Ұстаз болғым келеді

Дүйсенбі, 23 Қазан 2017 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 454 рет

Кемеңгер Көшбасшымыздың биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», – деген-ді. Елбасының осынау мақаласын оқып отырып біз үшін үлгілі тұлға ата-анамыз бен ұлағатты ұстаздарымыз, абыз қарияларымыз деп ой түйдім. Әсіресе, білім ұясының қарлығаштары үшін ұстаз ерекше мәнге ие. Себебі, ұстаз тәлімін алмаған жан, әлемде жоқ шығар. Ұстаз бойынан табылатын жақсы қасиеттерге ие жанның бірі – Қансұлу Күзенбаева деген болар ем.


Мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезде мейірімге бөленген жүзімен қарсы алған алғашқы ұстаздың бейнесі жылдар бойы әрбір шәкірттің жүрегінде сақталуы заңдылық. Өйткені, алғаш әліппенің бетін ашқызып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге баулитын ұлы тұлға. Ұстаз әр баланың бойына білім беріп қана қоймай, адамгершілік қасиетке де баулиды. Сол үшін бойындағы бар асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Ұстаз – әлемдегі ең әдемі сөз. Бұл менің жеке ойым, менің мұғалімім мен үшін аяулы адам. Себебі, әріптерді жаттатқызып, санауды үйретті. Қансұлу Күзенбаева апайыммен өткізген төрт жылдың әрбір күндері, айлары, жылдары менің санамнан өшпейді, мәңгілік жадымда сақталады.
Біз жазба жұмысын жазғанда, ұстазым үнемі әдемі жазған оқушылардың дәптерлерін мақтап көрсетуші еді. Әрине, ол кезде қызғаншақтық болды ма, әйтеуір, аяулы мұғалімімізді бір-бірімізден қызғанушы едік, дәл солай мені де мақтасын деп, көркем, әдемі жазуға тырысатынбыз. Балаға білім үйреніп, оны тәрбиелеу оңай іс емес. Біздің де алғашқы оқытушымыз жақсы оқып, тәрбиелі болуымыз үшін бар күш-жігерін жұмсады. Бүгінгі таңда Қансұлу апай білім саласында үздіксіз тер төгіп, үлкен абыроймен зейнетке шықты.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, темір балқытқан жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім үйреніп, тәлім алған. Ол әр баланы жатсынбай жастайынан баурап, сауатын ашатын, өнеге үйретіп, тәрбие беретін, білім кемесіне отырғызып, болашаққа жол көрсететін, анаңдай әлпештеп, маңдайыңнан сипайтын ұлы тұлға. Мен, алғашқы ұстазыма тәнтімін. Келешекте ұстазымның жолын қуып, мен де мұғалім болғым келеді.

Айман АЙНАБЕК,
«Комсомол» жалпы орта мектебінің 8 «а» сынып оқушысы.