Ұстаз деген – жарық күні ғаламның!

Жұма, 14 Желтоқсан 2018 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 155 рет

Ұстазға тағзым

02ea691d-4bda-4a3a-9b02-5289886185cc

Жуырда Елшібек батыр атындағы мектеп-лицейінде ұлағатты ұстаз Бекбауова Жанат Ермекбайқызының құрметіне «Ұстаздың ұлағаты мәңгілік» атты еске алу кеші өтті. Кешке Жаңабазар ауыл округінің әкімі Асқар Ақжолов, Жаңабазар ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тәңірберген Құралбаев және зейнеткер ұстаздар мен әріптестері, бауырлары мен шәкірттері қатысты.

   – Ұстаз ұлағатты есім. Себебі, өз ғұмырын өзгеге арнайтын бұл жандардың алдында хан да, қараша да, ғалым да, дарын да басын иеді. Ұстаз шәкірттеріне өмірлік азық болар тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік тұрғыда бағыт-бағдар береді. Осындай жанның бірі – Жанат Бекбауова. Жақсы адамның ісі қашан да елге ұлағат, ұрпаққа өнеге. Жанат Ермекбайқызының өнегеге толы өмірлік жолын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру – біздің парызымыз, – деді мектеп директоры Қайрат Анашев.

Мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерін ұясынан түлетіп ұшырған Жанат апайымыз 40 жыл бойы тынбастан еңбек етіп, үлкен-кішіге, әріптестеріне үлгі болған ардақты жан. Ол шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ бола білген аяулы ұстаз. Бүгінде өзі дәріс берген сынып Жанат Ермекбайқызының атымен аталады. Аталмыш кабинетке ұл-қыздары демеушілік жасап, сол кабинетті күрделі жөндеуден өткізіп, сигнализация, жарықтандыру, тақта, 150 парта, 30 орындық, 2 шкаф, киім ілгіш, мұғалім партасы мен орындығы, бастауыш сыныбына арналған көрнекі құрал-жабдықтар берді.

   Кеште сөз алған өзге қонақтар Жанат Ермекбайқызын тебіреніспен еске алып, кейінгі ұрпаққа берері мол тағылымды шараны өткізген мектеп ұжымына ризашылықтарын білдірді.

Гүлжамал БЕЙСЕНБАЕВА,

Елшібек батыр атындағы

мектеп-лицей директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.