағарту жұмыстарының тиімділігі» тақырыбындағы авторлық жобасын ұсынып, жоғары нәтижемен оралды. Аудандық, облыстық кезеңдерде іріктеуден өтіп, қазылардың шешімімен І дәрежелі Дипломмен марапатталған ұстазымыз Республикалық конкурста да өзінің біліктілігін дәлелдей алды. Ең үздік авторлық жоба Серификатын еншілеп қайтқан педагог-психологымыз мектебіміздің рейтингін бір көтеріп тастады. Тәжірибе жүзінде жыл бойы жүзеге асырылған тың, жаңашыл идеялармен жоспарланған жоба бағалау комиссиясы тарапынан да жоғары бағаланды. Бұл конкурста еліміздің түпкір-түпкірінен келген ең үздік ұстаздар жаңалықтарымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Ару Алматының ауа-райы, Алатаудың баурайына орналасқан шипажай шығармашыл ұстаздардың шабытына шабыт қосып, алдағы жұмыстарына тың серпіліс берді.

   Фестивальдің мақаласы – педагогтардың шығармашылық өзін-өзі дамуды жүзеге асыруын және кәсіби өсуін ынталандыру, Қазақстан мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату. Онда 365 қатысушы түрлі бағыттар бойынша бақ сынады.

   Білім беру жүйесінде орын алып жатқан қарқынды өзгерістер, тың бастамалар мұғалімдеріміздің өзін-өзі жетілдіру мен кәсіби тұрғыда дамуына үлкен қозғау салуда. Осындай байқаулар педагогтардың әлеуетін арттырып, өзін-өзі дамытуына үлкен үлес қосатынына сеніміміз мол.

А.БАЛДАНБАЕВ,

«Қызылдала» жалпы орта мектебінің директоры.

 

Міндетті медициналық сақтандыру жайлы Заңында белгіленген мерзімде 2017-жылдан 1-шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өзінің жұмысын бастады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты бағыты –мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген.

Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы, азаматтар қабылдаудан бастап дәрігердің толыққанды тексерулеріне дейін және МӘМС пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез-келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе алады. Мысалы, егерде, азамат өзін-өзі қамтитын санаттағы азамат болса жылына 25 500 теңге (айына 2 125 теңге х 12 айға) жарна аударып, сырқаттанып қалған жағдайда бүгінгі таңда белгіленген 44 000 теңгеден бастап 4 500 000 астам аралығындағы көрсетіміне қарай ем қабылдауға мүмкіндігі болады.

Сол сияқты, өзіміздің үйімізге немесе жұмыс орнымызға жақын орналасқан емханаларға немесе жеке медициналық ұйымдарда медициналық көмек алуға болады.

Яғни, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде мемлекетіміздің әрбір азаматы уақытылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмекті ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызмет көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына енгізілген мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелерде алу қамтамасыз етіледі.

Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы, азаматтар қабылдаудан бастап дәрігердің толыққанды тексерулеріне және кез-келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе алады;

Міндетті медициналық сақтандыру таңдау – тұрғындардың қажеттіліктеріне жауап беретін заманауи қолжетімді медицинаға жол ашады.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады.

Медициналық сақтандыру жүйесінің аясында:

-жедел жәрдем және санитариялық авиация;

-әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі медициналық көмек;

-шұғыл жағдайлар кезіндегі медициналық көмек;

-профилактикалық екпелерден бөлек,

-амбулаториялық-емханалық көмек;

-стационарлық көмек;

-стационарды алмастыратын көмек;

-жоғары технологиялық медициналық қызметтер.

  

   Ал, енді жұмыс берушілер 2017-жылдың 1-шілдесінен жұмыскердің айлық жалақысының 1% мөлшерінде жарна төлей бастаса, жеке кәсіпкерлер және соларға теңестірілген тұлғалар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалар 2017-жылдың шілде айынан бастап   жарналар аудара бастады.

Елбасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелеріне қатысты заңдарды жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында жарна мөлшерін қысқартуға, сонымен қатар, бизнеске түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

   Осылайша, жұмыс берушілер үшін ең жоғарғы мөлшерлеме 2019-жылы жұмыскердин айлық жалақысынан 1, 5 % жарна аударады, жеке кәсіпкерлер үшін – 2020-жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі екі айлықтын 5% айына 4250 теңге, жұмысшылар 2020-жылдың 14-қаңтарынан бастап айылқ жалақының 1% жарна, халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар – 2020-жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі бір айлықтын 5% айына 2125 теңге аударады.

   Аударылған жарнасының көлеміне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілді көлемін толыққанды алатындарын, жылына аударған 25 500 теңгеге сақтандыру пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер қолжетімді.

Қалай болғанда да пациенттің таңдау құқығы шектелмейді. Ол: Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) пакетімен шектелсе де, қалтасынан қаржы шығарып жеке меншік клиникада емделем десе де, тиісті жарнаны төлеп, өткен 12 айдың қарызын өтеу арқылы МӘМС жүйесіне кірем десе де өзі шешеді.

   Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар келесідей жарналарды аударады:

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына мемлекет 2020- жылдың 1-қаңтарынан бастап 4 % жарна аударады, атап айтқанда 14 санаттағы азаматтарды келесілер жатады :

1) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

2)Үш жасқа толғанға дейінгі баланы (балаларды) іс жүзінде тәрбиелейтін, жұмыс істемейтін тұлғалар;

3) Үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы тұлғалар; 

4) балалар;

5)Алқалар және ордендермен марапатталған көп балалы аналар;

6) 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға күтім жасап отырған жұмыс істемейтін тұлғалар;

7) Мүгедектер;

8) Тіркелген жұмыссыздар;

9) Тергеу изоляторларында ұсталатын тұлғалар;

10) Сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан тұлғалар;

11) Зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде мүгедектер және Ұлы Отан соғысына қатысқандар;

12) 1 жыл ішінде жұмыс істемейтін оралмандар;

13) Білім берудің күндізгі оқыту нысанындағы оқу орындарының түлектері;

14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан тұлғалар.

Бұдан бөлек, қорға аударылған барлық сақтандыру жарнаға қатысты мәліметтер ашық түрде болатынын, сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық түрде көре алатынын, қорда жиналатын қаражаттың медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды, сондықтан қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады.

А.С.Беден,

Халықты ақпараттандыру және

өтініштерді қарау жөніндегі

бөлімінің басшысы. 

М.Сапарбекұлы,

Қазығұрт ауданы орталық ауруханасының

бас дәрігерінің орынбасары.  

Ғасыр жасаған Ана

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00

 

«Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы»,– дегендей, дүниеде ананың балаға және барша азаматқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ. Ананың аялы алақаны мен жылы құшағын сезініп өскен сәбидің арманы бар ма? Өмірге тоғыз ай тоғыз күн көтеріп нәресте әкелген ана да бақытты емес пе?

Бүгінгі кейіпкеріміз өмірдің ащысын да, тәттісін де көріп, ғасыр жасаған абыз ана – Гауһар Фаткулина.

Тау алыстаған сайын үлкейіп, оның асқақтығы мен заңғар биіктігі айқын көрінеді,–дегенді дана халқымыз қалай тауып айтқан десеңізші... арамызда жүрген қарттардың жанынан алыстаған сәтте ол кісілердің бойындағы шексіз махаббатты, шежіреге толы өткен өмірі жолын көргендей боламыз.

Сондай аяулы аналардың бірі – Фаткулина Гауһар әже. Саналы ғұмырын халқына адал еңбек етуге арнаған, ешкімді де ренжітуді білмейтін, қарапайым ғана абыз ананың өмір жолын біліп, дана сөзін есітейік деп сөзге тарттық.

– Мен, 1920-жылы 18-қазанда Башқұрстан Республикасының Таймыз деген станциясында, шаруа отбасында дүниеге келдім,– деп әже өткен өмірін күрсіне еске алып.          Ата-анамыз адалдыққа, еңбекті сүюге, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелейді. Бойжетіп, енді еңбекке араласатын кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Жастық шағымыз ауыр еңбекке ұласты. Таңның атысы, күннің батысы Отан үшін, майдан үшін еңбектендік. Ауылдағы атқаратын барлық жұмыстарға араластық. Соғыс бізді тез есейтті. Талай күндерді көз ілмей атырдық, талай күндерді бел жазбай қарсы алдық,–деді сөзін жалғай.

         Соғыстан кейінгі жылдарда да Гауһар әженің жағдайы оңала қоймапты. Отбасында күрделі жағдайлар орын алып, амалсыздықтан Ташкент қаласына қоныс аударады. Осында жүріп тұрбаттық ұлты өзбек жігітімен танысып, тұрмыс құрады. Өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп ел қатарлы жүріп жатқанда тағдыр тағы да Гауһар әженің маңдайынан сыйпай қоймады. Отағасы мен ұлынан айырылып, екі қызымен қалып қояды. Еңбекпен шыңдалып өскен ана қыздарын қатарынан кем қылмай, жоғары білім алуына өмірден өз орнын жаңылыспай табуға аналық ықыласын аямайды. Үлкен қызы Гүлайым Шәріпқызы ұстаздық мамандықты таңдап, оның үдесінен абыроймен шыққан білікті ұстаз. Райханы инженер-технолог.

         Гауһар әже Қазығұрт аудандық қоғамдық тұтынушылар Одағында қарапайым жұмысшы болып, табан аудармай 35 жыл үзіліссіз еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Осындайда Гауһар әженің жиі қайталайтын сөзін «Тауға қарап, тау бола алмайсың, алайда аласа бола жүріп, таудай еңбек етуге болады»,– деп күйеу баласы Рахымберді айтып отырды.

         Бүгінде Гауһар әже өзін өте бақытты сезінеді. Өйткені, екі қызынан 4 немере, 10 шөбере сүйіп, олардың қызығына тоймай, қарап отыр. Күйеубаласы Рахымберді өз ұлындай болып кеткен. Қашан көрсең «Абыз Анам» деп құрақ ұшып жүргені.

         Еңбек ардагері, зейнеткер Гауһар Фаткулина шаңырағының тілекшісі, немере, шөберелерінің батагөйі.

Әже әлі тың, сөзі нық, бойын тік ұстап, айтар ойын анық жеткізіп отырған абыз анаға қарап, қажыр-қайраты таймаған әр күні тарих, әр сөзі шежіре болған аналарымыз аман болсын,–деген тілекпен қоштастық.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ.

Суретте Гауһар әже шөбересі Диярмен бірге.

Ауғанның отты жалыны

Жұма, 22 Ақпан 2019 00:00

Іс-шара

 

   Жуырда «Қызылдихан» жалпы орта білім беретін мектебінде Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Оған Д.Медеуов, Г.Каюпов, С.Жандаров, Қ.Сапарбеков, А.Исмайлов, Р.Алтынбеков, Ж.Дауранов, Ә.Қосмұратовтың анасы Жиенкүл апа отбасымен қатысты. Кешке келген батыр ағаларымыз сонау отты жылдардағы, ұрыс даласындағы естеліктерімен бөлісіп, өткендері жайлы ой қозғады. Жат жерде ажал құшқан жерлестеріміздің ерліктерін айтып, жастарды еліміздің, Отанымыздың патриоты болуға шақырды. Ауған соғысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Данабай Байымбетов халқымызға «Қара майор» деген атпен танымал болған, Ауған соғысының ардагері, отставкадағы полковник Борис Керімбаев жайлы әңгімелеп берді. Қазығұрт ауданынан аттанып, сол кезде қатерге бел буып, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, Отан алдындағы антына адал болған ағаларымыз туралы мектеп директоры Н.Турекулов айтып өтті.  

     «Ауғанның отты жалыны» атты іс-шарамыздың жалғасы Ауған соғысының ардагері Әбдіжәміл Тауасұлы Қосмұратовты еске алу турниріне ұласты. Жарысқа жеке және командалық есепте аймақтағы мектеп оқушылары қатысты. Олар пневматикалық мылтық атудан, арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күресі, кермеге тартыну секілді ойын түрлерінен сайысқа түсті. Жалпы командалық есеп бойынша «Қызылдихан» жалпы білім беретін мектебінің оқушылары бірінші орыннан көріне білді. Осынау іс-шараны өткізген мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға кеш қонақтары алғыс білдіріп, жеңімпаз оқушыларға құрмет көрсетілді.

 

А.АЙТБАЕВА,

«Қызылдихан» жалпы орта білім беретін мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

АЙМАҚТЫҚ ТУРНИР ӨТКІЗІЛДІ

Жұма, 22 Ақпан 2019 00:00

 

       Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты іс-шара жоспарына сай және Елбасы Н.Назабаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында зейнеткер ұстаз Тәліпбай Қабыланов атындағы дойбы-шахматтан дәстүрлі 11-ші және Еңбек ері Әуен Ахметовтің 90 жылдығын еске алуға орай оқушылар арасында кіші футболдан аймақтық турнир өткізілді.

   Оған интернационалист жауынгер Баймахан Бекжанов арнайы шақырылды. Ол Ауған жеріндегі әскери борышын Кабул жәнеТашауыл қаласы аралығында жүк машинасымен қару-жарақтарды тасымалдаумен айналысыпты. Кеш қонақтары Б.Бекжанов, Т.Қабланов, Ә.Ахметов жайлы бейнеролик көрсетіліп, концерттік бағдарламаға ұласты.

     Ал, ойын нәтижесіне келер болсақ, шахматтан ұлдар арасында «Майбұлақ» жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушылары Жақып Нартай – І, Тұрсынбай Ғафур – ІІІ, С.Рақымов атындағы жалпы орта мектептің 8 сынып оқушысы Рахматулла Думан – ІІ, қыздар арсында «Қызылата» жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әбдікерім Гүлмира – І, «Майбұлақ» жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Жақып Сандуғаш – ІІ, 10 сынып оқушысы Шала Айжан ІІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ, 7-9 сынып оқушылары арасындағы кіші футболдан «Майбұлақ» жалпы орта мектебі – І-ІІ орын, ал С.Рақымов атындағы жалпы орта мектебі ІІІ орын алды. Жалпылама турнир қорытындысы бойынша «Майбұлақ» жалпы орта мектебі бас жүлде иегері атанды. Жеңімпаз оқушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

       Осынау шараны өткізуге атсалысқан ауыл қарияларына, ардагер ағаларға, мектеп әкімшілігі мен ұстаздарға, демеуші азаматтарға үлкен алғыс білдіргім келеді.

Медет НҰРЛЫБАЕВ,

«Майбұлақ» жалпы орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі.

 

Қарабастау ауылы – Өгем тауының баурайына, табиғаты таңғажайып, қысы жылы, жазы салқын, саф ауасымен мәшһур болған өңірге қоныс тепкен елдімекен.

   Ел азаматтарының ауылға деген жанашырлығы алабөтен, жұрт қызығарлық. «Ауылына қарап азаматын таны» дегенге саяды. Ауылда ең өзекті деген мәселелердің бәрі оңынан шешілген. Ауыз су, ағын су, табиғи газ, жалтыраған асфальтты жол сайрап жатыр.

Ауыл келбеті өзгерген. Ел бірлігі мен кәсіпкер азаматтардың қолдауымен әлеуметтік нысандар да ауылға көрік беріп тұр. Екі қабатты еңселі жаңа типтегі мектеп, фельдшерлік пункт, балабақшалар, күмбезі күнге шағылысқан мешіт ауыл ажарын аша түскендей.

Шыбық шаншысаң өнетін сулы жердің қадірін жете түсінетін қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар тыңнан жол салып, басқалар жұмыс таппай абдырап отырған кезде қарабастаулықтар ешкімнің ойына келе бермейтін жаңа кәсіптің жолын тапты. Бұрын тек, мал өсіріп, бордақылап, соның өнімдерімен нәпақа табатын ауыл тұрғындары бұрын-соңды бұл өңірде егілмеген, өсірілмеген таңқурай (малина) өсіруді жаппай қолға алып, бүгінде шаруасы шалқып, көл-көсір табысқа ие болуда. Таңқурай екпеген бірде-бір ауыл тұрғыны жоқ. Бәрі де осы өнімді өндіруге жұмыла кіріскен. Есік алдындағы жерлері бос емес. Өйткені, таңқурайға сұраныс өте жоғары. Оның үстіне таңқурайдан жылына екі рет өнімі жинайды. Өнімі де жақсы, базардағы бағасы да жоғары.

Нарық жағдайында ауыл тұрғындарының назарын еңбек етуге, еңбек ете жүріп табыстың көзін табуға бағыттай білген ауыл ардагерлері мен білікті кәсіпкерлердің еңбектері ерекше.      

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған ауқымды шараның өткізілуі неліктен Қарабастау ауылы таңдалғанына осыдан кейін көзім анық жетті. Өйткені, ауылда береке, бірлік бар, тындырымды жұмыс бар. Үлкендерді сыйлау, кішілерге ізет бар.

Бұл ғибратты шараны өткізуге бүкіл ауыл жұртты жұмыла кіріскен. Ең бірінші, ауыл тазалығына мән берген. Ал, мектеп ұжымы бұған үлкен жауапкершілікпен қараған. Мектеп директоры Гүлмира Төлешова жаста болса, білім-ағарту саласында білікті тәжірибе жинақтап, оны іс жүзінде атқара білетін жігерлі директорлдардың бірі де, бірегейі. Арнайы іс-шара түзіп, оны рет-ретімен орындап отырған.

Білім ғимаратының кіре берісіне ерлігімен бейбіт кезеңде еңбегімен ел алғысына бөленген «Батырлар бұрышын» жасап, Елшібек Батыр, Сабыр Рақымов, Қарақозы Әбдәлиев, Д.Қонаев, А.Асқаров сияқты даналар суреттері ілініп, қазақтың ұлы билерінің өсиет сөздері жазылып қойылған.

Бүгінгі күннің батырлары Әбдиров Ғалымжан Әбішұлы мен Рахматуллаев Мейрамбек Нұрділләұлының есімдері мен бейнелері «Құрмет тақтасына» жазылып, ерліктерін елге өнеге еткен.Мектеп ішінен қоныс тепкен этноауыл да шараға қатысушылардың назарын өзіне бірден аударды. Мұнда жүн түту, ұршық иіру, жүн сабау, ауылдың алты ауыз өлеңін айтып отырған әжелер де ұстаздардан ұйымдастырылған екен.

Алқалы жиынды облыстың «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев ашып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына кең көлемде түсінік жасады.

Терең зерттеліп, жан-жақты талқыланып, тиісті деректер мен дәйектерге жасалған баяндама көпшіліктің ойынан шығып, жиынға қатысушыларға жаңа ой, тың серпіліс берді.

Бекет Тұрғараев осы кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған, жасының 80-нің сеңгіріне көтерілсе де, елдің ынтымағы мен бірлігіне қызмет жасап келе жатқан Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, бүгінде зейнеткер Жамашов Рахматулла атаның бастамасын жоғары бағалап, отбасына бақ-береке, өзіне ұзақ ғұмыр тіледі.

Кезекті сөз алған Қазақстанның Құрметті журналисі, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байдулла Қонысбеков атағы алты әлемге танылған қасиетті Қазығұрт тауының кереметі мен маңыздылығы жөнінде «Қазығұрт – біздің мақтанышымыз, бүкіл адамзаттың кіндігі, оның құдіреттілігі мен киелілігін әлемге танытуымыз керек» дей отырып, бірлестіктің 20 жыл ішінде атқарған жұмысынан хабардар етті. Бірлестік атынан Рахматулла Жамашовқа «Алтын қазық» медалін төсіне тақты.

Алқалы жиынға қатысып, аталық әңгіме айтқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың ой-келелі пікірі көпке ой салды. Ардагерлердің қоғамдағы алатын орны мен міндеті, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы әрбір ардагердің еңбегі мен әрекеті, жастар тәрбиесіндегі ардагерлердің көрсетер өнегесі жөнінде толғақты мәселелерді жиынға қатысушылардың талқысына тастады.

Қарабастау ауылының бүгінгі келбеті мен онда жасалып жатқан игілікті істерді көріп ауыл, аудан ардагерлер ұйымына, ауыл тұрғындарына өзінің жақсы көзқарасын жеткізе отырып, облыстық ардагерлер алқасының шешімімен «Ел ағасы» төсбелгісін елі үшін еңбек етіп келе жатқан Рахматулла атаға табыс етті.

Жерлесіміз, облыстық кәсіподақ ұйымының жауапты қызметкері, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Барлыбай Сапаралиев бүгінгі кездесудің, оны күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің маңыздылығына тоқтала келіп, «Қарабастау» жалпы орта мектебінің бір топ ұстаздарына кәсіподақ ұйымының атынан төсбелгілер, осы мектептің директоры Гүлмира Төлешоваға ұстаздар үшін ең жоғары награда Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні табыс етті.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ,

Қарабастау ауылы.

Ауғанстан – жүректегі жара

Жұма, 22 Ақпан 2019 00:00

 

01478547

Игі істер

 

     Жуырда ғана жерлесіміз, «Қайып ата» ЖШС басшысы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген жеке кәсіпкер Сырым Ертаев өз қаржысы есебінен көпбалалы 2 отбасыға баспана салып     берді.
       Бұған дейін ата кәсіпті дамытып, Атымтай жомарттығымен, өзінің дархан пейілімен көптің алғысына, үлкендердің батасына ие болып жүрген Сырым қайырымды істері жайлы жария болғанын жөн көрмейтін азаматтардың бірі. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші азаматтық танытып, жеке қаржысына үй салып берген кәсіпкерге алтынтөбелік Гүлчехра Шілдебекова мен Гүлзада Оразбаева отбасы атынан алғыс білдіруде.

Жастар жанашырлық танытуда

     Сырым сынды ағаларының қайырымдылық жолындағы игі бастамасын "Жалында жастар" қоғамдық бірлестігінің жастары да қолдап, еріктілер тобын құрып Қазығұрт, Тұрбат елдімекендерінде демеушілік танытып, жалғастыруда. Аудандағы кәсіпкерлермен бірлесе отырып қайрымдылық акцияларын өткізіп, ауылда жағдайы төмен 100 отбасыға көмек көрсетіп, мектепке қажетті заттар алып берді. Өткен жылы 800 жуық мектеп оқушыларын ағылшын, орыс, математика пәндерінен оқытса, оқушыларымыз олимпиада да жүлделі орындар алып, жоғарғы балға ие болып жүр.

   – Қазіргі таңда біздің орталықта 6 адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылып, барлық әлеуметік салықтар төленіп отыр. «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе ардегерлеріне әр екі апта сайын барып жағдайларынан хабар алып, керекті азық-түлік, дәрі-дәрмектерін жеткізіп берудеміз, – дейді қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы С.Исманов.

БЕРЕРІ КӨП, БЕРЕКЕСІ МОЛ ШАРА

«Ерік-жігері мықты адам ғана қайы­рымды бола алады», – дейді халық тәм­сілі. Қашанда қайырымды істің басында жүретін облыстық мәслихаттың депутаты Н.Аширов пен аудандық мәслихаттың депутаттары, Қазығұрт ауыл округінің әкімдігі, нұротандықтар жылдағы жақсы үрдісімен биыл да демеушілік танытып, 30 ға жуық аз қамтамасыз етілген отбасыға азық-түлік себеттерін табыс етті.

       Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында «Әлеуметтік көмек тек оған шы­нымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады», – деп көрсеткендей,  бере­рі  көп, берекесі мол акциялар алдағы уақытта да жалғасын табарына сеніміміз мол.

Ғазиза ҚОЙЛЫБАЕВА.

Үш адамға кәсіп ашып берді

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00

«Әрекет» жобасы  

                               SAM 5582

        

         «Аналар – асыл жандар!» коғамдық бірлестігі     үнемі   игі бастамалардың басында жүреді. «Самұрық қазына» қорының «Әрекет» жобасы аясында олар   әлеуметтік кәсіпкерлігін бастады. Онда есту қабілеті өте төмен үшінші топ мүгедектеріне жұмыс беру арқылы үш адамды жұмыспен қамтыды. Шағын тігін цехын ашу арқылы мүмкіндігі шектеулі үш азаматқа тігін тігуді үйретіп, төсек қаптарын тігуді қолға алды. Тігіншілер Шынарай Болғанбекова мен Алтынай Шалабаеваның өз ісінің маманы бола бастағаны қуантады.

       Жұмыс барысында бұлардың мүмкіндігі шектеулі еместігі анық

байқалады. Олар   өз істеріне мамандана бастады. Сапалы өнім шығаруда. Дайын өнімдерді дүкендер мен аудан тұрғындарына сатуды ұйымдастырудамыз. Шағын тігін цехын өз үйімнен аштым. Біз балабақшалар мен мектеп интернаттардан, ауруханалардан тапсырыстарды қабылдап, олардың сұраныстарын қанағаттандыра аламыз. Оған мүмкіндігіміз бар. Жоба қаржысына өндірістік тігін машинасы мен маталар алдық. Біз де халыққа ақылы қызмет көрсете аламыз, – дейді коғамдық бірлестіктің төрайымы Жиенкүл Сарсен.

                                         Қ. ЖОЛДАСОВ,

Қазығұрт ауылы.