Дауыл би атындағы кабинет ашылды

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 263 рет

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағдарламаларды іске асыру жолында аймақтарда талай ілкімді істер атқарылып жатыр. Соның бірі – Қазығұрт ауданындағы «Атбұлақ» жалпы орта мектебінде белгілі жазушы, профессор Момбек Әбдәкімұлының бастамасымен жасақталған Дауыл би атындағы «өлкетану және тарих» пәніне арналған атаулы кабинет ашылды.
Облыстағы көптеген мектептерде әртүрлі пәндерге арналған атаулы кабинеттердің ашылып жатқандағы жаңалық емес. Десек те, Дауыл би атынан ашылған кабинеттің жөні бөлек болатыны, бұл кабинетте Қазығұрт аумағы мен Атбұлақ ауылы төңірегінің әлімсақтан бергі тарихын баяндайтын бірнеше арнайы жазба-кестелер ілінген. Сондай-ақ, соңғы екі-үш ғасырда осы өлкеде жасаған айтулы кісілердің өмір жолдары мен Атбұлақ маңындағы жер-су атауларының мән-мағынасын толық ашқан жазбалар да айшықты түрде берілген. «Атбұлақ» мектебі мен ауыл тарихы да өзгеше реңкті жазулармен өрнектелген. Сонымен бірге он тоғызыншы ғасырдың ортасында Қоқан хандығының басқыншыларымен арпалысқа түсіп, тұтас бір рулы елді Шыршық өзені бойынан Қазығұрт етегіне көшіріп, әкеліп орнықтырған Дауыл бидің қол басқарған көсемдігімен сөз бастаған шешендігі жайындағы мәліметтер арнайы екі кестеге жазылған. Бұлардан басқа Дауыл бидің кейінгі кезеңдердегі аттары шыққан ұрпақтары мен талантты өрендерінің суреттері, жазған шығармалары тұтастай бір қабырғаға жапсырылған. Осының барлығы бұл кабинеттің өлкетану сабағына сай етіп жасақталғанын айшықтап тұр.
Ең бастысы, бұл кабинеттегі көрнекі құралдар ретінде ілінген деректі жазбаларды Елбасы мақаласындағы туған жер тарихына қатысты айтылған ойларды жанды түрде іске асырып тұрған нақты жұмыстар деп бағалауға болады.
Әрі мұндағы көрнекі жазбалар жас өскіннің өз өлкесінің тарихын жете білуіне көп көмек көрсетіп, туған жерге деген махаббатын барынша оятатыны кәміл.

«Қазығұрт – ақпарат»