Өзін-өзі тану – адамгершілік пен ізгілікке бастар жол

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 392 рет

 

Қоғам өзгерген сайын заман талабына білім беруде де түрлі өзгерістер енгізілуде. Бүгінгі мұғалімнің міндеті – рухани жан дүниесі бай, дүниетанымы кең жеке тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатта қазіргі мектепте оқытылатын «Өзін – өзі тану» пәнінің маңызы ерекше. «Өзін-өзі тану» пәні әрбір оқушыны адал болуға, айналаны жақсы көруге, өзіндік «менін» қалыптасыруға, өмірде өз орнын табуға, өз мүмкіндіктерін анықтауға, өмірді сүюге, алға ұмтылуға, ешкімге еліктемей өзін таба білуге үйретеді. Сонымен қатар осы пән арқылы оқушы бойына мейіріммен рақымшылдықтың, адамгершіліктің, әділдіктің, шынайылықтың дәнін себуге болады. Болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарымен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, шынайы мейірімділікпен ақиқатқа ұмтылуға өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.

«Өзін-өзін тану» сабағының құрылымы басқа пәндерден ерекше. «Шаттық шеңбері», «Өзім-мен-өзім», «Жүректен жүрекке», « Сахналау», «Тыныштық сәті» т.б. әдіс-тәсілдерді қолдана отырып оқушыны өзін еркін ұстауға, жақсылыққа баулуға болады. «Өзін-өзі тану» пәні тек балаларды ғана емес барша ересек адамдарды да тәрбиелейтін жоба деп білемін. Себебі, осы пәнді оқыта отыра өзімнің де өмірге деген көз қарасым өзгергенін байқадым. Біз шәкірттерімізді өмірде қателеспеуге, тура жолмен жүруге бағыттаймыз. Ал, сол үлкендердің өзі тура, дұрыс жолмен жүре ме? Ешқашан қателеспей ме? Жоқ, адам болған соң жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Сондықтан, кейде өзіміз балаға жақсы не жаманды ажырата білуді үйрете тұрып, өзіміз дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата алмай жатамыз. «Өзін өзі тану» сабағы оқу үрдісіне енгізілгелі мен осы пәннен оқушыларға сабақ беріп келемін. Осы үш жылдың ішінде мен өзімде оқушылармен біріге рухани жағынан өскендеймін. Баланы шығармашылыққа үйрете отырып, өзімнің де күнделікті көріп жүрген нәрселерімді басқа қырынанда көре білуді үйрендім. Табиғаттағы құбылыстармен адамдардың өміріндегі нәрселерге жаңа қырынан қарап үйрендім. Балалармен бірге өзім де тәрбиеленгендеймін. Әр сыныпта жаңа тақырыпты өткенде балалармен бірге риясыз балалар әлеміне саяхаттап кеткендей сезінемін.
Оқушылардың «Өзін-өзі тану» пәніне деген құштарлығын, шынайылығын көріп қуанып қаламын. Әр бала өзінше бір әлем, бір жұмбақ. Осы әрбір жұмбақ әлемін білуге баланы талпындыру үшін шығармашылығыңды әр дайым шыңдап отыруың керек. Ал, ол өзін шығармашылық тұрғыдан дамыта білетін мұғалімнің қолынан ғана келеді. Шәкірттердің көзінен пәнге деген қызығушылығын, бір-біріне тілек айтқандағы шынайылығын көргенде шабытыңа – шабыт, күшіңе-күш қосылғандай боласың. «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімді шығармашылыққа өмірді шексіз сүюге, дүние танымын қалыптастыруға, рухани әлемін байыта түсуге көмектеседі. Сол себептен де «Өзін-өзі тану» пәнін – махаббат пен шығармашылық педагогикасы деуге әбден лайық.

Мен, осы пәнді жүргізгенннен бастап әр оқушының жанын түсіне білдім және әр кез адамның мінезіндегі кемшіліктерге кешіріммен қарайтын болдым, «Өзін-өзі тану» пәні балалармен бірге мені де әрбір арайлап атқан таңды қуанышпен қарсы алуға, адамға бір-ақ рет берілетін өмірді мәнді де сәнді етіп өткізуге үйретті десем болады. Пән мұғалімі ретінде бұл пәннің қазіргі заманда баланың жаны мен оның нағыз адам, азамат болып өсуіне берері мол екенін білдім. Осы пән болашақта жеке тұлғаның адам болып қалыптасуына зор ықпал етеді деген үміттемін.

Қалима ЖЕТПІСОВА,

«Алтынтөбе» жалпы орта білім беретін мектебінің

«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі.